12 мектеп пайдалануға беріледі

Келешек мектептері
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы бастамашы болған «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі қаралды.
Жобаның мақсаты—заманауи, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын қалыптастыру, үш ауысымды оқытуды жою және қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту.
«Samruk Kazyna Construction» АҚ аймақтық директоры Азамат Агелеуовтің айтуынша, биыл 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа мектептер Алтын Орда және Есет батыр шағын аудандарында, Саяжай-1, Бауырластар-3, Жаңақоныс-2 тұрғын алаптарында және облыстың бірнеше ауданында салынып жатыр.
Өңір басшысы білім беру нысандарына инженерлік инфрақұрылым тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Қазіргі таңда жеті мектепке желілер толығымен тартылған, төрт нысанда жұмыстар жалғасуда, бір мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Мәліметтерді тыңдаған облыс әкімі мердігерлер мен тиісті қызметтерге құрылыс қарқынын үдетіп, барлық жұмысты мерзімінде аяқтау үшін жұмысшылар қатарын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ мектептерге кіре беріс жолдар салу, оқу орындарының маңында автотұрақтар ұйымдастыру және жауын-шашыннан жиналған суды ағызу жүйелерін жасақтау қажеттігін ескертті.
— «Келешек мектептері» жобасын жүзеге асыру—өңірдегі білім беруді дамытудың басым бағыты. Балалардың сапалы әрі жайлы жағдайда білім алуы—жарқын болашақ кепілі, —деді өңір басшысы.
Өз тілшіміз.