Мәдениет

Эстраданың боз жорғасы

Әдетте кәсіби суретшіден «мына туындыңды қашан салдың, қалай салдың?» деп сұрамайды, «қашан жаздың, қалай жаздың?» деп сұрайды. Ал шебер әдебиетшілерді суретші дейтіні тағы бар.

Біздің кейіпкеріміз де музыканың жазушысы —Бейбіт Оралұлы. Өзінің әлемі бар. Ол — іңкәр сезімдердің суретін дыбыстар жарасымдылығымен көркемдеуші, сазгер,композитор. Дыбыстардың бәрі іңкәр сезімді елестете бермейтіні анық.Ал оны тану үшін талғам керек.

Әрбір өнерпаз адам өз заманының тынысын суреттейді. Кейіпкеріміздің сазгер ретіндегі басты ерекшелігі кез келген мелодияның тартымдылығын арттыру үшін нотаның кілттерімен бояуын келтіріп суретін салады. Суреттің, яғни композицияның бояуы қанығып, көркемдік маңызына ие болған кезде орындаушысын сайлап, сахнаға немесе тыңдарман талғамына лайықтап жарасымдылығын жетілдіреді.

Бейбіт Оралұлы ауылын ән-күймен тербеткен, талғамын, шеберлігін ел іші мойындаған өнерпаз отбасында дүниеге келген. Жақсы әншіні немесе күйшіні ауылы әлдилемесе, жақындары қоштамаса, жанбай жатып сөніп қалары анық. Туған жерден тұтандырған шырағын алаулатып Алатауға бет алған жігіт бүгінде жетпіс жасқа келді.

Бейбіт Оралұлы махаббат, сағыныш сезімдерін іңкәр әуендермен көркемдей білді.«Бейбіт Оралұлының 100 әні» кітабынан үзінді келтірсек: «Ауыл — менің әндерімнің өзегі, тағдырымның тынысы. Ауылыма жиі барыптұрамын. Жем бойы — атақты Қобыланды батыр өткен жер, қазақтың қайраткерғалым-ойшылдары Құдайберген және Ахмет Жұбановтар туған жер. «Ауылға»,«Сағындым ауылымды», «Жем бойы», «Жүрші, сәулем, ауылға», «Мұғалжар»,тағы басқа көптеген әндерім Жем бойында өткен балалық шаққа арналған. Солкездерді, балалық шақ-бал дәуренді бүгінде қатты аңсаймын». Алғашқы әндерім де осы мектеп қабырғасында дүниеге келді. «Гүлнарым», «Айналдым», «Нұр көктем», «Бір қызға» деген әндерім аудан жастары арасында кең таралып кетті. «Гүлнарым» әнін кейін әнші Рахат Тұрлыханов ініміз қайтадан өңдеп сахнаға шығарды».

Бейбіт Оралұлы ағамызбен замандас сазгер, ақын, әнші, орындаушы болып табылатын шығармашыл буын халықтың рухын, адамгершілік сипатын, даналығын өнер туындыларының болмысында сақтап, басқа ұлттың өнеріне еліктеп, жетегінде кетпей, халықтың қасиетін, өзгешелігін қоғамның жадына сіңіріп насихаттап отырды.

Бейбіт Оралұлы: «Бізге тыңдарманның жетегінде кететін ән емес, тыңдарманды жетелейтін әндер керек. Әнге деген жеңіл көзқарас ұшпаққа шығармайды. Ән, музыка — әр дәуірдің үні, бет-бейнесі, келбеті», — дейді.

Ол махаббатты сана шеңберінен бөліп алып, жекелей жырлаған жоқ. Міндетті түрде халықтың өрісті өнегесімен бірлестіріп,өмір мелодияларымен қоса суреттеді. «Бейбіт Оралұлының 100 әні» кітабында сан алуан музыка жанрларын ұстанып, әндерді, композицияларды дүниеге әкелгендігін былай деп баяндайды.

«Қазіргі уақытта эстрадалық әннің түрлі жанры пайда болды, синтез басым. Этнорок, этнофольк, этноджазрок секілді көне музыкамен бүгінгі музыканы ұштастыру бағыты маған да жат емес. Менің дәстүрлі музыкамыздың сарынында жазылған ән-толғауларым да, заманауи стильдегі әндерім де уақыт тынысынан туған, тыңдарманның сұранысына сай дүниелер деп есептеймін. Әрі олар қазақи дәстүрден тамыр алғандықтан да өміршеңдігін дәлелдепкеледі. Мәселен, РозаРымбаева айтқан «Домбыраның үні» атты әнім — ұлттық сарындажазылғанжәнекөпшіліктіңықыласынабөленген туынды».

Бейбіт Оралұлы ағамыздың ғұмырбаянын оқи отыра, өзімен жеке сұхбаттаса келе, шығармашыл тұлға ретіндегі бейнесі туралы көзқарасымды қалыптастырдым.

Батыл адам. Жасандылықты жаны сүймейтін өр мінезді жігіт. Сабырлы, асығыс шешім қабылдай қоймайтын байыпты мінезі бар.

