Санаев сазы ұмытылмайды

Қазақ музыка өнеріне өзіндік өрнек қалдырған сазгер Шалабай Санаев бүгінде ортамызда болғанда сексен бес жасқа келер еді. Осы бір мерейлі кезеңге орай аудан көлемінде бірнеше әдеби-сазды кештер ұйымдастырылып, сазгердің шығармашылығы араға бірнеше жылдай үзілістен соң қайта жаңғырды. Оның әндерін жас өнерпаздар орындап, бұл туындылар көрермен жүрегінен жылы орын тапты. Бұл — уақыт пен ұрпақтар сабақтастығының, шынайы өнердің көрінісі.
Сазгердің жүрек түкпірінен төгілген сырлы әуендері бүгінде де сахнадан түспей, ел руханиятының бір бөлшегіне айналып келеді.
Алға қаласының аспанында бұл күні ерекше әсем әуендер қалықтады. Өнер мен мәдениеттің мекеніне айналған шаһардың орталық саябағында ерекше мазмұнды, жүрекке жылы, көпшіліктің көңілінен шыққан Шалабай Санаев сазгердің 85 жылдық мерейтойына арналған «Әдемі әннің асқақ әуені» атты кеш өтті.
Бұл кеш— саналы ғұмырын өнерге арнаған,«Алға вальсі» секілді халық жадында жатталып қалған сазды туындылардың авторы Шалабай Санаев рухына көрсетілген құрмет. Өмірінің біраз жылын Алға топырағында өткізген өнер иесінің есімі мен еңбегі — алғалықтар үшін зор мақтаныш. Осы кеш соның айғағындай болды.
Сахна төрінде LED-экран орнатылып, кеш бойы сазгер туралы бейнежазбалар мен архивтік көріністер көрсетіліп отырды. Шымылдықты ашқан әсем қазақ биі мен фондағы бейнематериал көрерменнің көңіл күйін көтеріп, естелікке толы әдемі кештің әсерлі өтуіне жол ашты.
Бұл кешке ауданның зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, сазгердің туыстары мен өнер жанашырлары қатысты. Қонақтар Шалабай Санаевтың кеңестік кезеңде қазақ өнерін ұлықтауға жасаған ұмтылыстары, жастардың басын қосқан игі істері туралы толғаныспен баяндады, еске алынды.
Өлкетанушы Баянғали Құлтаев, өнер жанашыры Нұрхан Ағниязов, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Майра Ільясова, кәсіпкер Күмісай Қожантаева, алғалық өнерпаз Сара Бисенбаева өз естеліктерімен бөлісті.
Басқосуға өнер иесінің бауырлары Жұмагүл, Гүлсім Санаевалар, Ақманар Бисенқызы қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Таңжарбайұлы, мәдениет бөлімінің басшысы Баймұрат Махамбетұлы құттықтау сөз сөйледі.
Кеш барысында сазгердің танымал әндері трио, дуэт және жеке орындаушылармен кезек-кезегімен шырқалды. Әсіресе «Аман ба?», «Темір вальсі», «Ырғыз вальсі», «Кеш қалыппын», «Әридашай» әндері көрермен көңілінен шықты. Әр ән орындалғанда, сол әнге арқау болған елді мекендер туралы бейнежазбалар экраннан көрсетіліп, сазгер шығармашылығының кең ауқымы сипатталып отырды.
Ізтай Мәмбетов атындағы аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен мәдениет қызметкері, сазгер Шалабай Санаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Сазгердің сырлы әлемі» атты еске алу кеші өткізілді.
Өнер мектебінің талантты шәкірттеріБердіғали Жаныбекұлының жетекшілігімен «Дала рухы» шығармасын орындады.
Балалар кітапханасының меңгерушісі, кешті ұйымдастырушы Айшолпан Ізтілеуова сазгердің өмірі мен өнері жайлы мәліметтер айтты.
Шалабай Санаевтың «Алға вальсі», «Темір вальсі», «Ырғыз вальсі» әндері — осы өңірлердің әнұранына айналған туындылар.
Өнер мектебінің ұлағатты ұстазы, ырғыздық Айгүл Мырзатаева «Ырғыз вальсінің» өмірге келу тарихын айтып, сөзінің соңында әнді де шырқап берді. Сазгердің бауырлары мен ұрпақтары әкелері туралы естеліктерімен бөлісіп,ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Кеш шымылдығы сазгердің танымал туындысы «Алға вальсімен» жабылды. Бұл әнді сахнаға шыққан барлық қатысушылар мен көрермендер қосылып шырқады. Сахна төрін ән мен бидің үйлесімі тербеп, Алға аспанында әсем әуен қалықтады.
Сая ҚАБЫЛОВА,
Алға ауданы.