Жастарды жат ағымнан қорғау — ортақ міндет

Насихат
Біздің облыста жастармен жұмыс жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен семинар, кездесулер және басқа да іс-шаралар өтті.
Астанадан, еліміздің басқа өңірлерінен келген мамандар бірнеше күн ішінде 20-дан астам кездесу өткізді. Ақтөбе қаласы мен Алға, Ойыл және Қобда аудандарында өткен кездесулерге 500 адам қатысқан.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты дін істері комитетінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл іс-шаралардың мақсаты — халықтың дін саласындағы сауаттылығын арттыру, дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, сол арқылы деструктивті діни идеялардың таралуының алдын алуға ықпал ету.
Жастар, оның ішінде студенттер мен оқушылар, сондай-ақ мұғалімдер, әскери қызметшілер, спортшылар, жұмыссыздар, басқа да түрлі сала еңбеккерлері қатысқан кездесулерде діни бірлікті арттырудың маңызы, осы орайда отбасындағы ынтымақ пен тәрбиенің рөлі, ұлттық құндылықтарды ұстану төңірегінде сөз қозғалды. Жиындарда Астана қалалық діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Нұрсұлтан Жаншин, М.Нәрікбаев университеті жанындағы Ислам және қазақ құқығы орталығы директорының орынбасары Жалғас Сандыбаев, Алға аудандық дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының маманы Нұрмұхаммет Разақов және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедра меңгерушісі Үмбетхан Сәрсенбин, т.б. мамандар сөз сөйледі.
— Қоғамның ынтымақ-бірлігі отбасындағы бірліктен басталады. Қазір жастардың көпшілігінің дінге қызығушылығы жоғары, кейбірі ата-анасынан тығылып намаз оқиды. Сондықтан ата-аналар бұл мәселеге бейжай қарамауы керек. Керісінше, бала кімдермен араласады, қандай уағызды тыңдайды, намаз оқуына кімдер ықпал етті — осыны білуге, мүмкіндігінше баланы жат ағымдар ықпалына түсіріп алмауға тырысқаны жөн, — дейді Нұрсұлтан Жаншин.
Мамандар ата-аналарға баланың әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылап отыру керектігін ескертеді.
Айна САРЫБАЙ.



