Ауыл

Көгілдір отын келеді

Мәртөк ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жақында аудан әкімі Медет Ысқақов Хазірет ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауылда жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жұмыстармен танысты.

Ауыл тұрғындарын алаңдататын бірден-бір мәселе — көгілдір отын. Бүгінде Мәртөк ауданына қарасты 32 елді мекеннің 17-сі (53,1%) газбен қамтамасыз етілген.

Қазір «Алихан Ойл» ЖШС мердігер ұйымы ауылішілік және жеткізуші газ құбырын тарту жұмыстарын бастады. Жобаның жалпы ұзындығы — 47,8 шақырым. Мұнда 4 техника мен 6 жұмысшы жұмылдырылған.

— Хазірет ауылында 103 тұрғын үй бар. Мұнда 351 адам тұрады. Жоба аяқталған соң, ауыл халқы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, тұрмыстық жағдай едәуір жақсарады. Сондай-ақ су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Маусым-шілде айларында балалар алаңы пайдалануға беріледі. Ауылда 350 метр орман белдеуі егілді. Экологиялық тазалық үшін жасыл желектерді егу жұмыстары бұдан әрі қарай да жалғаса береді. Бүгінде Петропавловка-Хазірет тасжолының 7 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — дейді Хазірет ауылдық округінің әкімі Рустам Жарболов.

Сондай-ақ биыл Мәртөк ауданына қарасты Шевченко, Қызылжар, Бөрте, Ақмоласай, Байнассай, Аққайың, Полтавка, Покровка ауылдық округтеріне көгілдір отын беріледі.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button