Жеңіс

«Қалдырған ізің мәңгілік»…

Тағылым

Ырғыз ауданы Құтикөл ауылындағы Т.Шонанұлы атындағы орта мектепте Ұлы Отан соғысы ардагері Сәдуақас Дүкенбаев пен ұстаз Ханым Дүкенбаеваны еске алуға арналған «Ерлікпен өрілген ұстаздық жол» атты тағылымды іс-шара өтті.

Іс-шараға мектеп оқушылары мен ұстаздары, ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздардың ұрпақтары, аудандық білім бөлімінің өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Жиынға қатысушылар қос тұлғаның өмір жолы мен еңбегі жайлы әсерлі естеліктермен бөлісті.

Сәдуақас Дүкенбаев 1921 жылы туған. 1942 жылы майданға аттанып, Брянск және Белорус майдандарында шайқасты. Атқыштар полкінің взвод командиріне дейін көтеріліп, «Қызыл жұлдыз» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі өмірін туған өлкесінің білім саласына арнап, 30 жылдан астам уақыт ұстаздық етті. Ол 1964 жылы Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері атағымен марапатталған. Зайыбы Аяпова Күлән Шүйіншібайқызы 8 перзент тәрбиелеп өсірді.

Ал қарындасы Ханым Дүкенбаева 1928 жылы Аманкөл ауылында дүниеге келген. Ұстаздық жолын 1943 жылы бастап, ауданның бірнеше ауыл мектебінде ұзақ жылдар еңбек етті. Ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін 1961 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі», 1966 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атақтарына ие болды. 1968 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезіне делегат ретінде қатысты.

Аталған шара аясында мектеп қабырғасында «Дүкенбаевтар» кабинеті ашылып, іші жаңа технологиялармен жабдықталды. Бұл ерлік пен ұстаздық еңбектің келер ұрпаққа қалдырған үлгісі ретінде бағаланды.

Мектеп әкімшілігі майдангер есімін ұлықтау мақсатында Сәдуақас Дүкенбаев атындағы шәкіртақытағайындап, мектептің үздік оқушысы —Ислам Нұрғалиға табыстады. Енді ол арнайы төсбелгімен қоса ай сайын 10 000 теңге шәкіртақы алып тұрады.

Кездесуде бастауыш сыныптар арасында мектепішілік пәндік олимпиада ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ардагердің мүсіні бейнеленген медальдар мен директор атынан Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ оқушылар ерлік туралы сахналық көріністер қойып, ардагер ұстаздардың өмірінен үзінділер оқыды.

Қос ұстаздың бүгінгі ұрпағы да халқына қызмет етуде. Ұлдары мен немерелері — Самат Дүкенбай мемлекеттік қызметте болса, Бағдат, Қанат, Талғат  білім саласында еңбек етіп жүр. Бұл — отбасылық дәстүрге айналған елге қызмет етудің айғағы.«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақ тәмсілін айғақтайтын бұл шара — жас ұрпаққа үлкен өнеге. Сәдуақас пен Ханым Дүкенбаевтардың өмірі — ерлік пен еңбекке толы шынайы шежіре.

 Талғат ҚАЙМОЛДИН,

Д.Қонаев атындағыатындағы орта мектеп-гимназиясы 

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button