АуылЖұмысшы мамандықтары жылы

Жас келсе іске…

Білікті маманға деген сұраныс ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсіп өндірісінде де жоғары. Қай жерге барсаң да агроном, мал дәрігері, механизаторлар керек. Сондай еңбегі еселі жастың бірі — Серік Сейсен. Бүгінде ол мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып, атадан қалған кәсіпті жалғастырып келеді. Кейіпкеріміз Қарғалы ауданына қарасты Степной ауылдық округінде еңбек етіп, ауылдастарының ықыласына бөленіп жүр.

Жоғары оқу орнын бітіргелі мал дәрігері болып жасайтын кейіпкеріміз қазір ауру малды түр-түсінен-ақ таниды. Ол ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария саласына жас мамандардың көптеп тартылуын қалайды. Қысы-жазы тынбай еңбек ететін Серік бүгінде ветеринарлық мекемеде басшылық қызметте.

Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің түлегімін. Әскери борышымды өтеп келген соң, Степной ауылдық округіндегі ветеринарлық станцияға жұмысқа орналастым. Білікті ветеринарлардан дәріс алып, тәжірибе жүзінде білімімді шыңдадым.

Бүгінде жас мамандардың дені жұмысшы мамандықтарынан қашқақтайды. Ветеринарлық пунктке келген жас ұзақ тұрақтамайды. Жастар жұмыстың қиындығын көріп, кетіп қалып жатыр. Сондықтан ветеринарлардың айлығын көтеру керек. Ал тәжірибесі жоқ мамандарға жоғары еңбекақы төленбесі анық, — дейді мал дәрігері.

Серік Сейсеннің айтуынша, төрт түліктің ішінде сиыр ауруға бейім болып келеді. Әсіресе жаз айларында сары безгек мазаласа, күзде аусыл ауруларына жиі шалдығады екен.

Шаруалар үшін ең қиыны — төрт түліктің жаппай ауруға шалдығуы. Ақпан айының ортасында мамандар қауырт шаруаға кіріседі. Олар төрт түлікке 15 түрлі ауруға қарсы жаппай вакцина егу жұмыстарымен айналысады. Ал жаз айларында 15 күн сайын сары безгектің алдын алуға дәрілер беріледі. Әр маусым сайын ветеринарлар ауыл-аймақты аралап, вакцина егу жұмыстарын жалғастырады. Бұл төрт түлік арасында тез тарайтын, жұқпалы аурулардың алдын алуға көмектеседі, — дейді ол.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button