Сайын дала перзенті

Байғанин ауданының құрметті азаматы, білім беру саласының ардагері Жанкелді Қалқаманның есімі замандастарының арасында үлкен құрметпен аталады. Қоғамға адал қызмет етіп, өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарған азамат биыл 70 жасқа толып отыр. Зейнет жасында болса да қарап отырып қалған жоқ. Қазір ауыл шаруашылығы саласында өнімді еңбек етіп жүр.
Жанкелді Мырзағараұлы Байғанин ауданы Қопа ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдап, жолдамамен өзі туып-өскен Байғанин ауданындағы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Аталған білім ордасында бес жыл балаларға сабақ берді. Кейін аудандық партия комитеті шақырып, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ол бұл қызметте ауданның экономикалық-әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене араласты. Кадрларды орналастыру, жас мамандарды тәрбиелеу ісіне қатысты.
Еліміз егемендікке ұмтыла бастаған сонау тоқсаныншы жылдардың басында ол Қарауылкелдідегі ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіптік-техникалық училищеге директор болып тағайындалды.

Жұмысқа белсене кіріскен жас директор білікті жұмысшы кадрларын даярлау бағытына ерекше көңіл бөлді. Бұрыннан қалыптасқан тракторшы-машинист, автомобиль жүргізушілерін даярлаумен бірге, уақыт талабына сай қажетті мамандықтар — құрылысшы, есепші мамандарын әзірлеуді де ескерді. Оқу-тәжірибелік, қосалқы шаруашылықтарды жандандырды. Мәселен, 1993-1994 оқу жылында қосалқы шаруашылықтан 50 мың теңге таза пайда алынса, соның 28 мың теңгесіне оқу-көрнекі құралдары, техникалық жабдықтар сатып алынды.
Аталған білім ордасын алты жыл басқарды. Осы уақыт ішінде училище үлкен жетістіктерге жетті. Кейін сол уақыттағы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың шақыруымен Ақтөбеге қоныс аударды. Қаланың іргесінде орналасқан Қарғалы елді мекеніндегі №14 кәсіптік-техникалық білім ордасына басшылыққа келді. Өзінің мол тәжірибесін осы оқу орнында кеңінен пайдаланды.
Кейін Ақтөбе қаласындағы №1 кәсіптік-техникалық мектептің директорлығына жіберілді. Онда он жыл бойы жұмысшы мамандарын даярлауға атсалысты. Көптеген жетістікке қол жеткізді.
Одан соң аталған оқу орны жабылып, оның орнына Есет батыр атындағы мектеп-интернат ашылды. Ал Жанкелді Қалқаман жазасын өтеп жатқандарды оқытатын училищеге директор болып барды. Қай оқу орнына барса да, істің ілімін білетін тәжірибелі басшы бұл оқу орнында да белсенді еңбек етті. Қоғамнан оқшау мекеменің өз қиындығы бар. Соған қарамастан, жаза басқандардың білім алуына бар күшін жұмсады. Бұл жерде тапжылмастан он жылдай еңбек етті.
Ал 2008 жылдан Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжін басқарды. Жанкелді Қалқаман бұл оқу орнының аяғынан тік тұруына ықпал етті. 2013 жылы республикалық конкурсқа қатысып, оқу орны үздік атанды.
— «Жұмысшы маман кадрларын даярлау» деген республикалық жарыс өтті. Еліміздің әр түкпірінен қатысқан колледждердің ішінде тек төрт оқу орны ғана бірінші орын алды. Соның бірі — мен басқарған колледж. Бұл біздің оқу орны үшін үлкен жетістік болды. Колледждің онға жуық оқытушысымен бірге Германия, Франция елдерінде оқу-тәжірибеден өттік. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмастық. Келер жылы жарыстың екінші турына қатыстық. Төрт оқу орнының ішінде Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі үздік атанды. Бұл оқытушыларға жаңа серпін берді, — дейді Жанкелді Қалқаман.
Осылайша дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша мемлекеттік деңгейдегі грантты жеңіп алды. Бұл қаржыны игеру оқу ордасының материалдық-техникалық базасын елеулі түрде нығайтуға мүмкіндік берді. Жаңа технологияға сай үш шеберхана, оқу полигоны іске қосылды, дәнекерлеу ісі кабинеті жабдықталды. Педагогтер шетелде тағылымдамадан өте бастады. Озық индустриялы Германиядан кадрларды даярлаудың дуальды жүйесі тәжірибесімен танысу мүмкіндігі туды. Облыс аумағындағы зауыттар мен ірі құрылыс компанияларынан сұраныс түсе бастады. Колледжге құжат тапсырған түлектердің де қатары артты.
Жанкелді Қалқаманның білім беру саласындағы жемісті еңбектері ескерусіз қалмады. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, Ыбырай Алтынсарин төс белгісімен марапатталды.

