Өмірлік өнеге

Немесе Мөңке би тағылымдары
Есімі қалың елге таралған данагөй би, көрнекті тұлға Мөңке Тілеуұлының туғанына биыл — 350 жыл. Жыл басынан бері республикалық деңгейде жоспарлы түрде танымдық-тағылымдық шаралар өткізіліп жатыр.
Біз өркендеп өсіп келе жатқан жас буынның да өткеннің өнегесін тереңірек ұғынғанын дұрыс көреміз. Осы мақсатта Ақтөбе қаласының мектептерінде, бірқатар оқу орындарында кездесулер өткіздік. Сонда байқағанымыз — жастардың сөз қадірін ұғына білетіндігі, әсіресе Мөңке бабамызға қатысты мәліметтерді айтқанымызда қызығушылық танытуы. Осыған байланысты өзіміз білетін бірқатар жайттарды жүйелеп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ең алдымен айтарымыз, Мөңке Тілеуұлы — өз заманының заңғар тұлғасы. Ол — сан түрлі қасиет иесі. Ол — би, қоғам қайраткері, жұлдызшы, ақын, философ, үлкен ғұлама.
Оның шыққан тегі туралы айтылғанда, ең алдымен, әкесі Тілеудің адамның сұңқары атанғаны, анасы Сұлудың бойына ақылы мен қайраты ұштаса біткені тіл ұшына келеді.
Бұрынғы қағаз бен қалам қолға тие бермейтін заманның өзінде құйма құлақ қарттарымыз арқылы көп жай кейінгіге жеткен ғой. Ілгеріден жеткен әңгімелер ізімен көкірегі кемел, жан сарайы жарқырап тұратын әрі әңгімешіл Тасмағамбет Жанпейісұлы «Мөңке Алланың сүйген құлы дегізерліктей, қоңырқай жүзді, кең де кесек маңдайлы, тұңғиықтау келген отты қара көзді, ірі тұлғалы адам болған сыңайлы» деп отыратыны ойымызда сақталып қалыпты.
Мөңке бабамыз туралы ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Оның бірсыпырасы жинақталды да.
Оның артына қалдырған мұраларын зерделеп қарап отырғанда, біртуар тұлғаның ұлылық иірімдерін, тәрбиелік тағылымдарын анық аңғарасыз.
Мөңке бабамыз жеті жасынан билікке араласқан деседі. Өзіміз үлкендерден естіген бір жайды айта кетелік.
Мөңкенің жас кезі екен.
Бірде шабындық көлге таласып жатқан адамдарға әкесіне еріп келген бала Мөңке айналаға қарап тұрып:
«Ағайындар, ерік бермей егеске,
Құлағың сал кеңеске.
Таласпасаң не етеді,
Талассаң — бағың кетеді.
Ізгілікпен іс қылсаң,
Анау жатқан байтақ көл,
Баршаңызға жетеді.
Келісімге кел, ағайын,
Баяны жоқ дүние,
Бәріңнен де өтеді, — дегенде, оны кішісінбей, айтқанына ел түсініп, татулыққа келіпті.
Бір жолаушы атақты Мөңке бидің үйіне түсіпті. Жолаушының мақсатын алдын ала біліп отырған Мөңке ол есіктен сәлем беріп кіре бергенде: «Кел, мүсәпірім, төрлет!» депті. Қонақ төрге шығып отыра бергенде тағы: «Жайланып отыр, арыстаным!» — депті. Ас ішіліп, аз ғана уақыт өткенде қонақты сөзге тартып, «ішіп-жегенің — өзіңдікі, көріп-білгенің — біздікі, әңгіме айта отыр, түлкім!» — дейді.
Мұндай теңеулерді ауырсына қабылдағанымен, жолаушы сыр бермей, ішінен тұйықталыпты. Кешке жатарда: «Ал енді жат, еркем!» депті. Ертеңгілік шай ішіліп, кетуге жиналғанда: «Барға базар деген, сөге жамандама, сыншым!» — дейді. Аттанар сәтте: «Жортқанда жолың болсын, ел-жұртыңа сәлемде, жыршым!» депті.
Мөңке әулие қандай адам екен деп барған жолаушы еліне келіп, үлкен бір қариядан Мөңке бидің айтқандарына түсіне алмағанын айта отыра, шешуін сұрапты.
