Шығармашылық ойдың жемісі

Мектеп
Жазба жұмыстарын орындау —шығармашылық жұмыс. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде эссе, мақала сияқты жазба жұмыстарын орындау арқылы оқушы өз ойын жүйелі жеткізуді, дәлелдеуді, талдауды үйренеді.
Эссе жазуға баланы бастауыш сыныптан бастап үйрету керек. Жазба жұмыстарын жазу барысында пән мұғалімі оқушы назарын мына қадамдарға көңіл аударғаны жөн: Контексті анықтау— эссенің көлемі мен құрылымына қойылатын талаптарды білу; тақырып таңдау— қызықты әрі маңызды тақырыпты таңдау; ақпарат жинау— тезисті дәлелдейтін нақты деректерге сүйену; жоспарлау— эссе құрылымын алдын ала ойластыру; негізгі бөлім жазу – үш негізгі ой мен оны дәлелдейтін мысалдар келтіру; қорытынды жасау— негізгі ойды түйіндеп, ұсыныс білдіру; тексеру— мәтіндегі байланыс пен ой реттілігін қарап шығу; қателерді түзету— грамматикалық және стилистикалық қателерді жөндеу. Эссе жазу — баланы тек жазуға ғана емес, ойлау мен талдауға үйретеді. Оқушыны осы машыққа баулу — мұғалім шеберлігінің көрсеткіші.
Эссе жазуда автордың жеке көзқарасы анық көрінуге тиіс. Ой нақты фактілермен және теориялық негіздермен дәлелденіп, қажетті жерде терминдер мен цитаталар орынды қолданылуы қажет. Түрлі көзқарастарды салыстырып, қорытынды жасай білу де маңызды. Эссе логикалық тұтастығымен, сауатты тілдік құрылымымен ерекшеленуі керек. Юмор мен сарказм орынды болса, мәтінге шынайылық пен әсерлілік береді. Сонымен бірге пайдаланылған дереккөздерге сілтеме жасалғаны жөн.
Эссенің құрылымы үш бөліктен тұрады: Кіріспеде тақырыптың мәні мен негізгі ойы тезис ретінде беріледі. Негізгі бөлімде автор өз білімін, фактілер мен идеяларын пайдаланып, тақырыпты жан-жақты дәлелдейді. Мұнда параллель жүргізу, теңеу, аналогия, сұрақ қою сияқты тәсілдер қолданылады. Ал қорытындыда айтылған ойлар жинақталып, дәлелдер негізінде логикалық тұжырым жасалады.
Қорыта келгенде, жазба жұмысын орындау барысында оқушыда тақырыпты түсіну, идеясын ашу, қажетті материал жинап, әдеби-сыни еңбектермен жұмыс жасау, ойын жүйелі баяндау және әдеби тілде нақты әрі бейнелі жеткізе білу секілді бірнеше маңызды дағдылар қалыптасуы қажет. Бұл дағдылар толық қалыптасқанда ғана оқушы жазба жұмысының құрылымын меңгеріп, өз бетімен сауатты жазуға қабілетті болады. Мұндай жұмыс оның жазу мәдениетін дамытып, ойды көркем әрі оралымды жеткізу машығын қалыптастырады.
Гүлсім ҚОҢҚАБАЕВА,
Ақтөбе қаласындағы І.Есенберлин атындағы №15 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.



