Тұрғын үймен қамту: жаңа заң — жаңа талаптар

Өткен жылы қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдаудың тиімді тетіктерін енгізу арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруды мақсат еткен құжатта «Отбасы банкі» базасында азаматтарды тіркеу және тұрғын үй бөлу мәселелерімен айналысатын орталықтандырылған Даму және қолдау институты құрылатыны айтылған-ды. Бұл өзгерістерге сай, жеңілдетілген ипотека, тұрғын үй кезегіне тұру, баспанаға мұқтаж жандарға қосымша кепілдіктер беру секілді мәселелер қаралды. Заңда «Отбасы банкіндегі» бұл инновациялар алты ай өткеннен кейін толық жұмыс істей бастайтыны да жазылған.
Міне, алты ай өтті. Тұрғын үй саясатындағы өзгерістерді түсіндіру мақсатында «Отбасы банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалына барған едік. Біздің сұрақтарымызға филиал директорының орынбасарлары Ертай Жидебаев пен Жанар Жанбауова жауап берді.
Енді кезекке «Отбасы банк» арқылы тұрамыз
- Жаңа заңға сәйкес, 24 мамырдан бастап еліміздің 18 жасқа толған әр азаматы тұрғын үй кезегіне бұрынғыдай тек жергілікті әкімдік арқылы емес, «Отбасы банк» арқылы тұра алатыны хабарланған болатын. Осы өзгеріс туралы толығырақ айтсаңыз?
- Иә, бұрын баспанаға мұқтаж ел тұрғындары әр облыстың әкімдігінде тұрғын үй кезегіне тұратын болса, қазір барлығы орталықтандырылған бір электронды платформа арқылы жүргізіледі. Бұл кездесуі мүмкін адами факторларға жол бермей, кезекті әділ жүргізуге мүмкіндік береді.
Осы ретте бұрын кезекке тұрған облыс тұрғындарына ең алдымен баспанаға мұқтаж азаматтар кезегінде өздерінің бар-жоғын тексеруді ұсынамыз. Себебі кейде кезекті жаңарту кезінде адами факторлар әсерінен кейбір азаматтардың кезегі өшіріліп қалуы мүмкін. Жаңадан құрылған бірыңғай электронды бағдарлама осындай қателіктерді болдырмайды. Осы қызметті үйлестіру үшін «Отбасы банкте» арнайы департамент құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Қысқасы, бұдан былай бұрынғыдай тек белгілі бір санаттағы адамдар ғана емес, басында баспанасы жоқ және соңғы бес жыл мерзімде ел аумағында атына баспана тіркелмеген немесе жалғыз тұрғын үй заңнамада көзделген тәртіппен апатты деп танылған әрбір 18 жасқа толған ел азаматы баспана кезегіне тұра алады. Ол үшін банк тарапынан жасақталған «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жаңа ақпараттық жүйе арқылы orken.otbasybank.kz порталына электронды цифрлық қолтаңбамен тіркелу керек.
Өтінім берген кезде жүйе автоматты түрде өтініш берушіні мүлкінің бар-жоғын, отбасылық жағдайын, әлеуметтік мәртебесін, отбасы табысын автоматты түрде анықтап, цифрлық портретін жасайды,бұл банкке алдағы уақытта мемлекеттік қолдаудың ең тиімді шараларын жеке ұсынып отыруға мүмкіндік береді. Тіркеуге өтінім беру бір жұмыс күні ішінде қаралады, егер тұрғын үйдің апатты жағдайын растайтын құжаттар ұсынса,үш жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралады. Өтінім берген кезде әрбір отбасы мүшесіне 1414нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі, онда жеке деректерді өңдеуге келісімді растау қажет болады.
- 18 жастағы адамның ата-анасының үйі болса, ол кезекке тұра ала ма?
- Иә, ата-анасының, бауырларының үйі болғанына қарамастан, егер өз атында үйі жоқ болса, кезекке тұру құқығы бар. Ал отбасын құрған болса және ерлі-зайыптылардың бірінің атында үйі болса, онда кезекке тұра алмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, өтініш беруші соңғы бес жылда үйі атында баспана тіркелмеген, жалғыз үйі апатты деп танылған, мемлекеттік тұрғын үйде немесе әкімдік жалға берген пәтерде тұрмайтын, бұрын мемлекеттік тұрғын үй алып, оны жекешелендірмеген, мемлекеттік қолдаумен (мысалы, жеңілдетілген ипотека арқылы) баспана сатып алмаған болуы керек.
