Демалыстың жарқын сәттері


Ақтөбе қаласындағы №40 жалпы білім беретін мектептің жиырмаға жуық оқушысы «Sky Park» ойын-сауық кешенінде қонақ болды. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған мерекелік ойын-сауық кеші Халықаралық балаларды қорғау күніне арналды.
Балалар аниматорлар ұйымдастырған қызықты ойындарға, топтық жарыстарға қатысып, өздері үшін арнайы жайылған дастарқанның қонағы болды.
— Балаларға қуаныш сыйлап, олардың жазғы демалысын жарқын көңіл күймен бастау мақсатында осындай іс-шара өткізіп отырмыз. Бұл кешті ұйымдастыруғаҚазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі, Ассамблея жастары және этномәдени бірлестіктер белсене атсалысты, — дейді «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметкері Бекзат Молдекешова.
Іс-шара барысында балалар өз ойларымен бөлісіп, бүгінгі мерекелік кештің керемет өткенін айтты:
— «Sky Park» ойын-сауық кешеніне бірінші рет келіп тұрмын, іші үлкен екен, ойнайтын жерлері де керемет. Маған бәрі ұнады. Оқуымды 4-5-ке бітірдім, — дейді 7 жастағы Айару Жадырасынова.
Ал 2-сыныпта оқитын Расул Мәжит математика пәнін жақсы көреді екен:
— Математикадан бірнеше олимпиадаға қатыстым, сабақты тек беске оқимын. Мен де бұл жерге бірінші рет келіп, достарыммен ойнап жатырмын, барлығы да ұнады, — дейді ол.
Бұл күн де балалардың жазғы демалысының жарқын сәттеріне айналары сөзсіз.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



