Білім

Шеберлікті шыңдайтын алаң

WorldSkills Aktobe

Ақтөбеде колледж оқушылары мен жас мамандар арасындағы ауқымды кәсіби байқау — WorldSkills Aktobe-2025 өтіп жатыр.

Дүниежүзіне кең таралған«WorldSkills» халықаралық қозғалысы біздің елде де ауқымды мемлекеттік қолдауға ие. Ақтөбе облысы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға бағытталған халықаралық WorldSkills қозғалысын 2015 жылы қолдай бастады, биыл чемпионат оныншы рет ұйымдастырылып отыр.

Чемпионаттың негізгі мақсаты — еңбек адамының мәртебесін дәріптеу және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, шеберлік дағдыларын дамыту.
Елімізде 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.
Үш күнге созылған байқауға биыл облыстың 34 колледжінен 300-ден астам болашақ жас маман қатысып, инженерлік технологиялар мен IT-дан бастап, сервис пен дизайнға дейінгі 46 құзыреттілік бойынша өз шеберліктерін көрсетіп жатыр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева,облыстық мәслихат депутаттарыменжәне «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілімен бірге WorldSkills Aqtobe-2025 аймақтық чемпионаты жарыс алаңындағы жұмыстарды көріп шықты.

— WorldSkills Aqtobe — техникалық және кәсіптік білім берудің сапасын, заманауи құрал-жабдықтар мен технологияларды және жастардың еңбек нарығына дайындығын көрсететін маңызды платформа. Колледж оқушылары бұл байқауға қатыса отырып, алған білімдері мен меңгеріп жатқан дағдыларын іс жүзінде байқап көріп, шеберліктерін шыңдайды, тәжірибе алмасады. Басты мақсатымыз — колледж білім алушыларының, яғни жұмысшы мамандықтарыныңбіліктілігін шыңдау. Болашақ мамандар үшін бұл байқау бәсекелестікке түсуге, кемшіліктерін түзетуге, өзін дамытуға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Жеңімпаздар республикалық байқауға қатысып, Ақтөбе облысының намысын қорғайтын болады. Республикадан жеңіп шықса, әрі қарай халықаралық WorldSkills байқауына қатысады. Жастардың қызығушылығы жоғары. Сарапшылар— тәуелсіз, сырттан келгендер. Сондықтан байқау да әділ, объективті өтуге тиіс, —дейді Бұлбұл Күзембаева.

Алаңда мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында экскурсиялар ұйымдастырылды. Қала мектептерінің мыңға жуық оқушысы чемпионат алаңын аралап, түрлі жұмысшы мамандықтарымен танысты.

Түрлі сала бойынша дарынды жастардың шеберлігін кәсіпорындардың білікті мамандары сарапқа салады. Тәуелсіз сарапшылар қатарында Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау және Семей облыстарының жетекші мамандары бар.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button