Жергілікті мамандар тау-кен саласын қалай игеруде?


Маркшейдер Абай Нұртілеуовтің тәжірибесінен Хромтау ауданындағы жаңа «Лиманное» мыс-мырыш кен орны облыс үшін маңызды инвестициялық жоба ғана емес, сонымен бірге ондаған мамандар өз орнын тапқан кәсіпорынға айналды. Солардың бірі — Абай Нұртілеуов.
Абай кеніште маркшейдер болып жұмыс істейді. Ол аталған жобаға басынан бастап қатысып, енді оның өлшемдері негізінде кен өндірудің ауқымды өндірістік үрдістері жүргізілуде.
Маркшейдер не істейді?
Маркшейдер — жұмыстың дәлдігі мен бағытына жауапты маман. Ол қазбаның шекарасын анықтайды, тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін бақылайды және техника бірқалыпты жұмыс істеуі үшін карьер салуға көмектеседі. Абай күнде құрал-жабдықтарын өзімен ала жүреді. Оның міндеті — өлшеу, есептеу және сол мәліметтерді геологтарға, инженерлер мен кеншілерге беру.
— Менің әдеттегі жұмыс күнім тау-кен жұмыстарының барысын бақылаудан, карьерді, жолды суретке түсіруден басталады. Содан кейін компьютерге отырып, сызбаларды жасаймын және орындалған жұмыс көлемін есептеймін. Біздің өлшемдерімізге қарай техниканың қайда баратыны, жиектеме қаншалықты тегіс болатыны және кеніштің қалай өрістейтіні анықталады, — деп түсіндірді маман.
Нақты есептеулер мен романтика
Маркшейдердің жұмыс кестесі қауырт: карьерге бару, деректерді өңдеу және картамен жұмыс. Міне, дәл осы түрлі міндеттер бұл кәсіптің нақты сипатын көрсетеді.
— Мен кеңседе жай ғана отыра бермеймін және күні бойы жел өтінде жүрмеймін. Біз өлшемдер алып та, компьютерлік бағдарламалармен жұмыс та жасаймыз. Жаңаны үйреніп, дамытуға мүмкіндік бар. Жаңа құрал-жабдықтар іске қосылып, бағдарламалар жаңартылып жатқан соң біз үйренетін нәрсе көп. Бізде жерді өлшейтін арнайы қондырғы бар, біз GPS жүйелерін қолданамыз. Егер соларды жақсы меңгеріп алсаң, оның бәрі жұмысты сапалы әрі жылдам орындауға көмектеседі, — дейді кеніш қызметкері.
Маркшейдер жұмысында нақты есептеулер ғана емес, романтикаға да орын бар. Абай карьерді түсіру кезінде ғажайып тастарға жиі жолығатынын, бұл шағын олжалардың өзі сол күнді қызықты сәтке айналдырып жіберетінін айтады.
— Ал егер маған ұнайтын орын — бақылау алаңқайынан кенішке қарасаңыз, керемет әдемі көрініске куә боласыз. Мен бұл жобаны өз әріптестеріммен бастағанымды мақтан етемін, — деп бір жымиып алды.
Үй мен кеніш арасы…
Хромтау ауданындағы Қопа ауылында туып-өскен оның «КазГеоРудта» жұмыс істегеніне бес жылдай болып қалды. Карьер оның үйінен 30 шақырым жерде орналасқан: «Кім болса да өзінің өскен жеріне жақын жерде жұмыс істегісі келетін болар. Менің «Лиманное» кенішіне жақын тұрғаным отбасыма да, өзіме де өте қолайлы».
Кеніште оның ауылдастары және туған ағасы Аман да жұмыс істеп жүр. Ол да Абай сияқты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген, бұрғылау-жару инженері. «Біз өз мамандығымызға саналы түрде келдік, оның болашағы зор деп тау-кен саласын таңдадық, — дейді Абай. — Мен өзім жақсы көретін сызбалар, есептеу және жеделдікті таңдадым. Маркшейдер мамандығы өз болмысыма сәйкес келеді».
Жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер
Абай Нұртілеуов еңбектен қашпайтын, білімге құштар адам өмірде өз орнын табатынына сенімді. «Өзің қалаған мамандықты таңдап, соған ұмтылу керек. Сонда еңбегің қызық, берекелі болады», — дейді Абай. Оның еңбек жолы қазіргі заманғы тау-кен өнеркәсібі жас мамандарға ашық екенін айқын көрсетеді. Маркшейдерлер, геологтар, техниктер, кеншілер, инженерлер мұнда әрқашан сұранысқа ие және олардың мүмкіндігі әлі де кеңейе түседі.
Елена КИЧАТАЯ.



