Құрбан айт — ұлық мереке

Қарғалы ауданының тұрғындары қасиетті Құрбан айт мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті.
Ұлық мерекені ұлықтаған аудан жұртшылығы алдымен «Ас-Самиғ» мешітіне жиналып, таңғы айт намазына қатысып, мерекелік іс-шараның куәсі болды. Мешіттің бас имамы жамағатқа айт мерекесінің мән-маңызын тереңінен түсіндіріп, жұртшылыққа тағылымды уағызын айтты. Таңғы намаздан соң жамағат бір-бірімен амандық-саулық сұрасып, мереке басталды.
Жамағатты құттықтаған мешіттің бас имамы Нұрлан Қырықбаев көпшілікке ізгі тілектерін білдіріп, мерекелік шара ұлттық спорттық сайыстармен жалғасты. Ауылдың жалынды жастары мен жігерлі азаматтары қазақша күрес, қол күрес және гір көтеру сынды спорт түрлерінен сынға түсті.
Нәтижесінде қазақша күрес бойынша Нұрлан Мейрамбаев жеңімпаз атанса, Польтер Ильяр 2-орынды еншіледі. Қаһарман Тасболат 3-орынға қол жеткізді. Қол күрестен 1-орынды Ақжол Қарақұлов, 2-орынды Умиджан Абдукаримов алды, ал гір көтеруден 1-орын — Сұлтанбек Жолдасовқа, 2-орын — Ердәулет Пахриденовке, 3-орын Ақжол Қарақұловқа бұйырды.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және мерекелік сый-сияпаттармен марапатталды. Мешіт алдында өткен бұл рухани-мәдени шараға қатысқан жұртшылық ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.
Айтулы мереке ауданның басқа да ауыл-аймақтарында да кең көлемде аталып өтіліп, игі істермен толықты. Қайырымды азаматтар тарапынан 15 ірі қара мен 37 ұсақ мал құрбандыққа шалынды. Құрбандық еті көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты қарияларға таратылып, жалпы 155 отбасына көмек көрсетілді.
Үш күнге жалғасқан Құрбан айт мерекесі аудан тұрғындарының жадында жылылықпен сақталары сөзсіз.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қарғалы ауданы.