Сонда көпті көрген ақсақал: «Адам үйінен қырық қадам шыққан соң мүсәпір болады, «кел, мүсәпірім» дегені — сол, «ал, отыр, арыстаным» дегені — құдайы қонақ арыстандай айбатты, оның өтініші орындалуға тиіс, осыны меңзегені болар. Оның «түлкім» дегені — бойың үйренген соң түлкідей қутыңдап, көңілің әр саққа жүгіріп, келген-кеткен келіншектерге, тоқалдарға қылтыңдайсың, жақсы көрінгің келеді, әзіл тастағың келеді, осыны айтқаны. Ал «жат, еркем» дегені — қонақ қай мезгілде жатып, қай мезгілде тұрса да өз еркі, өзі де, аты да жайлаулы, күтулі болатынын айтқаны. «Сыншым» дегені — келдің, көрдің, білдің, баға бердің, енді сынын, мінін іздей бастайсың. «Жыршым» дегені — қонған жерінде риза болса мадақтайды, көңілі бітпесе жүрген жерінде жамандайды. Бұл көрген-білгенін жырлау емес пе?! Жыршым дегені осы болса керек.
Сенің не мақсатпен барғаныңды алдын ала біліп отырған сыңайлы, сені сынау үшін де айтқан сөздері болса керек. Оның өмірден түйгенінің көптігі осы емес пе?!» — депті байыппен.
Қопасор өңірі жақсы білетін молда Таңатар әкемізге бала кезімде жақынырақ жүрген болатынмын. Алласы аузынан түспеген тақуа адам еді. Сол кісінің айтуы бойынша, Мөңке атамыз Қопасор мен Жомарт көлінің арасындағы қыратта туып, құмның арғы бетіндегі Күйгелең деген жерде өмірден өткенге ұқсайды.
Мөңке бидің артына қалдырған данышпандық, мақал-мәтелге айналған салиқалы сөздері баршылық. Мәселен, «Алыс — ақыл, жақын — ашу», «Ар-ұяттың белгісі, өсек айтпас ер кісі», «Қымбат — сауап, арзан — күнә», «Оңай — ақыл айту, қиын — орындау», «Ат жақсысы арбада болар, жігіт жақсысы саудада болар», «Кәрілік келмей тұрып, жастықтың қадірін біл!», «Жомарттық — жасқа, сараңдық — қартқа тән қасиет»… осылай жалғастыра беруге болады. Осының барлығы өмірдің өзінен, бастан өткен тәжірибеден алынған.
Мөңке би өзіне сәлем бере келген Сырымға айтты деген ғибраттық әңгіме бар. Ол былай дейді: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпасаң, халық соңыңнан қалмас, ұмытсаң соңыңнан ермес. Ол: обал, сауап, борыш.
Берер ақылым — жақыныңды жаралама, алысты — қаралама!».
Мөңке бидің жұлдызшылық та қасиет болған. Ол ауа райының бұзылуын тек айта салу емес, тұрақты зерттеп, соған сәйкес болжам айтқанға ұқсайды. Себебі 13-18 сәуір аралығында келетін екі күндік суық кезеңді ел арасында «Мөңке бесқонағы» деп атау қалыптасқанекен. «Бұрынғы мал баққан адамдар осы күндерді мықты ескеретін еді» деп айтып отыратын ел қадірлейтін Тасмағамбет молда.
Ертеректе Қайыр аталатын ауылда (қазіргі Мөңке би) емшілік-әулиелігі бар, өзі молда Құрманбай деген кісі тұрды. Өзі Мөңке бидің ұрпағы әрі көп нәрсені білетін қария болатын. Үлкейіп, ауырыңқырап жатқанын білсек те, әңгімесін тыңдап қалайық, ертең өзімен бірге кетіп қалады ғой деген оймен, бір күні сәлемдесуді алға тартып, үйіне бардым. Сырқат дегенмен көңілі сергек, біздің келетінімізді біліп отырған сыңайда екен. Әңгімені де өзі бастады.
«Қарақтарым, Мөңкенің өмірі, айтқандары туралы ешкім сұрап келмеп еді. Сұраса да бұйрық раймен «айтсаң да айт, айтпасаң да айт!» дегендей сынап келетіндер болатын.
Саған есіме түсіп отырған Мөңке атамыздың бірер өсиеттерінен айтып көрейін.
Оның былай дегені бар:
…Жақсыдан жақсы туса —
Еккен шынарың емес пе?
Жаманнан жақсы туса —
Елдің шырағы емес пе?
