Тағзым

Батыр мұражайы — тәрбие-тағылым орталығы

Мәлік — 110

Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толуы қарсаңында Ақтөбе қаласындағы батыр атындағы мектепте оған арналған мұражай қайта жаңғыртылды. Бұл мұражай Көкшетау қаласында орналасқан Мәлік Ғабдуллин атындағы музей мен меморандум негізінде 2022 жылы ашылған болатын. Енді батырдың ерен ерлігі мен өмір жолына қатысты тарихи деректермен, мектеп тарихынан сыр шертер сәттермен қайта толықтырылды.

Мұражайдағы «Өшпес ерлік — өлмес мұра», «Майдандағы мәңгілік ерлік», «Ғылым мен сөздің биігін бағындырған тұлға», «Батыр болмысы — ғалым мұрасы» бөлімдері Мәлік Ғабдуллиннің ел қорғаудағы ерлік жолдарын, бейбіт күндегі еңбектері мен шығармалары, ол туралы естеліктерді қамтиды. Сондай-ақ мұнда ғалымның қанатты сөздері, ғылыми атақ-дәрежелері, марапаттары да келушілер назарына ұсынылады.
Осындағы мектеп бұрышында жасақталған «Ұстаздар ізі — ұрпаққа өнеге», «Білім ордасындағы жарқын сәттер», «Бүгінгі күн — ертеңгі тарих», «Жетістікке жеткен мектеп мақтаныштары» деп аталатын бөлімдерде мектептің тарихынан сыр шертетін құнды құжаттар, фотосуреттер, марапаттар және мектептің үздік түлектерінің фотосуреттері қойылған.
Мұражай тек өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты оятуға, мектеп тарихын құрметтеуге және тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл орын — өскелең ұрпақ үшін тәрбие мен танымның алтын ордасы болмақ.
Мектебіміздің ұжымы мен оқушылары алдағы уақытта мұражай қорын толықтырып, оны дамытып отыруды мақсат етіп отыр. Мұндай бастама білім мен тәрбие саласындағы маңызды қадамдардың бірі болары сөзсіз.

Дабылбек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
М.Ғабдуллин атындағы №70 жалпы білім беретін орта мектептің директоры.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button