Сталинград шайқасына қатысқан…


Әкеміз Тоқмырза Күнбаевтің балалық шағы тарихта қазақ халқы үшін ауыртпалығы мол мешін-тауық тұсына тап келген. Қазіргі Мұғалжар ауданы аумағында дүниеге келген ол ауылдағы мектепке барып, сосын білім алуды Алға қаласында жалғастырады. Осындағы орыс-қазақ мектебінде соғыстың алдындағы жылдарда оқып, оны бітіргеннен кейін ауылдық кеңесте хатшы болып, жергілікті тұрғындардың мүліктерінің есебін жүргізеді. Осылайша әлі буыны қатып үлгермеген бозбала ел тірлігіне етене араласып кете барады. Ұлы Отан соғысы басталысымен «Барлығы да майдан үшін!» ұраны алға шығарылғаны белгілі. Ауылдағы құрал-сайман, мал-мүлік — барлығы да есепке алынып, материалдық қор жасау мақсатында соғыс қажетіне бағындырылды.
Осындай жұмыстардан кейін ол әскер қатарына шақырылады. Бастапқыда Орынбордағы Чкалов әскери-кавалериялық училищесінде оқиды. Соғыс жағдайында жедел дайындықтан өткен кіші командирлер құрамы Бузулук қаласында жасақталып жатқан дивизияға келіп қосылады.
Содан соң Сталинград майданы ұрыстарына қатысады. Осы аймақтағы Анненково стансасына келіп түсірілген 293-атқыштар дивизиясының 1026-полкінің атты барлаушылар взводы командирінің көмекшісі болған Тоқмырза әкеміз қаруластарымен бірге қанды майданның ортасына кіріп кетеді.
Сондай шайқастардың бірінде ерлікпен алға ұмтылып, жаудың күшін әлсіретеді. Өзі де ауыр жараланып, госпитальға түседі.
Біздің жауынгерлер Дон бойындағы Клетский қаласына дейін жан берісіп, жан алысып дегендей талай қатерлік сәттерді бастан өткереді. Белгіленген позицияға орналасқан бұлардың шебіне жау снарядтары әлсін-әлсін түсіп тұрады.
Әкеміз айтқан бір естелік қағазға жазылып қалыпты. Онда былай делінеді: «Он тоғызыншы қарашада таңертеңнен ауыр артилериямен біздің шебімізді үсті-үстіне соққылап жатты. Осындай жағдайда біз шабуылға шықтық. Алдымызда ілгері жылжыған танкілерді қалқалап, фашистерге қарсы оқ жаудырып келеміз.
Донның арғы бетіндегі Калач қаласын алу аса қиынға түсті. Ары қарай өтетін жалғы көпірді жау талқандап кеткен. Бөлімше командирі ретінде қарауымдағы он екі жауынгерді арақашықтықты жиырма-отыз метрден ұстап, мұз үстімен еңбектеп өтуге тура келді. Содан кейін артымыздан қосымша күш келгенше жеткен жерімізді жауға бермей ұстап тұрдық».
Ол Австрияның астанасы Вена маңында соғысты аяқтайды. Бірақ үстінен солдат шинелін тастауға әлі ерте еді. Ол енді Подольск қаласындағы Новочеркасск әскери училищесін тәмамдайды.
Майдан жолдарын аяқтаған соң ол туған ауылына оралады. Мұнда жергілікті басшылық оны бұрынғы қызметіне — Алға поселкелік кеңесіне жібереді. Әкем еңбек ете жүріп жұмысшы жастардың кешкі мектебінде білім алады, қаржы-экономикалық техникумында оқиды. Одан кейін СОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде саяси шыңдалудан өтеді.
Аудандық қаржы бөлімінде инспектор, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болған жылдарында өз ісіне мұқият болғанын, уақытпен санаспай еңбек еткенін кейін де замандастары айтып отыратын. Сол жылдардың көріністерін бейнелейтін фотосуреттер, ресми құжаттар көшірмелері оның жеке архивінде сақталған. Бір қызығы, облыстың энциклопедиясы немесе қандай да бір тарихи тақырыптарға естеліктер шықса да, солардың бәрінен әкеміздің қолтаңбасы байқалатын.

Әкем соғыстан соң еңбек ете жүріп, қаржы техникумын СОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. Әр жылдарда ол Жұмабек Тәшенов, Шәкір Қарсыбаев, Хасен Бектұрғанов, Николай Иванович Журин, Василий Андреевич Ливенцов секілді танымал мемлекет қайраткерлерімен бірге еңбек етті.
Облысқа арнайы іссапарлармен келген ел басшылары Н.Хрущев, Л.Брежнев, Д.Қонаевтармен кездесулерге де әкеміз тұрақты қатысқан. Және оларды фотоға түсіру мүмкіндігіне ие болған.
Танымал тұлғалар Фидель және Рауль Кастро, Михаил Шолохов, Михаил Суслов, Махмұд Эсамбаев, Семен Буденный, Менгисто Хайле Мариам және басқа көптеген адамдардың фотоларын бізге үнемі көрсетіп отыратын.
Бір есте қалған жай, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың пәрменімен әкемізге КСРО кезіндегі ең үздік «Киев» фотоаппаратын сыйға тартқан еді.
Әкемнің жеке архивінде еліміздің, өлкеміз бен қаламыздың тарихына қатысты 1950-жылдардан бергі көптеген суреттер сақталған еді. Соның барлығы облыстық тарихи-өлкетану музейіне берілді.
Әкеміз І дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Будапешті алғаны үшін», Маршал Г.Жуков медальдарымен марапатталды. 2010 жылы оған «Құрмет» ордені берілді.
Мәскеуде өткен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шеруге қатысуы да біз үшін ерекше оқиға болды. «Соғыс қасіреті ешқашанда ұмытылмайды. «Біз алпыс бес жылдан соң жаудан қорғаныс үшін қазылған орға түсіп, солдат тамағын жедік. Мезгілсіз қаза тапқан майдандас жолдастарымыз еске түсті, көз жасымызды тыя алмадық» — деп айтып келіп еді әкем сол сапар әсерін.
Әкеміз аяулы анамыз Роза Хайруллақызымен бірге бақытты елу үш жыл ғұмыр кешті. Олардың аялы құшағында алты перзент өсіп-жетілдік. Бізден тараған алты немересі мен он үш шөбересі ата-әжелерінің өмір жолдарын жақсы біледі, олардың жарқын бейнелерін әрдайым еске алып отырады.
Әкеміз еліміздің егемендік алғанына шын жүректен қуанып отыратын. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір игі қадамдарын мақтанышпен насихаттап, жүрген ортасында әңгімелегенді ұнататын. Сондайда мұның барлығы еліміздегі тыныш өмір, бейбітшіліктің арқасы екендігіне көңіл бөлуші еді…
Ақтөбе қаласындағы әкемізбен анамыз ұзақ жыл ғұмыр кешкен биік үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Онда «Ұлы Отан соғысының ардагері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Тоқмырза Күнбаев» деген жазу бар.
Бұл естелік бізге үлкен мақтаныш және ылғи да жауапкершілік жүктейді.
2008 жылы әкеміз туралы «Өнеге өрісі» атты кітап жарыққа шықты. Осы жинақта әкеміздің еңбек жолы, майдандағы жауынгерлік ерліктері жан-жақты қамтылған. Бүгінгі күні бізге сол естеліктердің бәрі ыстық.
Рауия АҒЗАМОВА.