Бауырын жазып,кең даланың жазығымен бір айналып орғытып келетін арғымақ сияқты ауыл, ел туралы, өнер туралы әңгімелерін айтып, аздап сөйлесе де, мәз қылып отырады. Әрбір әннің шығу тарихын байыпты баяндап, көркемдік маңыздылығын ортаға салып ойландырып, сезімдерді қалай суреттеу керек екендігіне шолу жасайды.

Жас өнерпаздардың ән айтуын тыңдап отырған сәттерде байқағаным, қандай октава, дыбыстық деңгейі туралы айтқанда да, нотаныңтілімен сипаттайды. «Ұнады, ұнамады» деген сөздерді көп пайдалана бермейтін адам.

Ән жазу барысында қолданатын тәсілдерінен мысал келтіре кетейін. Әнді дыбыстаған күйі қағазға нота тілімен түртіп алып, әннің ырғағын, жылдамдығын, баяулығын, мұңдылығын, салтанатын, шаттық деңгейін жазып, нотаның бетін айдақтатып тастайды. Қағаз бетіне түскен мелодия тайға таңба басқандай көрініс тауып, кіндігі кесіледі. Әрі ол әнді еңбектетіп, тәй-тәй басқызып, тәрбиелеп, тартымды жақсы мінезін көркейтіп, тыңдарман сынағына жақсы жолдама береді.

Бейбіт Оралұлы ән қысқа болса да, үлкен кітаптың мазмұнын қамтитын болуға тиісдеп есептейді.Сонысымен ән көпшіліктің көңілінен шығып, ой-арманын биікке самғатады. Осыған дәлел ретінде талант иесінің мына сөзін мысалға келтірген жөн: «Ән — өзінше бір сахналық қойылым, тұтас бір спектакль. Ән бірнеше бөлімнен тұрады, бастауы, шарықтау шегі, түпкі ойы мен соңғы нүктесі бар күрделі дүние. Ән дегеніміз — композитордың жан сыры, сезімі мен сағынышы, арыз-арманы. Тебіренісі мен толғанысы. Үш аккордқа сыйғызып, күрделі мазмұнды бір ән шығару екінің бірінің қолынан келмейді. Оның өзі үлкен өнер, асқан шеберлік».

«Бейбіт Оралұлының 100 әні» кітабында кәсіби белсенділік танытқан жылдардағы өнер жолындағы өзінің тағдырын ол былай деп баяндайды:

«1970-80 жылдары вокалды-инструменталдық ансамбльдерде жетекші
болдым. Кәсіби және өнерпаз музыканттардан тұратын мұндай ортаға кез келген әнші немесе аспапшы қабылданбайтын, тек үздіктердің жолы болатын,сондықтан да бұл топтар талай атақты музыканттарды танытқан мықты шығармашылық ортаға айналды. Кейін АлматыдағыТеміржолшылар сарайында «Жас дәурен» ансамблін құруға да атсалыстым. Тікелей практикамен көп айналысқанның әсері болар, эстрада жанрында жазылған әндерім көпшіліктің көңілінен шығып, республикаға кең тарай бастады.Қазақ телевизиясында алғаш«Алтыбақан» жастар бағдарламасы шыққан кезде көптеген талантты жастың өнердегі тұсауы кесіліп, қанаты жазылды емеспе!?

Сайлау Нұрбергенов және басқа әнші-композитор достарыммен бірге мен де осы хабарға қатынастым, халыққа танымал болуымыз да нақ осыдан басталды. «Алтыбақан» сол жылдары қазақ телевизиясындағы ұлттық сипаттағы тұңғыш әрі халықтың зор ықыласына бөленген бағдарламаның бірі болды, танылмаған талай талантқа жол ашты.

1980 жылдары Алматыда вокалды-аспапты ансамбльдерде жұмыс істеп жүрген кезімде көптеген әннің иесі болсам да,өзімді композитор ретінде көрсетуге ұмтыла қоймаған едім. Өзімнің бұрыннан әдетім —ән туған соң оны жарыққа шығаруға, әншілерге беруге, сахнадан айтқызуға асыға қоймаймын. Кейбір әндерім тартпамда жылдап жатып қалатыны да болады.
…Сонымен, 1996 жылы бизнесті жылы жауып, өнеріме қайта оралдым. Ол кезде жаңадан жеке студиялар құрылып, жұмыс істеп жатқан. Бірден белгілі музыкант, композитор Тасқын Оқаповқа барып, бірнеше әнімді ұсындым. Тасқын 21 әніммен танысқан соң біраз үнсіз отырып қалды. Сосын көзілдірігін сүртті де:«Кешке үйге келсеңші», —деді. Әндерім ұнағанын ол осылай білдірді.

