Құқық

Ел кезген «Екінші толқын»

АҚШ-тан бастау алған қаржы дағдарысы әлемді кезіп жүр. Биыл Еуропа елдеріне «ауыз сала» бастап, еуропалықтарды жан алқымнан алып, құтын қашырды. Тек қаржылық қиындық қана емес, оларды қыстың алақұйын мінезі де қыспаққа алды. «Вести.ру» сайтының соңғы жаңалықтарына сүйенсек, Еуропада 500-ден астам адам үскірік аяз бен қалың қардың құрбаны болыпты.

Біздің елдің халқы да «дағдарыстың екінші толқыны келе жатыр» деп шулап жүр. Сонымен, ғаламтор не дейді? Әлқисса…

Биыл Швейцарияның курортты Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысушылар «Евро аймағы елдеріндегі дағдарыс және оның әлемдік экономикаға тигізер әсері» тақырыбында әңгіме өрбітті.

Басқосуға жиналғандардың пікірінше, әзірге экономикалық салада ақырзаман тудырудың реті жоқ.

Форумның биылғы 42-сессиясын ашқан Германия канцлері Ангела Меркель: «Қазіргі ғаламдық экономикалық жағдай Еуропаның 2008 жылғы дағдарыстан жеткілікті сабақ алмағанын көрсетіп берді», — деп мәлімдеді. Оның айтуынша, еуропалық елдер дағдарыстан шығу жолдарын табуға бірлесіп атсалысқаны жөн.
Канцлер:
Еуропаға қатал қаржылық тәртіп пен экономикалық мәселелерді шешуде икемді саяси құралдар қажет. Германия өте мықты екені рас, біз басынан бастап еуро үшін күресетінімізді айтқанбыз, бірақ қолымыздан келмейтін уәдені бергіміз келмейді. Тіпті Еуропаның Орталық Банкі 500 миллиард еуро қаржысы болса да және ендігі 3 жыл бойы банктерді қолдап отырса да, бұл мәселені жалғыз өзі реттеуге қауқарсыз, — деді.
Давос басқосуы қарсаңында Халықаралық валюта қоры 2012 жылы әлемдегі экономикалық өсімнің тек 3,3 пайыз болатыны турасында болжам жариялаған еді. Бұрын бұл көрсеткіш 4 пайыз болады деген үміт бар болатын.
Ал online.wsj.com сайты «The Wall Street Journal» газетіне сілтеме жасай отырып,

әйгілі америкалық инвестор Джордж Соростың пікірін  беріпті. Ол:

— Әлемдік экономика үшін «теріс дефляциялық кезең» басталмақ. Өйткені Еуроаймақ елдері бюджетті үнемдеу шаралары шеңберінде шығыстарын күрт азайтуда. Бұл өз кезегінде тұтынушылық сұраныс пен баға деңгейін ырықтандыратын болады, — деп топшылайды. Одан әрі: «Дағдарысқа төтеп бере алса да, Еуроаймақ қарыз мәселелерін жеңу үшін мемлекеттер қабылдаған шаралар нәтижесінде «қатаң үнемдеу» кезеңін бастан өткізеді. Еуроаймақ елдерінің ортақ қаржылық көзі — Еуропалық қаржылық тұрақтылық қоры болғанмен, оның қызмет шартын несие беруші негізгі елдер, оның ішінде Германия айқындайтын болады», — депті.

Дж.Соростың пайымдауынша, бұл жолғы дағдарыс 2008-2009 жылдардағы ғаламдық қаржылық құлдырауға қарағанда анағұрлым қиын болуы мүмкін, әрі Еуропалық банктердің күйреуі бүкіл әлемдік экономикаға кесірін тигізбек. Сондай-ақ, оның мәлімдеуінше, еуро аймағынан туындаған дағдарыстың шешімі табылмаса, онда Еуропалық Одақтың экономикалық және саяси бірлігіне қауіп төнеді.

 

…Еуропаға «Ауыз салды»

Қазір жағдайы қиындаған Еуропа елдерінің басшылары сырттан ақша алып, дағдарысты еңсеру жолын қарастырып жатыр. Бірақ сол несиелер шенеуніктерге емес, қарапайым халыққа соққы болып тиіп тұр. Сондықтан Еуропаның әр елінде күнде жиын, күнде шеру.

