Мереке

Қауіпсіздік— басты назарда

1 маусым—Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген мерекелік іс-шара осылай аталды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары қаламыздағы «Аяла» орталығының тәрбиеленушілеріне естен кетпес қызықты сәттер сыйлады.

Ақтөбе қаласындағы «Sky Park» ойын-сауық кешені алдында балалар үшін шағын көрме ұйымдастырылыпты: өрт сөндіру техникалары әкелініп, құтқару құралдары мен жабдықтары қойылған,өрт сөндіру және судағы құтқару киімдері,іздестіру-құтқару қызметіндегі иттер де әкелініпті. Балалар барлығын қызықтап қарап, өрт сөндіру техникасының шапшыта атқылаған суын тамашалады.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгін еліміздің барлық өңірінде «Балалар қауіпсіздігі — басты назарда»атты кең ауқымды акция бастау алды. Осы акция аясында төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп облыс көлемінде үш мыңға жуық баланы қамтитын 133-тен астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде түрлі байқаулар, эстафеталар, флешмобтар ұйымдастырылып, ойын-сауық орталықтарында викториналармен басқа да танымдық шаралар өтеді.

Акцияның негізгі мақсатыбалалар мен ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіру, балаларға төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын үйрету, қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіру, сондай-ақ құтқару қызметтерінің техникалық мүмкіндіктерімен таныстыру,— деді Ақтөбе облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Евгений Овчарский.

Департамент өкілдерінің айтуынша, іс-шаралар барысында су айдындарындағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу сынды мәселелерге баса назар аударылады. Ақтөбе облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Иса Байтұрсыновтың айтуынша, әсіресе жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне мықтап қарау керек. Жыл басынан бері облыста болған оқыс оқиғалар салдарынан алты бала зардап шегіп, соның екеуі қайтыс болған. Бүгінгідей іс-шаралар осындай оқыс оқиғалардың алдын алуға сеп болмақ.

Іс-шара аясында балалар байқаулар мен викториналарға қатысып, балмұздақ жеді, сонымен бірге «Sky Park» ойын-сауық орталығында асыр салып ойнап, дастарқанға отырды. «Аяла» орталығының 7 жастағы тәрбиеленушісі құтқарушылардың жұмысымен танысып, құрал-жабдықтарды ұстап көргеннен кейін бірден: «Мен де өскенде құтқарушы боламын!» — деп ойымен бөлісті. Балалар әсіресе  кинологтің қасынан шықпады. Кинолог Антон Наталидің жетегіндегі екі жасар Лора деген лабрадор жақында ғана сынақтан сәтті өтіп, ресми түрде құтқару жұмыстарына қатысуға рұқсат алыпты. Балалар Лораның басынан сипап, бірге суретке түсіп,  оның іздестіру әрекеттері туралы әңгімені қызыға тыңдады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button