Мереке

Балаларға қуаныш сыйлады

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық жедел жәрдем бекетінде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Менің ата-анам — қамқоршы», «Менің ата-анам — адам жанының арашасы» деген тақырыпта байқау ұйымдастырылды.

Бұл байқау жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жүрген фельдшерлер, жүргізушілер мен диспетчерлердің еңбегін дәріптеуге және олардың балаларының шығармашылығына қолдау көрсетуге бағытталды.

Балаларға арналған мұндай ауқымды байқауды биыл алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Байқауға қала мен ауданнан 100-ден астам бала қатысып, өз туындыларын ұсынды.Мерекелік іс-шарада мекеме қызметкерлерінің балалары арасында сурет байқауы және видеоролик түсіру сайысы өткізілді. Балалар өз ата-аналарының кәсібіне деген құрметін шығармашылық арқылы жеткізді.

Жеңімпаздарға жалпы сомасы 615 мың теңге көлемінде сыйлық жасалды.16 балаға спорттық велосипед табысталды. Бұл — тек марапат емес, ата-анасының еңбегімен мақтанатын балаларға көрсетілген шынайы құрмет. Бұл игі іс алдағы уақытта дәстүрге айналады деп сенеміз. Мұндай шаралар арқылы балаларды қуантумен қатар, қарапайым еңбек адамдарының қадірін ұрпақ санасына сіңіреміз, — деді облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек бекеті бас дәрігерінің орынбасары Еркінбай Жүсіпұлы.
Айта кетейік, облыстық жедел жәрдем бекетінде 852 адам жұмыс істейді.

Мереке күні жедел жәрдем бекетінің ауласында арнайы шатыр тігіліп, балаларға арналған мерекелік концерт, аниматорлар қатысқан театрландырылған қойылымдар және би бағдарламалары ұйымдастырылды. Балаларға тәттілер мен балмұздақтар таратылып, әр бала сыйлықтар мен ойыншықтарға ие болды.

— Менің әкем осы жедел жәрдем бекетінде жұмыс істейді. Ол адамдарға көмектесуді өзінің міндеті санайды. Мен оның еңбегін мақтан тұтамын. Осындай мереке ұйымдастырған аға-апаларға алғысымды айтамын. Бұл күн мен үшін ұмытылмас болып қалды, — деді Жанерке Ислам.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button