Ақындар — өлең оқыды

Ақтөбе қаласының туған күніне орай Триатлон саябағында «Ақтөбе деп жыр жазамын» тақырыбында поэзия-party ұйымдастырылды. Шараға жергілікті жас ақындар, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Іс-шараның мақсаты — жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, рухани мәдениетін арттыру, кітап оқуға баулу. Сонымен қатар заманауи және классикалық әдебиетті насихаттау, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және зияткер ұлт тәрбиелеуге үлес қосу көзделді.
Кеш барысында жергілікті ақындар Нұрлыбек Қалауов, Гүлімай Әбішқызы, Талғат Тілеулесов, Есенбек Жұмағалиев, Гүлжаһан Төреханова және Жарқынай Жұбатовалар өз шығармаларын оқырман назарына ұсынды.Сонымен қатар қалалық кітапханалардың белсенді оқырмандары ақындардың өлеңдерін оқып, «Ер Едіге» жыр мектебінің оқушылары жырдан шашу шашты. Қалалық көркемсурет лицейінің оқушылары ашық аспан астында сурет салып, Ақтөбенің көрнекті орындарын бейнелеген сурет галереясы ұйымдастырылды. Байқауда бас жүлде Таисия Мушенокке бұйырды. Мөлдір Бөдес, Диана Төлеу, Ардақ Самбаева, Амира Ищанова және Диана Досжандар да жеңімпаз атанды.
Бұл күні кітапханашылар қала күніне арналған кітап көрмелеріне библиографиялық шолу жасап, келушілерге мазмұнды ақпарат ұсынды. Балаларға арналған викториналар мен ойындар да ұйымдастырылып, шараға келген қонақтар үшін қызықты әрі танымды бағдарламалар өткізілді.
«Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінің әдіскері Гүлзайда Тамабайдың айтуынша, жаз мезгілінде сенбі сайын «Абай» гүлзарында ашық аспан астында кітап оқу күндері жалғасатын болады. Ол өз барша қала тұрғындарын осы игі бастамаға белсенді қатысуға шақырды.
Арайлым НҰРБАЕВА.



