Арманда кеткен боздақ


Соғыс зардабын жүрегімен сезінген жерлес жауынгердің бірі— Рахмет Әбілов. Бұл кісі туралы аудандық мерзімдік баспасөзде бірнеше реет мақала-естеліктер жарық көрді. Майданда жүріп ақындық қабілетін танытқан жауынгер жырларын сол кезеңде елге жолдап тұрған. Тағдыры аянышқа толы майдангер —Нұра өңірінің тумасы. Қазіргі Белшер ауылына жақын Жарқамыс деген жерде 1923 жылы дүниеге келген. Сол ауылда өскен. Ырғыз орта мектебінде 10-класты бітірген соң, қазіргі Әйтеке би ауданы Аққұм ауылындағы бастауыш мектепте мұғалім болған. 1941 жылы соғысқа аттанған. Ал 1943 жылы майдан даласында қайсар жауынгер Рахметтің екі қол, екі аяғын бірдей оқ жұлып кеткен. Жауынгер майдан даласынан анасы мен туған-туыстарына арнап үшбу хаты төмендегідей өлеңмен жазған екен:
Асыл анам, менің айтар сөзім көп,
Қалам алып, хат жазуға ебім жоқ.
Екі қол мен екі аяқтан айырылдым,
Өзіңменен көрісуге сенім жоқ…
Төсегімді ауыстырып жаңадан,
Жолдастарым көмектеседі қамалап.
Осы хатты татар досқа жаздырдым,
Қазақшаны біледі екен шамалап.
Өмірме екен, аяқ басып жүрмеген,
Өмірме екен, тең құрбымен күлмеген,
Өмірме екен, ешбір қызық көрмеген…
Жер бетінде енді соғыс болмасын,
Қарғыс атсын, соғыс құмар оңбасын.
Мен болайын соңғы соғыс құрбаны,
Меніменен кетсін соғыс таңбасы,
Қайран ана, көріспесек, қош енді!..
Сол жылы соғыста қаза болған,арманда кеткен арыстай азаматтың Калинин облысының Сахно селосы маңында жерленгендігі туралы ақпарат кейіннен мұрағатта сақталған анықтама қағазынан белгілі болыпты.
Рахмет Әбілов туралы атасының деректерін бізге ұсынған ұрпағы, зейнеткер Жангелді Әбілов: «Біздің әулеттен соғысқа аттанған алты адамның біреуі де елге тірі оралмаған. Олар— ата-бауыр туыстарым Мүсәлім Қарагуллин, Инамин Шамғанов, Рахмет Әбілов, Тәжмағамбет Кемалов, Зинелқабдин Ұзақов, Уәли Ұзақов»,—деп еске алады.
Руслан ҰЗАҚБАЕВ,
Ырғыз ауданы



