Ұлттық дәстүрдің жанашырлары

Тәрбие
Ақтөбеде «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің ашылғанына үш жыл толуына орай мерейтойлық шара өтті. Жиынның басты қонағы — қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы Айнұр Жүгінісова арнайы Ақтөбеге келіп, бірлестік мүшелерінің жұмысына ризашылығын білдірді.
Ақ жаулықты аналар шеру жасап, қазақтың ұлттық киімдерінен салтанатты көрініс ұсынды. Ал ардақты аналарға келіндер сәлем салып, ізет көрсетуі көпті сүйсіндерген жарасымды жай болды.
Қазақтың тізе бүгу, тұсау кесу дәстүрлері көрсетіліп, «Шашу» отбасылық халықтық ансамбль мүшелері өнерімен жиналғандарды тәнті етті.
Сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше жол салып жүрген асыл аналардың еңбегі ескеріліп, облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатын әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева табыстады.
Айнұр Жүгінісова бірлестік атынан марапаттар тапсырса, облыстық филиал атынан да аналарға ақ тілектер жолданды. Ұлттық дәстүрді насихаттаумен бірге, ұрпақ тәрбиесі мен өнер құндылықтарын дәріптеп жүрген аналардың бір тобының еңбектері ерекше аталды.
Жыл қорытындысы бойынша аудандардағы бірлестіктердің жұмыстары қорытындыланды. Нәтижесінде алда келе жатқан Алға және Қобда аудандары, сонымен қатар Ойыл, Мәртөк, Ырғыз, Ақтөбе қаласы Алматы аудандық филиалдары жұмыстары жақсы бағаға ие болды.
Нұрлыбай ДӘУЛЕТЖАНОВ.