Жанкелді Мырзағараұлы зейнет жасына шыққан соң да құр отырмады.Қобда ауданынан жер алып, «Бестау — 2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Қазір төрт түлік малды тең өсіріп, ауыл шаруашылығын дамытуға лайықты үлес қосуда.
— Зейнетке шыққаннан кейін балаларыма «бос отыра алмаймын, маған бір кәсіп тауып беріңдер» дедім. Олар «Қобда ауданы Бестау ауылдық округінде бір жер бар, соны қарап көресіз бе?» деді. Ол бұрынғы шаруашылықтың жері екен, иесі сатуға шығарған. 24 мың гектар алқапты демеушілердің көмегімен сатып алдым. Екі бөгет, он шақты ұңғымасы бар жерде шаруашылықты бастап кеттім. Ақбас сиыр, мұғалжар, жабы тұқымды жылқы және түйе сатып алдым. Қойдың санын өсірдім. Алғашқы жылдары жердің бір бөлігіне егін ектік. Кейін шығынды ақтамаған соң жерді түгел шабындыққа айналдырдық. Қазір, шүкір, шаруашылық бір ізге түсті. Тракторшы, зоотехник бар. Мамандардың барлығы 300 мың теңгенің көлемінде еңбекақы алады. Мал бағатын адам тапшы болды. Бірақ бұл мәселені де шештік. Қазір малшылар 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс істейді. Жұмысшылардың барлық жағдайын жасап отырмын. Шаруашылықта техника саны да жеткілікті. Оннан аса трактор, екі «К-700» және екі «КамАЗ» көлігі бар. Бұдан өзге жұмысшылар үшін «Нива» көлігі жүріп тұр. Шөп шабатын, престейтін техника түрлері де бар.
Серіктестіктің негізгі бағыты — мал өнімін молайту. Мәселен, етті Ақтөбедегі базарларға өткіземіз. Ірі мекеме-кәсіпорындармен келісімшарт негізінде жұмыс істейміз,— дейді Жанкелді Қалқаман.
Қазір шаруашылықта екі мыңға жуық қой, оннан астам түйе бар. ЖанкелдіМырзағараұлы қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіруде бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Осындай көрсеткіштері үшін Қазақтың ақбас сиыры республикалық палатасының толық құқылы мүшелігін айғақтайтын сертификатқа ие болды.
Ауызбіршілік нәтижесінде «Бестау — 2015» серіктестігі жылдан-жылға жемісті еңбек етіп, облыс тұрғындарын мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде қомақты үлесін қосып келеді. Осы саладағы еңбегі үшін Жанкелді Қалқаманға «Ауыл шаруашылығы саласының ардагері» құрметті атағы берілді.
Ұзақ жыл ұстаз болған Жанкелді Мырзағараұлы өзі еңбек ететін шаруашылық аумағындағы Бестау орта мектебіне де көмегін беріп отырады. Мәселен, биыл Жаңа жыл қарсаңында аз қамтылған отбасылардан шыққан сегіз балаға қомақты сыйлық беріп, көңілдерін көтерді. Бұдан бөлек мектеп ішіне қажетті бұйымдар үшін қаржылай көмегін де аяған жоқ.
Ұлағатты ұстаз, бүгінде үлкен кәсіптің тізгінін ұстап отырған Жанкелді Мырзағараұлы өмірлік серігі Қибатпен бірге төрт перзент тәрбиелеп өсірді.Үлкен ұлы Нұрбек ұстаздық етсе, Қайсары мен Асқары кәсіпкерлікпен шұғылданады. Ал қызы Маяның өз кәсібі бар. Немерелері де өсіп-өніп, өздерінің оқудағы, спорттағы жетістіктерімен қатарларының алды болып жүр.
Биыл зайыбы Қибат та 70 жасқа толады. Қазір олар —немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
…Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін білікті мамандар даярлауға үлес қосқан Жанкелді Қалқаманның бүгінде қонысы қалада болғанымен, бүкіл тыныс-тіршілігі ауылда өтіп жатыр. Бестаудың биік қырлары, бір-біріне жалғасқан жоталары оның жанына жақын. Кең даланың сәнін келтірген жылқы тұяғының дүбірі, мыңғырған қойдың соңынан қозы ерткен көрінісі, бұзаулардың енесін іздеп мөңірегені оның жанына шуақ құяды.
Бұл дала баласы үшін жарасымды жай емес пе!?
Кәмшат ҚОПАЕВА.



