Жамбыл тойына аттану

Көрнекті халық ақыны, атақты жыршы, жырау Нұрпейіс Байғаниннің туғанына биыл 165 жыл толады. Қайталанбас дарын иесі бола тұра, Нұрпейіс ақынның есімі қазақ әдебиетінің тарихында қалмауы да мүмкін еді. Кеңес өкіметінің бастапқы кезеңінде түрлі қудалау, жазықсыз-ақ жалаға ұшырату сынды қауіп күшті болғандықтан, ақынның ұлы Ғалым оның топ ішінде өлең, жырмен көп көріне бермеуін қалапты.
Зерттеушілер 1938 жылы республика ғана емес, Одақтың ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде өткен Жамбыл Жабаев шығармашылығының 75 жылдық тойын Нұрпейіс Байғаниннің де шығармашылық ғұмырындағы ең шешуші сәт деп есептейді. Мысалы, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әбдірәсілқызы былай деп жазыпты: «1938 жыл Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылық ғұмырындағы ең елеулі жыл болды. Алыс Ақтөбеде, астанадан шалғайда жасаған ақын дарыны Жамбыл Жабаев шығармашылығының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында әдебиетші қауым назарына ілікті…
Осы кезеңнен бастап Нұрпейіс Байғанин өлеңдері мерзімді баспасөзде жиі жарияланып, атағы бүкіл Қазақстанға мәлім бола бастайды. 1938 жылдың мамыр айында Алматыда өткен Жамбыл тойы Нұрпейістің ақындық талантын даралай танытқан жыр бәйгесі іспетті болды. Мерейтойдан кейін Жазушылар одағы ақынға көңіл бөліп, шығармашылығына жағдай туғызады».
Осы тұста 1938 жылғы Жамбылдың тойына, тіпті Одақ басшылығы тарапынан зор көңіл бөлінгенін айта кету керек. Мұны сол кездегі баспасөзден-ақ байқауға болады. Мысалы, облыстық мемлекеттік архив қорында сақтаулы тұрған 1938 жылғы «Актюбинская правда» газетінің көне тігінділеріне үңілсек, Жамбыл есімі, суреттері, оған қатысты деректер, қарт ақын туралы мәскеулік ақын-жазушылар жазған мақалалар өте жиі кездеседі. Той қарсаңында, 1938 жылдың 19 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының жарлығымен Жамбыл Жабаев Ленин орденімен марапатталады. Тойға әзірліктің барысы да баспасөзде беріліп тұрған.
Тойға Одақтың түкпір-түкпірінен арнайы делегациялар ағылумен қатар, ұланғайыр қазақ даласындағы халықтың өз ішінен шыққан, Жамбылмен замандас ақындардың басын қосу да көзделді. Бұл істі ұйымдастыру Қазақстан кеңестік Жазушылар одағына жүктелген. Жазушылар одағынан жіберілген өкілдер облыс орталықтарында ақындар слетін өткізіп, бұрынғы көнекөз жырау-жыршылардың арасынан тойға апаруға лайық тұлғаны тауып қайтуы керек еді. Ал оларды тойға жөнелту міндеті жергілікті билікке тапсырылды.
Облыстық мемлекеттік архивтің 13-қоры, 7-тізбесіндегі 281-істе сол күндерден аз-маз мәлімет сақталыпты. Атап айтқанда, 1938 жылдың 23 сәуірінде Ақтөбеге ҚазОАК-тің мәдени-ағарту бөлімі мен Қазақстан кеңестік Жазушылар одағынан орыс тілінде: «22 выехал Актюбинск помощи литературной организации области подготовки юбилею Джамбула ответственный секретарь союза писателей Абилев. Просим оказать содействие его работе» — деп жазылған жеделхат жіберілген.
