«Жолбарысты» тоқтатқан жауынгер


Атамыз Сағынай Қорғанбаев — Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ақтөбеліктердің бірі. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында атамыз туралы жазбақ ниетте мен де қолыма қалам алдым. Атамыз туралы осы кезге дейін облыстық, аудандық газеттерге бірнеше мақала жарияланыпты.
Сағынай Қорғанбаев 1916 жылдың мамыр айында Шалқар ауданының №1 ауылында дүниеге келген. 1926-1934 жылдары Шалқар қазақ орта мектебінде оқып, кейін Ақтөбе халық ағарту бөлімі жанындағы он айлық бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын курсты аяқтап, Шалқар балалар үйінде тәрбиеші болып еңбек жолын бастаған. Кейін Сталин атындағы колхозда есепші, түйе шаруашылығы бойынша мемлекеттік асылтұқымды мал өсіру мекемесінде хатшы болып жұмыс істеп, Ташкенттегі жоғарғы оқу комбинатында есепшілерді даярлау тобында білім алды.1942 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Воронеж майданындағы 195-атқыштар дивизиясының 564-атқыштар полкінде взвод командирі болған ол 1943 жылдың ақпан айында денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылды.
1943 жылдың наурыз айынан бастап Ақтөбе облыстық атқару комитетінде аға нұсқаушы қызметіне кірісіп, төрағаның көмекшісі болды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан өлкесі ауыл шаруашылығы басқармасының колхозаралық құрылыстар мекемесін басқарды.
Жергілікті басылымдардың бірінде жарияланған еңбек ардагері Ниетжан Берікұлының «Екі майдан жауынгері» деген мақаласында атам туралы былай деп жазылыпты: «1957 жылы 9 мамыр. Жеңіс күніне арналған салтанаттың бір қонағы — алқаның төрінде облыстық атқару комитеті төрағасына жалғас отырған әдемі жұқа өңді, әсем майысып толқынданған жұмсақ, қоңыр шашты азамат… Сәлден соң төраға мінберге Ұлы Отан соғысының ардагері Сағынай Қорғанбаевты шақырды. Мінберге әлгі сыпайы азамат көтерілді. Оның мақпалдай жұмсақ қоңыр дауысын естігенде, биязы қимылын, үстіндегі сталинкі кителінің денесіне қонымды ерекше бір жарастығын көргенде қандай сыпайыгер жан дегендей әсер аласың», дей келе автор Сағынай Қорғанбаевтың сөзін келтіреді. Мұнда атамыз соғыс кезіндегі өз басынан өткен сәттерін баяндайды:
— Мен Шалқардың Талдықұмында тудым. Соғысқа 1942 жылдың басында Ключевой аудандық әскери комиссариат арқылы шақырылдым. 195-атқыштар дивизиясының 564-полк құрамында, Воронеж майданында соғыстым. Взвод командирі болдым. 1942 жылдың жазында кеңес әскерлері Ленинград пен Воронежге дейінгі кең майдан шебінде жау әскерлерін тоқтатып, Гитлер қолбасшылығының оларды Сталинградқа жеткізуіне жол бермеді.
Воронеж түбіндегі шайқаста біздің дивизиялар Қазақстанның даңқын асырды. Олар неміс-фашист әскерлерімен тікелей ұрысқа кіріп, жаудың шығысқа қарай одан әрі жылжуына тосқауыл қойды.
28 маусымда күші басым дұшпан шабуылды күшейтіп, Курск-Воронеж бағытына қарай жылжи түсті. Алайда Воронеж маңында кеңес әскерлерінің табанды қарсылығына тап болған соң, немістер соққы бағытын оңтүстікке — Сталинградқа қарай бұрды.
1942 жылдың жазы ел үшін аса ауыр кезең болды. Неміс артиллериясы оқ жаудыруын үдетті. Бірнеше рет сәтсіз шабуыл жасаған жау енді ыза мен өшпенділікке булығып, тіпті өршелене түсті. Жарылған снарядтардың жаңғырығы мен гүрілі үздіксіз естіліп, шайқас тоқтаусыз жалғасты.
