Дарынды балалармен кездесті


Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыс әкімі Асхат Шахаров халықаралық және республикалық деңгейде аймақтың намысын қорғап жүрген дарынды оқушылармен кездесті.
Жүздесу бейресми, ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Жиынға аймақтың үздік 40 оқушысы қатысты. Олардың әрқайсысы — білімі мен еңбекқорлығының арқасында түрлі деңгейдегі зияткерлік жарыстарда лайықты жеңістерге қол жеткізген озаттар.
Асхат Шахаров басқосуда әр оқушының аймақ беделіне қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.
— Жеткен жетістіктеріңіз — сіздердің ғана емес, ұстаздар, ата-аналар және бүкіл білім беру жүйесінің орасан зор жұмысының нәтижесі. Сіздердің білімдеріңіздің арқасында облысымыз халықаралық және республикалық аренада көшбасшы орын алады. Біз сіздермен мақтанамыз! — деді аймақ басшысы.
Бүгінде өңірдің жас дарынды оқушылары түрлі беделді алаңдарда өздерін көрсетіп жүр. Бір ғана республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша оқушыларымыз 35 жүлделі орынға ие болды, ал аймақ тобы «Үздік олимпиада командасы» мәртебесін алды.
Соңғы екі жылда 34 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Бразилиядағы Менделеев халықаралық олимпиадасында Данияр Базарбай мен Аңсар Жақсылықовтың күміс жүлдесі, сондай-ақ Ирандағы халықаралық физикалық олимпиададағы (IPhO-2024) Артур Кимнің жеңісі тарихи оқиға болды. Бұл— 10 жылдағы алғашқы медаль.
Аталған нәтижелер балалардың талантын ғана емес, сонымен қатар жоғары дайындық деңгейі мен білім беру жүйесіндегі жүйелі қолдаудың бар екенін көрсетеді.
Өңір басшысымен әңгімелесуде оқушылар өздерінің жетістікке жету жолдарымен бөлісіп, маңызды тақырыптарға қатысты жеке көзқарасын білдірді.
Комсомол орта мектебінің 10-сынып оқушысы Карина Ткачук қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді. Ол орыс тілінде білім ала жүріп, қазақ тілі бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері атанған. Болашақта мемлекеттік тілде цифрлық ресурстарды дамытуды армандайды.
— Қазақ тілі — менің сүйікті пәнім, ол менің білімге, мәдениетке және өнерге деген қызығушылығымды оятты. Мен қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуды және мемлекеттік тілде цифрлық білім беру құралдарын құруды армандаймын. Қазақ тілі қазіргі заманғы технологиялар әлемінде өзге тілдермен тең дәрежеде болғанын қалаймын, — деді ол.
Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Арай Сағиданова зияткерлік сайыстарға қатысу оның өмір мектебіне айналғанын айтты.
— Мен жоспарлауды, өзіме сенуді және қиындықтарға қарамастан, алға ұмтылуды үйрендім. Бұл менің білімімді кеңейтіп қана қоймай, сенімділік пен тәртіпті қалыптастыруға көмектескен алғашқы маңызды қадамым болды. Алда мені бұдан да биік шыңдар күтіп тұрғанын жақсы білемін. — деді ол.
Оқушылар облыс әкіміне болашаққа және мамандық таңдауға қатысты сұрақтарын қойды. Асхат Шахаров білімге ұмтылудың маңызын атап өтіп, IT, медицина, инженерия, экология, педагогика және қазіргі әлемде сұранысқа ие басқа да бірқатар негізгі бағыттар жайлы айтып берді.
—Қызығушылықты бағамдап үйрену керек және оқудан ешқашан қорықпаңыздар. Алған білімдеріңіз, дамуға деген ұмтылыстарыңыз — аймақ пен елдің табысты болашағының кілті. Ал біз сіздердің әлеуеттеріңізді толықтай ашу үшін барлық жағдайды жасаймыз, —деді өңір басшысы.
Асхат Шахаров жас әрі озат буынға жаңа жетістіктер тілеп, жергілікті биліктің ғылым мен білім беру саласын дамытуға қашанда қолдау көрсететінін алға тартты.
Д.АЙДАР.



