Тағзым

Кеңқияқтағы құрмет: Белгілі мұнайшы Жеңіс Сейітпағамбетовке ескерткіш тақта орнатылды

«Кеңқияқмұнай» мұнайгаз өндіру басқармасының кеңсесінде өткен салтанатты іс-шара ерекше үлкен мәнге және мағыналы мазмұнға толы болды. Темір ауданының жұртшылығы мен атқарушы билік өкілдері, Кеңқияқ кентінің тұрғындары, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ еңбек ұжымының мүшелері, үлкенді-кішілі ел тұрғындары қоғам қайраткері, ғалым, мұнай-газ өнеркәсібінің білікті басқарушысы, кәсіби маман Жеңіс Сейітпағамбетовке ескерткіш тақта ашылуы рәсімінде бас қосты. Бұл жиынға аты аңызға айналған Ақтөбе мұнайшысының отбасы мүшелері де қатысты.

Өңірдің мұнай-газ саласының ардагеріне ескерткіш тақтаны орналастыру туралы шешімді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы белсенділер тобының бастамасы негізінде қабылдады. Ежелгі Кеңқияқ жері өмірінің барлық кезеңінде Жеңіс Сейітпағамбетұлына әрқашан ерекше күш бергендіктен, мемориалды белгінің орны дәл Кеңқияқ ауылы болды.

Ескерткіш тақта «Кеңқияқмұнай» мұнайгаз өндіру басқармасы офисінің холында орналастырылды. Оның ашылу салтанатына Жеңіс Сейітпағамбетовтің кәсіби біліктілігіне тәнті болған және адамгершілік абзал қасиеттерін ерекше жоғары бағалайтын ауылдастары көптеп жиналды.

Қара алтынды өндірген

Жиында сөз алғандар, оның ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Ли Шуфэн да бар, мұнайгаз өндіру саласында ерекше құлшыныспен және жігерлі еңбек еткен осы бір тамаша адам туралы, оның жасампаз қызметі жөнінде көптеген жылы сөздерін ортаға салды.

Жеңіс Сейітпағамбетұлының есімі қазақстандық мұнайшылар мен геологтардың бірнеше буын өкілдеріне және облыстың көптеген тұрғындарына жақсы таныс. Ол жөнінде жерлестері сергек көңілді, ізгі жүректі жан, білікті де білімді, талапшыл маман, байыпты басшы деген бағаларын айтып жатты. Ол Байғанин және Темір аудандарының құрметті азаматы атағының иегері еді…

2023 жылдың мамыр айында дүниеден өткен елеулі ел азаматының жарқын бейнесі әлі де жерлестерінің жадында.

ЖеңісСейітпағамбетов 1945 жылдың 9 қыркүйегінде Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында дүниеге келді. 1964 жылы Жарқамыс орта мектебінің он бірінші класын бітіріп, еңбекке араласты. Алматы қаласындағы В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын мұнай кен орындарын игерудің технологиясы мен кешенді механикаландыру мамандығын 1970 жылы тәмамдаған жас маман қолына диплом алған соң туған өлкеге оралды. Оны «Кеңқияқмұнай» мұнайгаз өндіру басқармасына мұнай өндіру жөніндегі оператор етіп қабылдаған басшылық бір жағы сенім артқанымен, екінші жағынан сын көзбен де қарады. Алайда жас жігіт алғашқы күннен-ақ іске тиянақтылығымен, тапсырылған шаруаны жауапкершілікпен атқаруымен көзге түсті.

1981 жылы «Кеңқияқмұнай» басқармасы сол кезде жаңадан құрылған «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігінің құрылымына енгізілді.

Жеңіс Сейітпағамбетовтің бұдан кейінгі барлық еңбек жолы Ақтөбе облысындағы мұнайгаз өндіретін жетекші компанияның өсу, өрлеу кезеңдерімен тығыз байланысты. Аталған өндірістік бірлестік 1997 жылы акцияларын Қытай ұлттық мұнайгаз корпорациясының (CNPC) меншігіне бергеннен кейін бұл компания «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ болып қайта құрылымдалды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Ли Шуфэн өзінің сөйлеген сөзінде мына жайларға ерекше назар аударды: «Жеңіс Сейітпағамбетұлы мұнайгаз өндірісінің кәсіби білгірі, инновациялық деңгейде ойлай алатын, жауапты да сергек қызметкер ретінде Ақтөбе облысының жетекші мұнайгаз кәсіпорнының басқару жүйесінде көптеген жетекшілік сатылардан өтті. Жылдар бойы жинақталған техникалық саладағы тәжірибе, жоғары атқарушылық дағды, патриоттық ойлау жүйесі оның 1993 жылы«Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігінің бас инженерлігі лауазымына жол ашты.

1998 жылдан 2011 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін ол «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары қызметінде нәтижелі де ынталы еңбек етті.

