Қайырымдылық мерекесі

Құрбан айт
Құрбан айт мерекесі кезінде Ақтөбе өңірінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбайқажы Тағанұлының бастамасымен «Qurban — 2025» атты кең ауқымды қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы өкілдігінде Құрбан айттың үш күнінде 56 ірі қара, 703 қой және 6 ешкі құрбандыққа шалынды. Осы құрбандық еттері әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардан құралған 2 418 отбасы мен 9 мекемеге үлестірілді. Барлығы 30 тоннаға жуық ет таратылды.
Биыл да құрбан шалу үрдісі дәстүрлі (офлайн) және онлайн форматта ұйымдастырылып, Qurban.muftyat.kz сайты арқылы жүзеге асты.
Айт күндері таратылған ет көлеміне тоқталайық: бірінші күні 35 ірі қара, 523 қой шалынды. 1 524 отбасы мен 5 мекемеге 21 тонна 409 келі ет таратылды.
Екінші күні 7 ірі қара, 138 қой құрбандыққа шалынып, 479 отбасы мен 3 мекемеге 4 тонна 934 келі ет берілді.Үшінші күні 14 ірі қара, 42 қой және 6 ешкі шалынып, 415 отбасы мен 1 мекемеге 3 тонна 268 келі ет үлестірілді.
Құрбандықтар Ақтөбе қаласындағы төрт арнайы бекітілген орында шалынып, тұрғындарға арнайы жеткізу қызметі арқылы табысталды. Олар:
«Есік» ЖШС (Мал базары), «Айбек» СПК (41-разъезд), «Қасымов и К» ЖК (Жаңақоныс), «Дала ел» ЖШС (Алматы ауданы).
Құрбандық етін алған азаматтар акцияға қолдау көрсеткен жергілікті билікке, облыс, қала және аудан мешіттеріне, жомарт азаматтар мен еріктілерге ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Ақтолқын ТАЖИКОВА.