Мұнда көрсетілген Жазушылар одағының жауапты хатшысы Дихан Әбілев еді. Бұл туралы Айгүл Әбдірәсілқызы: «Жазушылар одағының тапсырмасымен Жамбыл тойына дайындық ретінде Ақтөбеде ақындар слетін өткізуге келген Дихан Әбілов осы сапар барысында Нұрпейіс ақынмен танысады. Ақынның дариядай тасып-төгілген жырларын тыңдап, таңғажайып талантына тәнті болған Д. Әбілов Ақтөбеде болған күндерінде Нұрпейіс өлеңдерін алғаш рет облыстық «Социалды жол» газетіне жариялатады, радио арқылы ақын жырларын республика жұртшылығына тыңдатады», — деп жазса, ақын Дихан Әбіловтің өзі де сол күндерден естелік жазып қалдырғаны белгілі. Ол өзінің Нұрпейіс ақынмен танысқан, кейін Алматыда бірге өткізген күндерін шуақты сәттерге балайды. Нұрпейіс Байғаниннің болмысы туралы: «Ғұлама академиктердей мәдениетті де сыпайы қария еді ғой Нұрекең. Сүйек-басы қандай таза, кескін-келбеті қандай көрікті де келісті еді», — дейді.
Алайда Жазушылар одағының өкілі Әбіловтің Ақтөбеге сапары сәтті бастала қоймаған сияқты. Жоғарыда көрсетілген істе қашан, кімнің қолымен жазылғаны белгісіз, қызыл түспен түсірілген бірнеше аты-жөннен тұратын жапырақтай ғана қағаз да жүр. Мұнда жеті адамның аты-жөні жазылған: Өмірзақ Жақсылықов (жанына «Хова» деп көрсетіледі, Қобдаболса керек?); Құлжанбасов (Ключевой); Б.Айтжанов (Темір); НұрпейісБайғанин (Темір); ҚайбасЖалбыров (Қобда); Аймағамбетов (Табын) және М.Көрғұлин (Қарабұтақ).
Біз бұл Жамбыл тойына апаратын лайықты ақын іздестіру барысында жазылған қағаз немесе сол кездегі өңірдегі белгілі жыршы-жыраулардың тізімі болса керек деп топшыладық.
Дихан Әбілов өзінің «Жыр тарланы» атты естелік мақаласында бастапқыда лайықты адам табу оңайға түсе қоймағанын айтады:
«…Менің келген сапарымның көңілсіздікке ұшырап тұрғанына менімен бірдей қиналып жүрген досым осы Қанафия екенін сезетінмін. Екеуміз жиі-жиі кездесетінбіз.
— Тапқан сияқтымын! — деп Қанафия көңілді кірді.
— Рас па?
— Рас! Күт! Қазір алып келем.
Қанафия менімен бірге Алға ауданына барып, ел аралап, ақын іздесіп те қайтқан. Одан түк шықпағасын қала ішінен іздестіріпті. Бармаған түкпірі бұл қалада қалмапты. Ақыры бір адамды тауыпты.
— Адам танысам, сөз танысам, өлең танысам, сол кісі — нағыз ақын. Менен гөрі өзің жетіксің ғой ол жағына, мына мен тапқан кісінің ақындығы — Бұқар жырау, адамшылығы мен ақылдылығы Адам пайғамбардай шығар! Пайғамбар дегенге шошыма! Ол — менің ұғымымда — ұлылық. Келтірейін бе, алып келейін бе?
…Қанафия асығыс шығып кетті. Асханадан алас-күлес тамақтанып кеп, бүгінгі газеттерді алып қарап отыр едім, есік қағылды.Атып тұра кеп есік аштым. Қанафия өте кішіпейіл, мәдениетті жігіт еді. Есікті өзі ашып, бірақ өзінен бұрын ақ сақалды, ұзын бойлы, зор денелі, сол қолында қырғыз қобыздарындай шағын, Арқаның ән домбырасын қымтап ұстаған үлкен кісіні кіргізді.
— Кіріңіз, Нұреке! Төрлетіңіз! — дейді».
Нұрпейіс Байғаниннің Жамбыл тойына сапары осы таныстықтан басталған. Ал бұл сапар, жоғарыда айтылғандай, ақынның әдебиетші қауым назарына ілігуіне жол ашты.
