Тағзым

Түйетөбедегі тағзым

31 мамыр— Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Ақтөбеге жақын тұстағы Түйетөбе аумағында облыс жұртшылығының қатысуымен тағзым ету шарасы өтті.

Қасиетті мекенде облыс әкімі Асхат Шахаров қоғам қайраткерлері, қуғын-сүргін құрбандарының тума-туыстары және жастар сол бір кезеңде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұл — өмірден қасіретпен өткен ата-бабалардың тағдырын көз алдымыздан өткеріп, олардың рухымен тілдесу, сондай-ақ болашаққа жақсылық тілеу күні.

Облыс әкімі Асхат Шахаров еске алу жиынында саяси қуғын-сүргіннің қасіретті сабақтары туралы айтып өтті.

Ол 1920-1950 жылдар аралығындағы мұндай жауыздық әрекеттердің көптеген халықтарға, оның ішінде қазақстандықтарға айрықшаауқымды салмақ түсіргенін атап көрсетті. Жалпы Қазақстан бойынша 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 25 мыңнан астамы атылды.

1925 жылғы «Кіші Октябрь» саясаты 1925 жылы қазақ зиялыларының жаппай қуғын-сүргінге ұшырауына алып келді, сол тұстағы күштеп ұжымдастыру, басқа да қысым, зорлық-зомбылықпен жүргізілген шаралар ауыр зардаптарға әкеліп соқты. Оған жалғасқан ашаршылық кезінде 2 миллиондай адам қаза тапты. Жан-жақтан түрткі көрген бір миллионнан астам адам басқа елдерге қарай қоныс аударды.

—Ақтөбе облысында 7 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 1800-і атылды. Қарағанды және Ақмола лагерьлерінде жазаланғандарға қысым көрсетіліп, адам төзгісіз зәбір берді, қинаулар жасады.Қазақстанға басқа жақтардан 5 миллиондай өзге ұлттардың өкілдері жер аударылып келді, қазақ халқы өздері аш-жалаңаш, қиын жағдайда өмір сүріп жатқанына қарамастан, оларға көмек қолын созды, адамгершілікпен бауырларына тартты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мен тарихи естеліктердің сақталуының маңыздылығын атап көрсетті. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ақиқатты қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізу басталды. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары туралы естелік — біздің тарихымыздың бір бөлігі, оны біз әрдайым жадымызда сақтауымыз керек, —деді облыс әкімі.

Басқосуда сөз алған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиев ұлттық бірегейліктің бір бөлігі ретінде тарихи жадымызды сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

— Біздің әулеттен Алмат немересі, Ырғыз елінің белгілі азаматы, Маханұлы Рахидың туған ағалары — Абыл мен Қани Махановтар, Алмат шөбересі Нәби Ермаханұлы «Халық жаулары» болып жазаланған. Абыл 1937 жылы Түйетөбеде атылған,  Қани 10 жыл лагерьде жазасын өтеді. Ал Нәби Ермаханұлы 25 жылға сотталып, Колымада жазасын өтеді.

Біз сол кездегі қоғамның қатаң жазасына ұшыраған құрбандарды ұмытуға тиісті емеспіз. Оларды әрдайым есімізде сақтау — бұл біздің тарих пен болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз, —деді ол.

Түйетөбеде жерленген өздерінің туыстары туралы жан-жақтан бас қосқан өзге де ағайындар айтып жатты. Олар лагерьлер мен айдауда болған жақындары, олардың тағдырлары, басқа да жағдайлары туралы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әңгімелерін көпшілікпен бөлісті.

Өзінің атасы Жолмағамбет Данабеков-Мырзабеков рухына тағзым етуге Астанадан Ақтөбеге немересі Қалаужан Байжанова арнайы келіпті.

—Менің атам 1890 жылы Шалқар ауданының жетінші ауылында дүниеге келген. Шалқар қаласында тұрып, бастауыш білім алған. 1937 жылы оны тұтқынға алады. Көп ұзамай ату жазасына кесіледі. Анам маған атамның Түйетөбеде жерленгенін айтқан. Оны 1989 жылы ғана ақтады. Мен атамның басына келіп тұруды өзімнің парызым санаймын.Бұл менің жанымның жарасы ғана емес, атама деген құрметім де. Осындай тағдырды мыңдаған қазақстандықтар бастан кешті. Алдағы уақытта мұндай қасіреттің қайталанбауын тілеймін. Біз осындай оқиғалардың болғанын кейінгі жас буынға айтып отыруымыз керек, —дейді Қалаужан Байжанова.

Арал қаласының тұрғыны Болат Тәжімбет Түйетөбеде қаза тапқан, мәңгілік орын тепкен атасы Тәжімбет Аймағамбетовтің басына жыл сайын келіп, дұға бағыштайды. 1937 жылы қуғын-сүргін қармағына іліккен Тәжімбет Аймағамбетов ішкі істер халық комиссариаты үштігінің шешімімен Ақтөбеде атылады. Арада ондаған жыл өткеннен кейін ғана артында қалған ұрпақтары оның құжаттарын архивтен табады.

Биыл атамыздың екі баласының әйелдерін алып келдім. Олардың бірі — тоқсан жаста, екіншісі — сексен бесте. Олар өздері келін боп түскен шаңырақтағы қасиетті баба рухына тағзым етуге келді. Үлкен кісілердің бұл іс-әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі деп білемін, —дейді Болат Тәжімбет.

Іс-шара соңында жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Самира ҚАРИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button