Білім мен білік

Жеңіс Сейітпағамбетұлы еңбек ете жүріп, ғылыммен де тыңғылықты шұғылданды. 1999 жылы техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Ал 2004 жылы «Тұтқырлығы жоғары мұнай кен орындарында қабаттардың мұнай беруін арттырудың термиялық және геотехникалық әдістері» тақырыбында техника ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

Жеңіс Сейітпағамбетұлы әр жылдарда аудандық кеңес пен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды, бұрынғы КСРО мен тәуелсіз Қазақстан Республикасының жоғары наградаларымен марапатталды. Олардың қатарында «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендері, «Еңбек ардагері», «Астана», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Ерен еңбегі үшін», басқа да мерекелік медальдары бар.

Ол Халықаралық инженерлік академияның мүше-корреспонденті болып сайланды, көптеген ғылыми-қолданбалы еңбектердің авторы болды. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетінің құрметті профессоры атанды.

Аты аңызға айналған мұнайшы Жеңіс Сейітпағамбетовтің ғылыми еңбектері қазақстандық және ресейлік салалық журналдарда жарияланды. «Ұңғыма сүзгісі», «Штангалық сорғы қондырғысы», «Ұңғыма штангалық сорғы қондырғысы» және басқа да өнертабыстарға авторлық куәліктерді ресімдеді. Оның өмір талабына сай жаңашылдық ұсыныстары өнеркәсіптік жобаларда өз орнын лайықты тапты.

Инвестициялық әріптестікке үлес

Жеңіс Сейітпағамбетұлының зор еңбегі оның Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ саласындағы өзара тиімді инвестициялық әріптестігін қалыптастыру және дамыту ісіндегі жеке белсенділігінде болды. Бұл көпті көрген, тәжірибесі мол адамның баға жетпес көпжылдық үлесі жоғары мемлекетаралық деңгейде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамын Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық саладағы жоғары тиімді инвестициялық ынтымақтастығының жарқын мысалы деп атауға мүмкіндік берген өндірістік стратегияға негізделді. Жеңіс Сейітпағамбетұлы Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының құрметті наградаларымен марапатталды, көмірсутек шикізатын іздеу, оны өндіру, қайта өңдеу, тасымалдау саласында озық шетелдік технологияларды модельдеуге және енгізуге тікелей өзі қатысты.

Бас директордың бірінші орынбасары ретінде Жеңіс Сейітпағамбетұлы негізгі және қосалқы өндірістердегі өндірістік-технологиялық процестерді де, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ұжымының әлеуметтік дамуының негізгі жүйелік жобаларын да үйлестірді. Мұнай-газ кен орындары объектілерінде көп уақыт бола отырып, ол қабаттардың мұнай беруін арттыру, Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің жерүсті қондырғыларын салу, барлау және пайдалану ұңғымалары қорын бұрғылау, кәсіпшілік қондырғыларын күрделі жөндеу, көлікпен қамтамасыз ету, кен орындарын энергиямен жабдықтау және т.б. жұмыстардың барысын терең және объективті, кейде сыни тұрғыдан талдады. Кәсіптік жұмыстардың білімі мен көпжылдық тәжірибесі Жеңіс Сейітпағамбетұлына жер қойнауының геологиясы мен сейсмикалық-физикасы бойынша өте маңызды білім берді: ол Ақтөбе өлкесінің кен орындары орналасқан Каспий маңы ойпатының шығыс бортындағы шөгінді бассейндердің құрылымдық мұнай-газдылығы өлшемдері сипатын жақсы түсінді.

Жеңіс ағаның зайыбы Балкенже Иманқұлқызы Жәкеңнің адамгершілік қасиеттері ерекше айқын көрінген өмірлік жағдайлар туралы қатысушыларға үлкен жылылықпен, шынайы көңілмен айтып берді. Оның сөздері әріптестерінің жүрегінде өте ұзақ өмір сүретін адамның бейнесін одан әрі ашуға мүмкіндік берді.

Жеңіс Сейітпағамбетов қазақстандық мұнайшылар мен сала сарапшыларының бірнеше буыны арасында әрқашан қонымды ақыл иесі және мейірімді жан ретінде бағаланды. Бұл көрнекті адамды еске алу оның әріптестерінің, достарының, шәкірттерінің, серіктестерінің жадында мәңгі сақталып қалады. Кездесу барысында қатысушылар тәлімгер-жаңашыл Сейітпағамбетов туралы естеліктерімен бөлісті.

Жеңіс Сейітпағамбетұлының өмір жолы — мұнай-газ жобаларында жаңа жеңістер үшін жарқын әрі жігерлі еңбек етуге дайын адамдар үшін үлгі. Өмір бойы бұл адамға көптеген құрметті атақтар берілді, бірақ Кеңқияқта ескерткіш тақта ашылған күні олар марапаттар туралы емес, адамның керемет қасиеттері — қарапайымдылық, әдептілік және міндеттілік туралы айтты.

Жеңіс Сейітпағамбетовті көптен даралап тұратын да осындай биік өлшемдер болатын.

Юрий ШИКАРЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button