- Кезекке тұру тәртібі қалай ұйымдастырылады? Баспана алар кезде қандай критерийлерге басымдық беріледі?
- Кезеккебіріншітұрғандарғабасымдықберіледі. Мысалы, егерсізменіңалдымдабіркүнбұрынтіркелгенболсаңыз, сіздіңқұқығыңызжоғарыболыпсаналады. Бір жыл ішінде берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы тұрғын үй мәселесін шешуге бірінші кезекте құқығы бар азаматтар санаттарына бөлінетін болады. Олар — Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының және басқа мемлекеттер аумағында жауынгерлік іс-қимылдар жүргізген ардагерлерге теңестірілген ардагерлер; жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар; мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар; жесір әйелдер мен ерлер.
Қалған 30 пайызы басқа санаттағы азаматтар арасында бөлінеді. Басты іріктеу критерийлері — кезекке тұрған күн мен жылы.
Азаматтарды қолдау үшін жергілікті әкімдіктер тұрғын үй сертификаттарын ұсынады, бұл —азаматтарға ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін берілетін төлемдер.
Сонымен бірге мемлекет бүгінде кірісі төмен азаматтарға арендалық пәтер үшін арнайы субсидия бөліп отыр, яғни жалдау құнының елу пайызы мемлекет есебінен төленеді, қалған елу пайызы тұрғынның өзіне жүктеледі. Мұндай көмекті 1 және 2- топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар ала алады. Ақтөбе облысында осы бағдарлама бойынша үш жыл ішінде 351 мың адам тұрғын үй көмегін алды. Бұл адамдар пәтерді жалға алады, оның жартысын мемлекет төлейді. Мұндай көмек алуы үшін үміткер «Отбасы банк» клиенті болуға тиіс, яғни депозиті болуы керек.
БІР ЖЫЛДА — БІР МИЛЛИОН ШАРШЫ МЕТР БАСПАНА!
Облыста тұрғын үй құрылысы жүйелі жүргізіліп келеді. Облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланған. Бұл 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,7пайызға артық. Бұл туралы жақында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев айтқан-ды. Жалпы, жоспар бойынша биыл қаңтар-сәуір айларында 235,0 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген болатын. Алайда жоспар артығымен орындалып, 242,7 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды.
-
Ақтөбе қаласында несиелік тұрғын үйлер бойынша құрылысы 2023 жылы басталған 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл дегеніміз — жалпы ауданы 107,2 мың шаршы метр болатын 1448 пәтер. Бұл жобаларға 2023-2024 жылдар аралығында мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінген.
-
Жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлер бойынша биыл облыста құрылысы ұзаққа созылған 4 жоба Есет батыр — 27 үй, Жаңақоныс — 140 пәтерлі жатақхана, Алға ауданында — 60 пәтерлі үй, Ойыл ауданында — 8 пәтерлі үй) іске асырылып жатыр. Құрылыс толық аяқталғанда 351 отбасы баспаналы болады (жалпы ауданы — 20,4 мың шаршы метр). Бұл жобаларға облыстық бюджеттен 3,0 млрд теңге қаржы бөлінді.
-
Халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр өңірде осы санаттағы тұрғындар үшін «Самұрық-Қазына» АҚ қаржысы есебінен 13,2 млрд теңгеге 872 пәтер сатып алынды. Сонымен қатар бұл бағыт бойынша биыл республикалық бюджет есебінен 3,4 млрд теңгеге 253 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Ешкімге тегін үй берілмейді
- Адамдардың барлық санатын тұрғын үйге кезекке қою мүмкіндігі кезекте тұратын адамдар санын күрт арттырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін күрделендіре түспей ме?