Жақсыдан жаман туса —
Шамшырағың өшкені емес пе?
Елге үлгі етер ерің болмаса —
Құт-берекең көшкені емес пе?
Осылай деді де, қария аз-кем тыныстап алып, тағы да бірер қайырымдарды мысалға келтіріп әңгімеледі. Біз оның айтқандарын қағазға түсіріп алып едік, бүгінде соны үлкен олжа көреміз. Кейде осындай асыл қазыналардың біразы үлкендердің көкірегінде ашылмаған көмбедей болып өздерімен бірге кетті-ау деп өкінеміз…
…Сонау солтүстік өңірде ғұмыр кешкен ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің де құлағына Мөңке би сөздері жеткенге ұқсайды. Өйткені ол өз шығармаларында әулие айтқан тағылымдарды келтіріп отырады екен.
Мөңке би бабамыз туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бұрынырақта профессор Нұридин Балқияұлы мен тарих ғылымының кандидаты Тұрғанғали Жолбасқанның көлемді бір зерттеу еңбегі жарияланған еді. Сонда былай деп жазылғаны жадымызда.
«Патша әкiмшiлiгi Әбiлқайыр хан өлiмiнiң себебiн анықтау мақсатында Кiшi жүзде қалыптасқан хал-жағдайды бақылап отыру үшiн татар тiлмашы Ю.Гуляевтi Кiшi жүзге жiбередi.
Алғаш рет Мөңке би осы Гуляевтiң жазбасында аталады. Кiшi жүздiң басты деген билерi жиналып, Әбiлқайырдың орнына хан сайлаймыз деген мәселе көтерген. 1748 жылы 26 қыркүйекте билер мен батырлар Нұралыны хан сайлау керек деген қорытындыға келедi. Алшын бiрлестiгiндегi Мөңкенiң ықпалы өте жоғары болғаны байқалады. Ал патшалық Ресейдiң саясаты ықпалды билердi өз жағына тартып алу едi. Мөңке би әу бастан Әбiлқайырдың ұстанған саясатын онша қолдамаған. Ол орыстардың қазақ даласына сұғына кiруi түбi жақсылыққа апармайтынын сол кезде бiлген. Сондықтан ол Ресейге наразы топтың қатарында болды».
Мөңке би бір тағылымында былай деген екен: «Жақсылықты ғанибет деп біл, менмендікті, өркөкіректікті кәсіп етпе. Ата-анаңды қадірле, балаларыңа білім мен әдеп үйрет, мүмкін болса, оқ атуды, атқа шабуды үйрет. Өз наныңды өзің адал тауып же!».
Заманының ахуалын тап басып түсініп, қазақ баласының қамын жеген, жақсылыққа жетелеген ғұламаның әр сөзі құнды бүгінде.
Тағы бір атап өтелік жайт, Мөңке толғамдарына бүгінде түркі жұртшылығы қызығушылық танытуда.
Мәселен, Түркияның Ыстамбұл қаласындағы баспадан ойшыл, дала философы Мөңке Тілеуұлының шығармалар жинағы жарық көрді. Түрік ғалымдары аса қызығушылық танытып, есімі алты алашқа мәлім Мөңке би туралы деректер мен толғаулар жинағын 10 мыңнан аса данамен шығарған.
Ал Алматыдағы «Аруна» баспасы осыдан біраз жыл бұрын ғылым докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Мөңке биі» атты кітабын «Шығыстың ұлылары» атты топтама сериясымен шығарды. Көрнекті ғалым-публицист шашасына шаң жұқпас шешен, қара қылды қақ жарған әділ би, айтқаны айдай келген көреген, дала данагөйі, жырау Мөңке бидің өмірін толық әрі әсерлі баяндайды. Автор «Ел аузында ол болашақты болжағыш көріпкел, құт дарыған, яғни Жаратқанның ықыласы ауған киелі кісі атанды. Ұлы далада ондай адамдарды әулие дейді» деген тұжырым жасайды.
Сөзімізді қорыта келе, елдігіміздің мәртебесін көтеріп, адами құндылықтарымызды қадір тұтуда, жалпы ізгілікті ізденістер жолында Мөңке әулие тағылымдарына көз салып отырудың артықтығы жоқ екендігін тағы бір қайталап айтқымыз келеді.
Оңдасын ҮСЕНОВ,
өлкетанушы, еңбек ардагері.