«Қазақстан» ұлттық арнасы ұсынған әлем жаңалықтарына зер салдық: Грекияның қазіргі жағдайы нашар. Үкіметтегі бес шенеунік отставкаға кеткен.

Ал шетелден 130 миллиард еуро несие алу — Афинаның соңғы мүмкіндігі. Оны қазір алмаса, Грекия наурыз айында-ақ дефолтқа ұшырауы мүмкін. Бірақ сол траншқа қол жеткізу оңай болмай тұр.

Еуропа одағының, Еуропа орталық банкінің және Халықаралық валюта қорының талабы бойынша, Грекия шығындарды азайтуы керек. Яғни, зейнетақыны 15 пайызға, жалақыны 22 пайызға қысқартып, жыл соңына дейін 15 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босатуға міндетті.

Осы айдың басында Еуропа одағында бірінші болып Бельгия рецессияға аяқ басқанын мойындады. Себебі, өткен жылдың төртінші тоқсанында бұл мемлекеттің экономикасынан өсім емес, 0,2 пайыздық құлдырау байқалған. Сондықтан Брюссель әлеуметтік төлемдерді қысқартып, азаматтардың зейнетке шығу жасын ұлғайтуға мәжбүр. 65 жаста зейнетке шығуға қарсы өрт сөндірушілер жұманың кешінде үкімет үйіне су шашып, басшылыққа үлкен наразылықтарын білдірді.

Ұлыбританияның да өндірісі өрге баспай тұр. Осыдан бірер күн бұрын Англия банкі станокпен 50 миллиард фунт стерлинг басып шығарып, оны экономикаға «тастайтынын» мәлімдеді. Өйткені жалпы ішкі өнім 2011 жылдың соңғы тоқсанында тура Бельгиядағыдай 0,2 пайызға азайған. Ал 50 миллиард фунт стерлингіміз — Америка валютасына шаққанда шамамен 80 миллиард доллар. Премьер-министр Дэвид Кэмеронның ойынша, британ экономикасының шатқаяқтауына ең алдымен Еуропа елдеріндегі қарыз дағдарысы себепші. Ол:

— Еуровалюта аймағының дағдарыстан шыққаны қажет. Өйткені оның кері әсері біздің экономикаға тиіп отыр. Егер Еуропадағы проблемаларды еңсере білсек, одан Британия да, аймақ та ұтары сөзсіз, — дейді.

Дағдарыстың тағы бір көрінісі — Испанияның бас қаласы Мадридте болды. Мұнда жаңа еңбек заңына наразы жүздеген адамның қатысуымен шеру өтті. Қазір Испания үкіметі мерзімді еңбек демалысын 45 күннен 33 күнге дейін қысқартып, қаржы үнемдеп, жаңа жұмыс орындарын көбейту жолдарын қарастырып жатыр. Өйткені жұмыссыздық деңгейі 23 пайызға жуықтап, Еуропа түгілі, әлемде рекордтық дәрежеге жетіп отыр. Халық наразылығын күшейткен тағы бір фактор —  бюджеттік шығындардың қысқарып, салықтың өсуі. Бұл мемлекет қазынасындағы қаржы тапшылығын жоймаса, тіпті, Грекия, Португалия, Ирландия тәрізді халықаралық кредиторлардың көмегіне жүгінуі мүмкін.

Қаржы дағдарысынан есеңгіреп қалған тағы бір мемлекет — Португалия. Бюджеттің түбі көрінгенде Лиссабон «үштіктен» — Еуропа одағы, Еуропа орталық банкі және Халықаралық валюта қорынан несие сұрады. Бірақ сол 78 миллиард еуро несиені алу үшін Португалия көп нәрсені құрбан етіп отыр. Жалақы мен зейнетақы қысқарып, салық көтеріліп, жұмыс орындары жабылғаны өз алдына, көптеген португалиялықтар өздерінің тәуелсіздігін ақшаға сатып жібергендей күй кешуде.

