Ақтөбенің Жұлдызы

Мәдениет пен өнер саласын ішкі мәдениеті, рухы мықты жандар дамытып, оны халықтың өшпес қазынасына, рухани байлығына айналдырып келеді. Олар жылдың қай мезгілі болса да, түрлі қиындыққа қарамай, халықтың көңілінен шығу жолында аянбай қызмет етеді. Сондай өнер иесінің бірі, «Ақтөбенің Жұлдызы» атанған әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі — Жұлдыз Нұрқасымова.
Өнерге бала кезінен құштар болып өскен Жұлдыз бүгінде көптеген халықаралық, республикалық, облыстық өнер додаларында жеңімпаз атанып, шәкірт тәрбиелеу жолында тынбай еңбек етіп келеді.
— Ең алғашқы жеңісті сәтім әлі есімде. 1996-1997 жылдары «Жастар дауысы», «Жас дәурен», Заман-шоу байқауларында топ жардым. Үлкен сахналарда өнер көрсету бала кездегі асқақ арманым болатын. Өнердегі алғашқы ұстазым Тахил Аймағанбетов еді. Ол №32 мектеп-гимназия жанындағы «Шалқыма» балалар филармониясын басқарып, жастарды өнерге баулыды. Осы жерде жүріп сахна мәдениетін үйрендім, ән де айттым, көрініске де қатыстым. Кейіннен Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде хор дирижері мамандығы бойынша оқыдым. Онда мықты вокалистерден дәріс алып, білімімді шыңдадым. Өнердегі жетістікке жетуіме колледж оқытушылары Алтын Жұмашева мен Николай Таубековтің еңбегі орасан зор. Одан кейін 2000-2004 жылдар аралығында Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университеттің «Музыка» факультетінде, 2022 жылы Ресей Федерациясы Челябинск қаласындағы мемлекеттік мәдени институтында «Академиялық вокал» бөлімінде білім алдым, — дейді ол.
Жұлдыз Нұрқасымова 2001 жылдан бастап Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда қызмет етеді. Филармониядағы камералық хор ұжымында, классикалық музыка ансамблінде және Қалалық мәдениет сарайының эстрадалық үрлемелі оркестрінде жұмыс жасады. Сондай-ақ 2020-2021 жылдар аралығында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде ол әншілікпен ұстаздық қызметті де қатар алып жүр. Қауырт жұмыс өнер иесінің шығармашылығына ешқандай кедергісін келтірмейді.
— Ең алғашқы есеп беру концертім 2010 жылы өтті. Одан кейін 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап «Ән-жүрек» атты жеке шығармашылық концертімді бердім. 2023 жылы «Әнім менің» атты жеке шығармашылық кешім камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Ән кешімнің барлығында дерлік 100 пайыз жанды дауыста орындадым. Қазір көзі қарақты тыңдармандарды фонограммамен ән айтып, таңғалдыра алмайсың. Сондықтан жыл сайын ән қоржынымды жаңартып тұрамын. Бүгінде «Әнім менің», «Жақындама» сияқты әндерім көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Оның айғағы — әлеуметтік желідегі тыңдармандарымның маған жазған жылы лебіздері, — дейді өнерпаз.
Жұлдыз — табиғатынан талғампаз, кез келген әнді жүрекке жеткізіп орындайтын әнші. Оның Оңталап Базаралының сөзіне жазылған композитор Дулат Айтжановтың «Киелі аққу» әні — өнерпаздың дауысына лайықтап әрлеген әндердің бірегейі. Ол бұл әнінде аққу құстың әсемдігін керемет жеткізе білді. Жақында аналар мерекесіне орай әншінің «Жан анам» атты әні жарыққа шықты.
— Бұл ән — ақтөбелік композитор, әнші Ерхан Алданазаровтың кезекті туындысы. Ол әнінде ананың мейірімі мен қамқорлығын шебер жеткізген. Бұл әлемде анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Репертуарымда ана туралы ән көп болғанымен, бұл әннің жөні бөлек. Наурызда «Жан анам» әніне түсірілген бейнеклип ән платформаларында жарыққа шықты. Енді Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мен қала күніне арналған іс-шараларға қызу дайындалып жатырмыз. Жақында өнердегі досым, «Дауыс әншілер» ұжымының көркемдік жетекшісі Аллаберген Жақсыбаевтың бейнеклипі көрерменге жол тартады. Ретро стильде киінген филармония солистері бейнеклиптің сәтті шығуы үшін еңбектеніп жатыр, — дейді Ж.Нұрқасымова.
Бүгінде Жұлдыз — өнеріне қолдау көрсететін Дүйсенбаевтар отбасының үлгілі келіні, үш қыздың анасы. Күйеуі Бектұрған Дүйсенбаев та Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің үрлемелі және соқпалы аспаптар оркестрінде және Қалалық мәдениет сарайы жанынан құрылған эстрадалық оркестрде дирижер қызметін атқарады.
Кейіпкеріміз сұхбат барысында өнеріне қолдау көрсеткен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Дүйсенбаевтың еңбегін ерекше атап өтті. Ол облыстық филармонияны жиырма жылға жуық уақыт басқарып, өнегелі із қалдырды, жас таланттардың жолын ашты. Бүгінде Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұжымы жас мамандармен толығып жатыр. Ұжымының биік белестерді бағындыруына филаромония директоры, мәдениет саласының үздігі Дина Ниязова да өз үлесін қосып келеді. Жұлдыз Нұрқасымова ақтөбеліктер мақтан тұтатын өнер ұжымымен бірге әлі талай белесті бағындыруға ниетті.
Өнер иесі өткен жылы «Хабар» арнасында көрерменге жол тартқан «Бес жұлдыз» мега-шоуында сарапшы болып, таланттардың бағын жағар жобада жас әншілердің өнеріне баға берген-ді. Ол бүгінде Аида Оразова, Мерей Самұрат секілді көптеген дарынды шәкірт тәрбиелеуде. Бұл Жұлдыздың өз ісіне мығым, тәжірибелі маман екенін дәлелдейді. Тәрбиелеген шәкірттерінің жүзден жүйрік атануына бар күшін салып жүрген әншінің еселі еңбегі бағалана берсін.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