Дихан Әбіловтің естелігінде айтылатын Қанафия Мұстафин кім дегенге келсек, ол — қазақтың алғашқы радиожурналистерінің бірі; кейіннен 1945-1959 жылдары Қазақ КСР радио хабарлары және телевидение жөніндегі мемлекеттік комитетінің бірінші басшысы болды, яғни қазақ телевизиясының бірінші басшысы ретінде тарихта қалды. Оның 1938 жылы Ақтөбеде жүруіне сол уақытта НКВД-ның Сәбит Мұқановтың соңына түсуі себеп болған. Сәбиттің жерлесі Қанафияға «оның сыбайласы» деп айып тағылған. Дегенмен Сәбит Мұқанов Мәскеуге арыздана жүріп, өзін ақтап алып, Қанафия да жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраудан аман қалған екен.
Нұрпейіс ақын мен Дихан Әбіловтің алғашқы кездесуінде олардың жандарында Қанафиядан басқа,Мәселе Жаңабаев та болған. Ол — губерниялық «Кедей» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің тілшісі, кейіннен Қазақстан кеңестік Жазушылар одағының біздің облыстағы уәкілетті өкілі және Нұрпейіс Байғаниннің хатшысы болған, өзі де жыр жазған қаламгер.
Мәселе Жаңабаев Ұлы Отан соғысынан оралмаған.
Алғашқы жүздесуде осы үш қаламгердің алдында Нұрпейіс ақын «домбыраны қыл мойнынан ұстаған күйі»:
«Сексендегі шайырмын,
Сауатым жоқ, айыбым.
Не айтуды тілесең,
Шырақтар, соған дайынмын!» — деп жібереді де, олар ұсынған тақырыптарға жыр арнай бастайды. Жас қаламгерлер қарт ақынға көктем, Ленин тақырыптарын жырлатыпты. Оның айтқандарын өздері жазып алып отырған. Бұл туралы Дихан Әбілов: «Нұрекең аузынан жазып алынған әлгі өлеңдерді ол кісіні қонақүйден шығарып салысымен тәртіпке келтіріп, қайтадан көшіріп, облыстық «Социалды жол» газетіне жолдадым. Ертеңіне бірінші өлеңі, одан кейінгі күні екінші өлеңі басылып шықты», — деп жазыпты.
Белгілі журналист, ғалым Серікқали Байменше өңірлік журналистикада өшпес із қалдырған Тілеужан Шойғарин туралы өзінің мақаласында: «Тілекең бұдан кейін Мәселе екеуінің Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына 75 жыл толуына байланысты салтанатқа делегат болып, Нұрпейіс Байғанинмен бірге Алматыға барғандарын жазады. Халық ақынының:
«Астанамды — ордамды,
Деп едім қашан көремін.
Кәрі көңілім жадырап,
Құмарланып келемін», — деп басталатын «Ақын шабыты» өлеңінМәселенің жол үстінде, пойыз ішінде жазып алғанын, ертеңіне өлеңнің «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғанын баяндайды», — деген дерек келтіреді.
Ал «Актюбинская правда» газетінің 1938 жылғы 27 мамыр күнгі санына шыққан «В гости к Джамбулу» атты мақалада Нұрпейіс Байғанинді ортаға алған ақтөбелік делегацияның Жамбыл тойына аттануы баяндалған. Мақала авторы — В. Хальзов. Пойыздағы көріністер жайында ол: «… Он минут өтпей-ақ делегаттар өз орындарына жайғасты. Ал жарты сағаттан кейін домбыраның үні естіле бастады. Купеде тыңдаушылар көп жиналып, домбыра бір орындаушыдан екінші орындаушыға өтті. Осылайша әбден кеш батқанға дейін жалғасып, жолсерік Мағия жолаушыларға демалу керектігін айтса да, тыңдаушылар кеткісі келмей, Жамбыл туралы сұраумен болды», — деп жазыпты.
78 жасында Алматыға алғаш аттанған осы сапарынан кейін Нұрпейіс Байғанин әдеби ортамен етене араласып, барлық дерлік шығармалары хатқа түсіріліп, қазақ әдебиетінің тарихына есімі алтын әріптермен жазылып қалды.
Индира ӨТЕМІС.