Тасқынмен кездесуім Роза Рымбаевамен жақынырақ танысуыма алып келді. Мені композитор ретінде көпшілікпен қауыштырған да Роза. Сол жолы Роза бірден менің «Нұрбейнең», «Махаббат дастаны» және тағы екі әнімді жаздырып, үлкен сахнаға алып шықты.Ән әншінің, әнші әннің бағын ашты. Әнге, өнерге оралуым тән дертін де емдеді, бойы бусанған анадай тәнім де, жаным да рахаттанып, шығармашылық өмірдің ләззаты бәрінің дауасы болды.

Розамен шығармашылық тандеміміз жемісті болып, 20 шақты ән жаздық. Алматыда өтетін «Азия дауысы» фестивалінің дүркіреп тұрған кезінде қатарынан жеті жыл бойы лауреат болып, «Үздік композитор» атандым.

1997 жылы Президент жүлдесін иелендім.
«Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» атты тәуелсіздікке арналған республикалық байқауларда он жыл бойы бас жүлдені ешкімге бермей еншіледім. Кейінгі жылдары конкурстардан бас тартып, жастарға жол берейік деп өзімізді тізгіндедік.

Розамен шығармашылығымыздың сәттілігінің арқасында мен сол кезде
әншілер арасында үлкен сұранысқа ие болдым. Конкурстық әндер жазумен
де есімім көпке танылды. БақтиярТайлақбаев, Мақпал Жүнісова, Майра
Мұхамедқызы, Гауһар Қаспақова сынды үздік әншілермен жұмыс істедім. Одан кейінгі буындағы жастар да осы үрдісті сәтті жалғастырды. Менің әндерімді орындаған жас әншілер Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова, Тахмина Әшімбекова, НұрғалиТұрлыбеков, Өмірқұл Айниязов, Аллаберген Жақсыбаев көптеген шетелдік және республикалық байқауларда жүлделі орындарды иеленді және әнші ретінде үлкен сахнаға жолдама алды.

Қазіргі танымал әнші Жанар Дұғалова он үш жасынан бастап әндерімді айтты. Осылайша Роза бастап берген сәтті жол талай жастың сахнаға  жолдама алуына алып келді. Жастармен шығармашылық байланыстың тағы бір бағыты—менің атымдағы әншілер байқауы. «Бейбіт Оралұлы атындағы халықаралық ән байқауы» деп аталатын бұл өнер сайысы алғаш рет 2011 жылы республика көлемінде өтті. Одан кейінгі жылдары халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Біртіндеп дәстүрлі өнер сайысына айналып, тұрақты түрде өткізіліп жүр.

Кеңес Дүйсекеев ағамыз бірде: «Менде жоқ байқау Бейбітте бар деп қызғанып отырмын», —деп әзілдегені бар. Дарынды жастардың балапан қанатын ұштайтын, биікке самғауына түрткі болатын мұндай байқаулар өнер үшін көптік етпейтіні анық».

Бейбіт Оралұлының айтуынша,«Бозжорға» әнінің жарық көруінің тарихы көпшілікті қатты қызықтырады. Ақмола қаласының астана мәртебесіне көшу қарсаңы,қаланың алғашқы тұсаукесері басталарда Астана халқы қазақ әнін айтуы туралы,дұрыс, оңды шешім қабылданған. Осы бастаманы жүзеге асыру Ресей эстрадасының азулы продюсері Бари Алибасовқа тапсырылған. Ол бір ай бойы лайықты ән іздеген. Бейбіт Оралұлы ағамыз бен Шөмішбай Сариев шығармашылық тандем құра отырып жазған әндерін ұсынған.

Бірақ ол көптеген әндердің ішінен қанша таңдаса да, бір тоқтамға келе алмағандықтан соңғы күні оған «Бозжорға» әнін тыңдатқан. Бари қатты қуанып,әнді бірден қабылдап, әуелі қаланың тұсаукесерінде, содан кейін сайлау науқанында да сахнаға қайта-қайта шығарып, қаланың да, әннің де тұсаукесерін жасағаны белгілі тарих болып қалғаны аян. Дегенмен «Бозжорға» әнін алғашында халық әншісі Мақпал Жүнісова атқа мініп орындап шығуы жоспарланған. Бірақ ән жерлесіміз Бари Алибасов жетекшілігімен құрылған Ресейдің атышулы «На-На» тобының орындауына бұйырғаны белгілі. Міне,әннің де өз тағдыры болатындығына осы оқиға мысал бола алады.

Бейбіт Оралұлы— бүгінде қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар, есімі елге танымал шығармашылық адамы. Оның туындыларынан өзі туып-өскен дархан даласының самал желі есіп тұрады, бауырайында балалық шағы өткен Мұғалжар тауларының асқақ тұлғасы айқын білінеді.

Композитор шығармаларының басты тақырыбы — туған жер, өскен ел, Отанға сүйіспеншілік, әсемдікке құштарлық, адамды сүю. Көкірек кеніші көркемдік пен әсемдікке толы сазгердің жетпіс жастың биігінде де тыңдаушыларының рухани әлеміне талай әсерлі әндер ұсына беретіні анық.

 Ақылбай ҚҰЛЫМША,

мәдениеттанушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button