- Тұрғын үй кезегіндегі адам саны күрт артатыны белгілі. Бірақ орта есеппен бір адамға баспаналы болу үшін шамамен он жылдай қажет болады деп есептейік. Бұл мерзімді қысқарту үшін әр адам ертерек кезекке тұрып, өз бетімен қаржы жинап, арнайы жинақ шоттарын ашып, қаржы жинап, әрекет етуі керек. Бұрынғыдай мемлекеттен тегін үй берілмейтінін ескеру керек. Дегенмен әр адамның табысы әртүрлі, мүмкіндіктері де бірдей емес. Сондықтан кезекке тұрған адамға қандай да бір жеңілдік беретін бағдарламаға қатысу мүмкіндігі болса, онда ол мемлекеттік қолдау ала алады. Мәселен, 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан жеңілдікпен несие берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы отбасы, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы секілді төрт санаттағы адамдар қатыса алады. Бүгінде бұл бағдарлама «2-10-20» бағдарламасы деп аталады. Яғни бастапқы жарна — үй құнының 10 пайызын төлеген жағдайда несие жылдық 2 пайызбен, жиырма жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Сонымен бірге «Шаңырақ» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша жеңілдетілген несиемен баспана алуға болады. «Шаңырақ» бағдарламасына кезекте тұрған барлық санаттағы азаматтар баспана ала алады. Бұл ретте несие жылдық 5 пайызбен жиырма жылға беріледі, бастапқы жарна — 10 пайыз.
«Отбасы банк» салымшыларына арналған «Наурыз» бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтарға несие жылдық 7 пайызбен, қалған азаматтарға 9 пайызбен беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін салымшының шотында кемінде 2 миллион теңге болуы қажет және тек осы шарт орындалған жағдайда ғана өтініш беруге болады. Өтініш бергеннен кейін конкурстың жауабын күтесіз, егер конкурстан өткен болсаңыз, алатын үйіңіздің бағасының 10 немесе 20 пайызын депозитке салу қажет болады. Таза әрленген пәтер болса — 10 пайызын, жартылай және тазаәрленбеген пәтер болса, 20 пайыз бастапқы жарна болуы керек. Екінші нарықтан тек аудандардан ғана ала аласыз, бастапқы жарна — 20 пайыз. «Наурыз» бағдарламасы бойынша үйді тек құрылыс компанияларынанғана ала аласыз, яғни әкімдік салып жатқан үйлерден ала алмайсыз. Ақтөбе облысында бүгінде бұл бағдарламаға 24 құрылыс компаниясы қатысып отыр, жыл соңына дейін бұл тізімге тағы 5компания қосылмақ.
Бағалау көрсеткіші — жинақ сомасына және жинақтау мерзіміне байланысты. Мысалы, 10 жыл бойы тұрақты жинақтаған адам жоғары балға ие болады, ал соңғы бірнеше айда салғандар төмен көрсеткішке ие болады.
«Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары аясында облыста әкімдік тарапынан Есет батыр ауылында салынып жатқан үйлерден баспана алу мүмкіндігі бар. Былтыр 216 пәтер берілген болса, оның 144-і — «Бақытты отбасы», 72-сі «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша берілді. Қазіргі уақытта сегіз үй салынып жатыр. Ал «Наурыз» бағдарламасы аясында былтыр 526 ақтөбелік жалпы сомасы 9 миллиард теңгеден астам қаржыға пәтер сатып алды. Биыл «Наурыз» бойынша өтінім қабылдау наурыз айында басталған болатын, бүгінде баспана алуға үміткер 120 адам төлем қабілетін растады, олар алты айдың ішінде пәтер таңдап, несие рәсімдей алады. Облыста құны 30 миллион теңгеге дейінгі баспана сатып алуға мүмкіндік бар. Жалпы, бағдарлама 2031 жылға дейін жоспарланған.
- Әкімдіктегі баспанаға мұқтаж азаматтар кезегі «Отбасы банк» базасына өте ме? Ол қалай жүргізіліп жатыр?
- Иә, барлық кезек орталықтандырылған бір электронды базада болады. Бұрын әкімдік жылына тек бір рет түгендеу (инвентаризация) жүргізетін болса, жаңа жүйе бойынша әр тоқсан сайын тексерілетін болады. Баспана алған адамдар базада бірден көрініп, ол кезектен шығарылатын болады. Тағы бір мәселе — егер бұрын кезекте тұрған адам қайтыс болса, оның кезегі балаларына, мұрагерлеріне берілетін, ендігі жерде мұндай жағдай болса, кезегі тізімнен алынып тасталады, яғни мұрагеріне берілмейді.
Облыста тұрғын үй бағасы арзан
- Тұрғындар құрылыс компаниясынан үй алғаннан кейін ол үйдің сапасы нашар болса,«Отбасы банк» тарапынан қандай да бір көмек бола ма? Сонымен бірге үлестік құрылысқа қатысқанда туындайтын тәуекелдерге байланысты қандай кеңес бере аласыз?
