Есімі елі үшін байрақ болған…

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың қос батыры Барақ Сатыбалдыұлы мен Асау Барақұлын ұлықтауға арналған «Асау-Барақ батырлар: ерлік пен елдік жолы» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынға белгілі тарихшылар мен зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелге жиналғандар батырлар жайлы ел аузынан естіген естеліктерімен бөлісіп, аңыз-әңгімелерді, хикаяттарды айтып берді.
Басқосуда тарихшы Мұханбет Бекмағанбетов пен Алматыдан арнайы келген «Қазақстан дәстүрі» газетінің штаттан тыс тілшісі Амангелді Жұмашұлы қос батыр туралы тың мәліметтермен бөлісіп, олардың ерліктері қашанда жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтты.
Жиында тарихшылар қос бірдей тарихи тұлғаны зерттеушілермен бейнеконференция арқылы байланысып, пікір алмасты.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, атақты Барақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) өз заманының қаһарманы, ержүрек қолбасшысы болса, Асау Барақұлы (1763-1843) — өз кезеңінің белгілі тарихи тұлғасы. Әкелі-балалы батырлардың есімдері ел арасында Асау-Барақ атымен белгілі.
Айта кету керек, бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында қос батырдың өмір сүрген кезеңінен сырт шертетін арнайы бұрыш жасақталған. Осы бұрышта олар туралы тың мәліметтер мен сурет көшірмелері бар.
Өз тілшіміз.



