Сұлушаш Тәжібаеваның биігі


Қала салып жатқандардың арасында кездейсоқ адамдар болмайды. Әрбір ғимарат, үй, қабат, пәтер — не біреудің еңбегі, не біреудің тағдыры.
Мұнаралы кран машинисі Сұлушаш Тәжібаева көп жылдан бері қаламыздың ғимараттарын биіктетіп келеді. Соңғы қырық жыл бойы биікке ұмтылу ол үшін дағдыға айналды. Мүмкін, әрқашан алдына биік мақсат қойғандықтан болар, ол өзінің өмірлік ұстанымына сай болуға ұмтылады.
Мәртөк ауданындағы Целинный (қазіргі Көкпекті) ауылының Сұлушашы жастайынан қыздар сирек таңдайтын мамандықты армандаған. №7 техникалық училищеде кран машинисі мамандығын алды. Жұрттың сұрақтарына ол:
— Мен жоғарыда болғанды, қаланы үстінен көргенді және үй салғанды ұнатамын, ешқашан биіктен қорықпадым. Оның үстіне біздің отбасымызда кран машинисі болған жоқ, сондықтан ең бірінші өзім көргенді жөн санадым — деп, жай ғана жауап береді.
1984 жылы училищені бітіргеннен кейін «Ақтөбе тұрғын үй құрылысы» механикаландырылған жұмыстар басқармасына (МЖБ) жұмысқа орналасты. Оның алғашқы ғимарат құрылысы әлі есінде. Ол стадионға қарсы, бұрын балмұздақ дәмханасы болған тұрғын үй еді. Оның айтуынша, кран кабинасының жоғары көтеріле түскені жас кезінде тың жаңалық сияқты көрінетін.
Содан үш жылдан кейін тұрмысқа шығып, сүйкімді үш баланың анасы атанды. Соған байланысты біраз уақыт өз кәсібінен жырақтап қалды. Бірақ оны кран әрқашан өзіне «шақырып тұратын».
2005 жылы Сұлушаш өз ісіне, бұл жолы «Altair StroyRemServis» ЖШС-на қайта оралды. Ол ұжымды — екінші отбасы, ал кранды «сүйікті бәйтерегім» деп атайды.
— «Altair StroyRemServis» — ең беделді құрылыс компанияларының бірі. Мен үлкен, тату ұжымның бір бөлшегі болғаныма қуанамын. Әріптестерім маған құрметпен қарайды, басшылық маған ең қиын жұмысты сеніп тапсырады және менің барлық бастамама қолдау көрсетеді, — деп ризашылығын білдірді.
Оны үйде де отбасы солай жақсы көреді. Күйеуі мен балалары далада қатты жел немесе қарлы боран болып жатқанда алаңдап отырады. Бірақ олар «анамыз жай жұмыс істеп жатқан жоқ, ол қала салып жатыр» деп мақтанады.
Әрине, оның туыстары мен жақындарының алаңдауы тегін емес. Сұлушаш талай сын сағатарын бастан кешкені бар. Ол қайсарлық пен батылдық сынға түскен күндерді ұмыта алмайды. Бірде Ақтөбеде соққан сұрапыл желдің жылдамдығы секундына 50 метрге дейін жетті. Мұнаралы крандар жел күшінен иіліп қалды. Тіпті Батыс ауданда екі кран майырылып құлап түсті.
— Мен сол жерде отырып, дұға еттім. Кранды жел ыңғайына қарай айналдырып бақтым. Мықты қорыққаным рас, — деп есіне алады ол.
Көптеген жұмысшы: дауыл тұрғанда соншама биікте сабырлық танытып, техниканы да сақтап қалғаны ғажап болды, — деп жатса, Сұлушаш:
— Мұндай жағдайда өз техникаңның тілін біліп, үрейге берілмеу керек, өйткені сенің іс-әрекетің тәжірибесі аз адамдарға кері әсер етуі мүмкін. Жоғарыда жұмыс істеген соң қалай болғанда да аяққа тапталмай өз «биігіңде» қалуың керек, — дейді қарапайымдылықпен.

Еңбекке және отбасы күйбеңіне толы күндер зулап өтіп жатыр. Биыл ол өзінің екінші үйіне айналған компаниядағы жұмысының 20 жылдығын атап өтеді.
Ол үшін әріптестер — құрметі ең үлкен марапат. Олар да Сұлушаш туралы тек жақсы лебізін айтады. Бригадир Петр Лыткин оның іскерлік қабылеті мен сенімді іс-қимылын айрықша атап көрсетеді:
— Егер ол тапсырма алса, бәрі де уақытында және күткендегідей орындалады.
Участок басшысы Олег Катунин осындай маңызды орында Тәжібаева сияқты мамандар жұмыс істеуі керек деп санайды.
— Ол өте жауапты адам десем, содан-ақ барлығын ұғуға болады. Оның жұмысында ұсақ-түйек ештеңе жоқ: ол барлық талап пен ережені сақтайды. Сұлушаш — нағыз кәсіпқой маман және өзінің ізін басқан жастардың тәлімгері. Ол әрқашан көмектесуге, кеңес беруге және үйретуге дайын тұрады. Біз өндірісте болған соң кез келген жағдайда сабырлы қалпымызды сақтай аламыз. Оның жоғары кәсіби шеберлігі мен техникалық тұрғыдан ойлай білу қабілетінің салқынқандылықпен ұштасып жатуы — баға жетпес құндылық. Сұлушаш сияқты адамдар ұжымның таптырмас тірегі болып табылады. Бұл қасиеттердің бәрі алтыннан да қымбат.
Бүгін еңбек адамының шынайы бейнесін баяндаған мақаламыздың кейіпкері туған күнін атап өтуде. «Көктен жерге түсіп, лайықты демалатын уақыт болған сияқты» десең, жауап ретінде жай ғана жымиып қоя салады.
— Мен жерде жұмыс істей алмайтын сияқтымын.
Мұнысы әзілі де, орынсыз бірбеткейлігі де емес. Бұл — өз өмірінің ең жақсы жылдарын арнаған мамандығына деген сүйіспеншілігінің көрінісі.
Әсет ТҰРСЫН.