Воронежді алған соң біраз саябырсыған жау күш жинап, шабуыл қарқынын қайта үдетті. Нағыз қиян-кескі ұрыс сол кезде басталды. Осындай аласапыранның арасында артиллериялық снарядтар менің взводымды тас-талқан етті. Оның зардабынан мен де құтылмадым. Мені өлдіге санаған санитарлардың үміті үзілгендей еді. Сол сәтте комбат: «Апыр-ай, аман болса игі еді! Тез жәрдем көрсетіңдер!» — деп шегінуге бұйрық берген. Бұл 17 шілде болатын. Төбем мен аяқтарымнан тиген оқ мені есімнен тандырды. Тоғыз күннен кейін ғана есімді жидым. Сол кезде маған операция жасалыпты: басымнан жеті металл сынығын алған екен. Оқ ми қабықтарын зақымдапты. Аяғым сол күйі бастырмады. Екінші рет 10 желтоқсанда №3120 әскери ауруханада тағы да операция жасалды. Табан сүйектерін тазалапты. Үшінші операция 26 желтоқсанда жасалды. Онда оң жақ төбемнен екі металл сынығын, ортан жілік пен жіліншіктен оқтың қалған бөлшектерін алыпты. Сүйектер орнына салынды. Дәрігерлердің айтуынша, басымда, жіліншігім мен ортан жілігімде әлі де металл сынықтары бар, бұлшық еттер қабынып тұрған көрінеді, — деп еске алған екен атамыз.

А.Қазекенов деген автордың «Жолбарысты» тоқтатқан майдангер» деген мақаласында «Сағынай Қорғанбаев ерлік көрсеткен ұрыстардың бірінде «Жолбарыс» деп аталатын танк шабуылын тойтаруға қатысып, бетпе-бет келіп шайқасқаны, оның батырлығы соншалық — ауыр жараланғанына қарамастан, тоғыз күн ес-түссіз жатқаннан кейін ғана есін жинағаны» жазылыпты.
Сағынай Қорғанбаевтың қызы Гүлжамал Қорғанбаева да әкесінің өнегелі өмір жолын мақтанышпен айтып, газеттерге бірнеше рет мақалалар жариялады. Мәселен, ол «Келер күнге көз салған» деген мақаласында әке ерлігі туралы сөз қозғап, оның соғыстан аман-есен оралып, бейбіт өмірде де ел игілігі үшін аянбай еңбек еткенін жазады. Атамыз соғыстан келгеннен кейін облыстық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарып, А. Неделько, Өтеміс Алдабергенов сынды қоғам қайраткерлерінің көмекшісі, кеңесшісі, облыстық колхоз құрылысы бөлімінің бастығы болған. 1958 жылы Темір қаласындағы Ақтөбе зооветтехникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, 1964 жылдан бастап құрметті зейнет демалысына шыққанға дейін, яғни 1981 жылдың 2 мамырына дейін колхоздар бойынша бөлім бастығы қызметін атқарып, облыстың ауыл шаруашылығының дамуына, соның ішінде Шалқар ауданына елеулі үлес қосқан.
Жауынгерлік және еңбекқор ерліктері үшін Сағынай Қорғанбаев «Қызыл жұлдыз» орденімен, екі рет «Отан соғысы» орденімен, көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол соғыстан қалған денесіндегі металл сынықтармен өмір бойы өмір сүріп, 1984 жылы қайтыс болды. Қанды майданнан қалған оғын өзімен бірге о дүниеге ала кетті… Оның өмірі мен еңбегі жайлы көзкөрген замандастары түрлі басылымдарда естеліктер жариялап келеді. Атамыздың жарқын бейнесі, елге сіңірген еңбегі ұмытылмақ емес.
Марал БЕКБОЛАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе қаласы.



