Жастар

«Жастар. Еңбек. Болашақ»

Жасыл ел

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кітапханасында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың қатысуымен өткен диалог алаңы осылай аталды.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымының ашылуына орай ұйымдастырылған басқосуға еліміздің әр аймағынан келген жастар саясаты саласының өкілдері, жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен белсенді жастар қатысты.

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, мұндай басқосулар әр өңірдегі жастар саясаты саласының дамуына оң әсер етіп, өзара тәжірибе алмасуға сеп болады.

— Бұл — тек кездесу емес, тәжірибе бөлісудің тиімді алаңы. Әр өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысу, идея алмасу жастар саясатының сапасын арттырады, — деді Қамбаров.

Жиын барысында ақтөбелік жастар үшін жасалып жатқан игі істер де айтылды. Соның бірі де бірегейі — «Жасыл ел» еңбек жасағы. Бұл ұйым жастарды біріктіріп ғана қоймай, алғашқы жұмыс орнын да ұсынады. Бүгінде «Жасыл ел» қатарына қосылған жастар қаланың көркеюіне өз үлестерін қосып отыр. Олардың еңбегіне сұраныс артып, жалақы көлемі де заман талабына сай көбейіп келеді.

Жастардың, сарбаздардың ұсынысы мен қызығушылығы негізінде облыс әкімінің қолдауымен биыл 3200 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жалақылары да жыл сайын артып келеді. Қазір салықты есептемегенде сарбаздардың ай сайын қолына алатын жалақысы — 150-200 мың теңге, — деді Ақтөбе облысының «Жасыл ел» еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Ақтөбедегі «Жасыл ел» еңбек жасағының жалақысының өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары екеніне риза болды.

— Астана мен Алматы сынды ірі қалаларда іргелі компаниялар көп қой. Солармен меморандум жасасу арқылы жастарға қосымша үстемеақы төлеуге де мүмкіндік бар. Бұл — өзгелерге үлгі боларлық бастама, — деді Қайрат Қамбаров. Сондай-ақ ол жалақыдан бөлек, белсенділігімен көзге түскен ақтөбелік жастарға Астанаға жолдама берілетінін өзге облыстарға үлгі етті.

Басқосу барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ә.Тұралиев,«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы Н.Бекматов, Алматы қаласының «Жасыл ел» штабының төрағасы Ә.Нұрпейісов және тағы басқалар өз өңірлеріндегі жасыл елдіктердің тыныс-тіршілігін баяндады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button