Ирландия Еуропадағы қаржылық дағдарыстан шыққан бірінші ел болды. Еурокомиссия «аталған мемлекет енді қаржылай көмекке мұқтаж емес» деп мәлімдеді. Бірақ қаржы ауыртпалығын Еуропаның өзге елдері тартып, күн өткен сайын тығырыққа тірелуде. Ендігі кезек Италияға келіп жетті.

«Ирландия «үштіктің» екінші мәрте қаржылай көмегіне зәру емес», — деді Еурокомиссияның баспасөз хатшысы Амадеу Альтафаж Тардио. Оның пайымдауынша, бұл жағдай Ирландия экономикасының көтерілуімен байланысты. 2011 жылға жасалған арнайы сараптамалар осыны көрсетеді. Әсіресе, банктерді қайта құрылымдау өз нәтижесін берген. Ирландия алғашқы қаржылай көмекті 2010 жылы күзде алған болатын. Ол кезде бұл елге 85 млрд. еуро бөлінген еді.

«Үштіктің» қаржыландыруындағы өзге елдер мұндай көрсеткіштерге жеткен жоқ. Португалия мен Грекия әлі де ақшалай көмекке зәру және аталған елдерге қаржы бөлу тоқтатылмайды.

Осындай жағдайда да Еуропа елдерінің ішінде Италия мемлекеті, мысалы, Парламент депутаттарына еңбекақы төлеуден қаржы аямайтын болып шықты.

Арнайы ұлттық комиссия жасаған зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, италиялық депутаттың бір айлық жалақысы — 11283 еуро, әрі жолақы шығындары үшін тағы 3503 еуро бөлінеді екен. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, «бұл көрсеткіш Еуроодақтың өзге елдерімен салыстырғанда 60 пайызға жоғары».

Еске сала кетсек, Италия Парламентінің Төменгі палатасында 630 депутат, ал Жоғарғы палатасында 315 сенатор бар.

Дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша, бұл елде бюджет тапшылығын 20 млрд. еуроға қысқарту және экономиканы  дамыту шараларына 10 млрд. еуро бөлу көзделген. Үкіметтің қаржыны үнемдеуге қатысты сол ұсынысы бойынша, зейнеткерлік жас әйелдер үшін 62 жасқа, ал ер адамдар үшін 66 жасқа дейін ұзартылуы қажет екені көрсетіліпті.

Еуропалық ынтымақтастық  үлкен қиындықпен болса да бұл тығырықтан шығады.

Қытайдың Жаратылыстану ғылымдары академиясының Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Чжан Юйянь Алматыда Сыртқы істер министрлігінің Саяси консультациялар комиссиясы мүшелерінің  баспасөз өкілдерімен  сұхбаттасуы кезінде осындай болжам айтты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» мәлімдеді.

«Кейбіреулер Еуропалық одақ тарап, еуро құлайды дегенді айтады. Өз басым Еуропалық ынтымақтастыққа сеніммен қараймын.  Еуропадағы бұл қарыздық дағдарыс жаңа құбылыс емес. Қарыздық дағдарыс Рим империясы кезінде басталды. Ол өркениет арқылы қайта дамуда. Соңғы 200 жылда несиелік міндеттемелер әлемде 250-ден астам рет бұзылды. Бұл қарыздық дағдарыс ең салмақтысы болып отыр», — дейді Ч.Юйянь. Профессордың айтуынша, еуропалық ықпалдастық енді дағдарыс  жағдайында алға жылжуда. Қарыздық дағдарыс  экономикада ғана шектелмейді, ол саясатпен тығыз байланысты. Оның үлесі саясатта — 70, ал  экономикада — 30 пайыз.

 

Қазақстан дайын!

 

Еуропа және Орталық Азия  аймағы  бойынша Дүниежүзілік банктің бас экономисі Индермит Гиллдің болжауынша, Оңтүстік Еуропа елдеріндегі, оның ішінде Грекиядағы қаржы және борыш мәселесі тізбекті реакция эффектісіне әкеліп, бүкіл Балқанға, тіпті, Орталық және Шығыс Еуропаға, Ресей мен Орталық Азияға таралуы мүмкін.

