Ұстаз тағылымы

Тәрбие
Қазақ халқының рухани қазынасында тәрбиелік маңызы зор мол мұралар сақталған. Солардың бірі — Мұхтар Әуезовтің «Ұл тәрбиелесек — халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелесек — ұлтты тәрбиелейміз» деген құнды сөзі. Бұл сөздің астарында терең мән жатыр.
Расында да, әрбір ата-ана ұрпағының болашағынан зор үміт күтіп, тәрбиесіне ерекше мән береді. Тәрбие — адам тағдырын айқындайтын ұлы іс. Оның бастауы — отбасы. Бала алғашқы тәлімді отбасынан алады. Ал мектеп тәрбие жұмысын ұйымдастыруда жеке тұлғаның дамуына және қалыптасуында әртүрлі факторларды біріктіріп, үйлестіру жолында тәрбиенің сан алуан түрлерін жүзеге асыруды көздейді. Осы орайда мектептің ата-аналармен жүргізілетін жұмыстары тұрақты болуы керек. Бұл тұрақтылықты сынып жетекшісі қамтамасыз етеді. Сынып жетекші өз іс-әрекетімен шәкіртіне үлгі бола білсе және оқушылардың ойымен санасып, сұраныстарын ескере отырып, балаға деген жүрек жылуын бөлу арқылы жұмыс барысын жоспарлауды көздесе ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.Ол үшін әр балаға әртүрлі тәсіл қолдану керек.
Тәрбиенің негізі — адамгершілік құндылықтар. Осы қасиеттер үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым-қатынас кезінде бала бойына дариды. Сондықтан мектептің тәрбие жұмысында аға буынмен кездесулер, отбасылық сайыстар, ашық есік күндерін және қарт адамдарға көмек көрсету, кіші сыныптарға қамқорлық жасау сияқты жұмыстарды тиімді ұйымдастыру қажет.
Сынып жетекшісі мен ата-ана бірлесе жұмыс істеп, оқушының пікірімен санаса білсе, болашақта елін сүйетін, ұлтжанды, жан-жақты азамат өсіп жетіледі.
Ұстаздың міндеті — жас ұрпақты тек білімді, еңбекқор, зерек етіп ғана қоймай, сонымен қатар тәрбиелі, адамгершілігі жоғары, инабатты, көркем мінезді азамат етіп тәрбиелеу.
Тәрбиенің шыңына шығудың сыры шәкіртке деген құрмет пен сенімде деп білемін. Балаларға жан жылуын сыйлай алатын, өз ісіне шынайы жауапкершілікпен қарайтын ұстаз ғана толыққанды тұлғаны қалыптастыруға қабілетті.
Эльмира ҚОЙЛЫБАЕВА,
І.Есенберлин атындағы№ 15 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.