Майдангер жолы


Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан ырғыздық жауынгерлер көп. Олардың дені майданда соғысса, бір тобы тылда еңбек етіп, жеңіс үшін барын салды. Сондай ел жадында қалған майдангерлердің бірі — Қайыр Дүйжанов.
Ол 1925 жылдың 11 наурызында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылдық кеңесінде шаруа отбасында дүниеге келген.
Әкесі Дүйжан Қарашолақ Қазан социалистік революциясына дейін малшаруашылығымен айналысқан. 1932 жылы Ырғыз ауданы «Мәдениет» ұжымдық шаруашылығына өтіп, қатардағы шаруа атанған. Осы шаруашылықта 1944 жылдың маусым айында қайтыс болды.Шешесі Әсіл Қарашолақ 1974 жылдың желтоқсан айында Коминтерн кеңшарында көз жұмған.
Қайыр Дүйжанов орта мектепті бітіргеннен соң 1942 жылдың тамыз айынан 1943 жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта Ырғыз ауданының Басқұдық жетіжылдық мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. Осы қызметінен 1943 жылдың 7 қаңтарында Ырғыз аудандық әскери комиссариатынан Кеңес армиясы қатарына шақырылған.
1943 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Оңтүстік Орал әскери округінің №65 запастағы атқыштар полкінде қызмет еткен. Осы жылдың шілде айынан тамыз айының соңына дейін Оңтүстік-батыс майданында (кейіннен 3-ші Украина майданы) №88 гвардиялық атқыштар полкі сапында болды. Жарақатына байланысты 1943 жылдың 28 тамызынан 1944 жылдың 10 қаңтары арасында Новочеркаск және Прокопьевск қалаларындағы эвакуациялық ауруханада емделді.
1944 жылдың 10 қаңтарынан сол жылдың қыркүйек айына дейін Сібір әскери округінің запастағы артиллериялық полкі №23 запастағы артиллериялық дивизионында 122 мм гаубица қару командирі және сержанттар мен атқыштар командирлерін дайындау мектебінде даярлықтан өтеді.1944 жылдың қыркүйек айынан 1945 жылдың 15 қазанына дейін 2-ші Украина майданында 8-гвардиялық әуе-десанттық күштері құрамындағы 357- атқыштар полкінің 76 мм зеңбірек батареясының командирі — гвардия сержанты болып қызмет етті. Венгрияны, Австрияны, Чехословакияны азат етуге қатысты.
«Награда қағазынан» үзінді («Ерлігі үшін» медалі): 1945 жылы 7 сәуірде Фессендорф (Австрия) түбіндегі шайқаста 76 мм зеңбірек батареясының командирі — гвардия сержанты Қайыр Дүйжанов зеңбіректі тура оқ атуға бағыттап, екі атыс нүктесін жойды, БТР-ны қағып түсірді, пулемет пен зеңбіректі атып түсірді. Атыс орнын таңдау кезінде гвардия сержанты Қайыр Дүйжанов екі неміс барлаушыларына тап болып, оларды жеке қаруымен жойып, атыс орнын таңдап, сол арқылы батарея командирінің бұйрығын орындады. Гвардия сержанты «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттауға лайық. 357-гвардиялық атқыштар полкінің командирі гвардия подполковнигі У.Евдаков. 1945 жылы 3 мамыр».
1945 жылдың 15 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес демобилизацияланды. Қайыр Дүйжанов елге оралған 1945 жылдың қараша айынан 1949 жылдың тамыз айына дейін Ырғыз ауданының Басқұдық жетіжылдық мектебінде оқу ісі меңгерушісі және мұғалім, 1949 жылдың тамыз айынан 1950 жылдың қыркүйек айына дейін Ырғыз ауданы Жабасақ ауылының жетіжылдық мектебінде оқу ісі меңгерушісі және мұғалім, 1950 жылдың қыркүйек айынан 1952 жылдың маусым айына дейін Ырғыз ауданының Аққұм ауылдық жетіжылдық мектебінде мұғалім болып, елге қызмет етті.
1951 жылы Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер институтының толық курсын аяқтады.
1952 жылдың маусым айында Қазақстан Коммунистік партиясы Ырғыз аудандық комитеті бюросының шешімімен тұрақты насихатшы (штатный пропогандист) болып бекітіліп, 1954 жылдың қаңтар айына дейін жұмыс жасады. 1954 жылдың қаңтар айынан нұсқаушы, 1955 жылдың мамыр айынан 1957 жылдың қыркүйек айына дейін (бөлім жабылғанша) Қазақстан Компартиясы Ырғыз аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1957 жылдың қыркүйек айынан 1959 жылдың қыркүйек айына дейін Ырғыз аудандық комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды.
1959 жылдың қыркүйек айынан 1962 жылға дейін аудандық комитеттің ұсынысымен Ырғыз ауданының Жабасақ, 1962-1965 жылдары Басқұдық кеңестік шаруашылығы партия комитеттерінің хатшысы болып сайланды.
1965-1970 жылдар аралығы Ырғыз ауданының Қызылпартизан сегізжылдық мектебінің, 1970 жылдан Ырғыз ауданының Коминтерн орта мектебінің директоры қызметтерін атқарды. 1973 жылдың 16 ақпанында Коминтерн кеңестік шаруашылығында 48 жасында ауыр науқастан қайтыс болды.
Ол «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медалдарымен марапатталған. Зайыбы Бибігүл Күйікова екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді.
Р.ҰЗАҚБАЕВ,
Ырғыз ауданы.