- Жоқ, «Отбасы банк» құрылыстың сапасына жауап бермейді. Үміткерге пәтерді таңдауға алты ай уақыт беріледі, осы уақыт аралығында құрылыс компанияларына барып, өзі алатын пәтерін қарап алуы керек, яғни банк тек несие беру мәселесін, яғни төлем қабілетін тексереді, ал пәтердің сапасы, орналасуы және құжаттары туралы мәселелерді сатып алушы мен құрылыс компаниясы өздері шешеді.
Тұрғындардың үлестік құрылысқа қатысуы әр адамның өз еркі, оған банктің қатысы жоқ. Дегенмен бізден бір кеңес: үлестік құрылысқа қатысу кезінде құрылыс компаниясының құжаттарын мұқият қарап, оның «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» тізімінде бар-жоғын тексеріп алған дұрыс болады. «Отбасы банк»құрылысы бітпеген үйлерден баспана алуға несие бермейді, тек дайын, техникалық құжаты бар үйлерді алуға ғана несие беріледі.
- Ақтөбе облысында үй алудың қазіргі жағдайы қандай? Бағасы, несие шарттары және аймақтық ерекшеліктер туралы айтсаңыз?
- Ең басты ерекшелік — облысымызда үй бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Мәселен, біздің өңірдегі алғашқы нарықтағы баспаналардың бір шаршы метрінің бағасы — 280 мың теңгенің шамасында. Салыстырар болсақ, ірі қалаларды айтпағанда, іргеміздегі Орал қаласында баға бізден қымбаттау. Демек, алдағы уақытта үй бағасы қымбаттамаса, арзандайды деп айта алмаймын. Бүгінде облыс тұрғындары арасында тұрғын үй сатып алуға деген сұраныс жоғары, соның ішінде екінші нарықтағы үйлерге деген қызығушылық та өсіп келеді.
Сонымен бірге облыста жастарға арналған «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Былтыр облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» облыстық филиалының тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен өңірлік «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 50-ге жуық отбасы пәтер кілтін алды. Оғаноблыстықбюджеттен 500 миллион теңге «Отбасыбанктен» 500 миллион теңгебөлінді. Өңіржастарыныңбаспаналыболуынамүмкіндікбергенжобабиыл да жалғасып жатыр. 2022 жылы облыс жастары — 42, 2023 жылы 67 баспана кілтін алды. Бұл бағытта бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Мәселен, 2022 жылы қарастырылған 600 миллион теңгенің 300 миллионын — әкімдік, 300 миллионын банк төлесе, былтыр 1 миллиард теңге бөлінді. Биылғы қаржы көлемі әзірге белгісіз. Бағдарламаға облыстағы белгілі бір салада еңбек ететін, жұмыс өтілі кемінде 6 ай болған 18-34 жастағы жастар қатысады. Биылғы өзгеріс — жастар облыстың кез келген жерінен емес, өздері жұмыс істейтен елді мекен аумағынан ғана үй ала алады. Несие жылдық 6 пайызбен 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна — кемінде 10 пайыз. Үміткер құны 16 миллион теңгеге дейінгі үйлерді ала алады, егер үй құны одан асып кетсе, сатып алушы қалған айырмашылықты өз қаржысы есебінен төлей алады.
- Жоғарыда айтылған азаматтардың ешбір санатына кірмейтін, баспанаға мұқтаж ретінде кезекке тұра алмайтын, атында пәтері бар, бірақ тағы бір баспана алғысы келетін, банкте жинақ шоты бар адамдар қандай бағдарламаға қатыса алады?
- «Отбасы банктің»басқа бағдарламалары, мысалы, «Өз үйім», «Ұмай», тағы басқа да бағдарламалар бойынша тиімді шарттармен үй алуға мүмкіндік бар. Бұл бағдарламалар туралы толық ақпаратты банктің ресми сайтынан оқып, қарауға болады. Ең бастысы,банктен жинақ шотын ашып, мүмкіндігінше қаржы жинай беру керек. Үйді бірден сатып алғаннан гөрі, қаржы жинап, мемлекеттің сыйақысын алып, жеңілдетілген несие рәсімдеп алған дұрыс.
Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.