Мереке

Балаларға базарлық

Мереке қарсаңында Ақтөбедегі Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында іс-шара өткізді. Олар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, балғындарға жарқын болашақ тіледі.

Ассамблея жанындағы аналар кеңесінің төрағасы Рауза Серғазинаның айтуынша, бұл мерекелік думан «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр.

22-30 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды іс-шара өтті. Мақсатымыз — балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, сонымен қатар оларға қамқорлық көрсету. Оған  республика бойынша барлық аймақ белсене қатысты. Іс-шаралар балаларды елдің мәдени, білім беру және қоғамдық өміріне кеңінен тартуға бағытталған. Шат-шадыман көңіл күйге бөленген балалар ойын ойнады. Топ болып жарысып, тапсырмалар орындады. Думан соңында балақайларға тәтті сыйлықтар таратылды, — дейді ол.

Мерекелік шарада «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры Гүлбарша Жиенқұлова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мейірімді жандарды игі істерге жұмыла қатысуға шақырды.

Орталық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды ортаға, өмір сүру жағдайларына бейімдейді. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Олар қосымша білім берумен қамтылады.  Биыл 5 бала — 9 сыныпты, 2 бала 11 сыныпты аяқтады. Бүгінде орталықта 40 бала бар. Балалармен тәлімгерлер жұмыс жасап, оларды өз бетімен өмір сүруге, сенімділікке үйретеді, — дейді орталық директоры.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button