Халықты үрейлендірмеу үшін ғаламторды тағы да шарладық. Жұрт не деп жатыр? «Orda-kz.kz» сайты жариялаған «Қазақстан дағдарысқа дайын ба?» атты мақаланы көрдік. Болжамға толы материалды үзіп-үзіп беруді жөн көрдік.

Сарапшылардың болжамынша, Қазақстан дағдарыстың екiншi толқынында таныс проблемаларға ұрынады. Олардың айтуынша, тығырықтан шығудың жолдары белгiлi, бiрақ одан қашып құтыла алмаймыз. Сол шараларды қабылдау кешеуiлдей берсе, керi әсерлер созыла бередi.

Жалпы, дәл қазiр дағдарыстың екiншi толқынының болу мүмкіндігі өте жоғары. Бұл туралы күнi кеше халыққа арнаған Жолдауында Елбасы Н.Назарбаевтың өзi де айтып өттi. Тiптi Елбасы бұл жолы дағдарыстың бес-алты жылға созылуы мүмкiн екендiгiн де жоққа шығарған жоқ.

Жоғарыда аталған мақаладағы сарапшылардың сөзiне сенсек, Қазақстан қазiр дағдарыстың екiншi толқынына дайын. «Бiрiншiден, Үкiмет пен Ұлттық банк жағдайды нақты түсiнедi және соған сай 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан жиған тәжiрибелерi бойынша әрекет жоспары бар. Екiншiден, мемлекеттiң алғашқы дағдарысқа қарағанда қазiргi ресурсы анағұрлым көп, Ұлттық банктiң алтын-валюта қоры мен Ұлттық қордың активтерi бұрынғы дағдарыспен салыстырғанда едәуiр өскен. Үшiншiден, банк жүйесi содан берiде қайта құрылып, жұмыстарын бiршама реттеп алды. Алайда олардың алдағы уақыттағы әрекеттерi дағдарыстың ұзақтығы мен тереңдiгiне байланысты жүретiнi сөзсiз.

Мәселен, дағдарыс 2007-2009 жылдардағыдай өтсе, дәл қазiр ол Қазақстанның тұрақтылығы үшiн аса қауiптi болмас едi. Бiрақ, бұл жолы дағдарыс ұзаққа созылса, несиелер қайтпай, Үкiметке жаңа мiндеттер қабылдауға тура келетiнiн де жасыруға болмас».

Жуырда ҚР Президентi Н.Назарбаев министрлiктер мен ведомство басшыларына мемлекеттiк қызметкерлерiнiң бiразын қысқартуға тапсырма бердi. Ендi министрлiктер мен ведомстволар, атқарушы билiк органдары 1 наурызға дейiн қайта құрылымдау туралы ережелерiн жасап, штат санын нақтылауы қажет.

Президенттiң мұндай қадамға баруына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа тағайындалған басшысы Өмiрзақ Шөкеевтiң мәлiмдемесi себеп болған. Жұмыс барысымен танысу барысында қор басшысы аппаратта көптеген адамдардың қағаздарды бiр жерден екiншi орынға ауыстырып қойғаны үшiн де жоғары жалақы алып жүргенiне көзi жеткен.

Мемлекеттiк қызметкерлер осындай жаппай қысқартуға соңғы рет 2011 жылдың басында ұшыраған болатын. Сол кезде 15 мың 351 мемлекеттiк қызметкер және 9 мың 315 күш құрылымдары қызметкерлерi қысқартылған.

Ел экономикасын дамыту үшiн Қазақстан  мемлекетi ендi Ұлттық қордан несие алмақ. Халыққа арнаған биылғы Жолдауында Елбасы осылай дедi. «Бiзге индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшiн Ұлттық қордан несие алуға тура келедi, ақшаны Батыстың банктерiнде ұстағанша, өз экономикамызға салғанымыз дұрыс деп санаймын. Әлемде дағдарыс болып жатыр, ал бiз Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырамыз, ондаған мың жұмыс орнын ашамыз», — дедi Елбасы. Мемлекет басшысы ол қаржының тұрғын үй құрылысы, металлургия және басқа да салаларға бөлiнетiнiн жеткiздi.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button