Тіл мен діл

Мектеп
Тіл — барлық халықтың жүрегі. Тілдің бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан әр халық өз тілімен мақтанып қана қоймай, оны дамытуға жұмыс жасап, сол тілді жетік меңгеруі шарт.
Тіл — әр елдің ең асыл құндылығы. Тілдің өлгені ұлттың да өлгенімен тең.
Мұның барлығын бұрынғы өткен даналарымыз айтып кеткен.
Мысалы, кезіндегі орхон жазулары, руна жазулары бүгінгі түркі халқының тарихын ашып беріп отыр. Біздің де тіліміз өркендеп, ертеңгі күні бұдан да үлкен мәнге ие боларына сенімдімін.
Десек те, өкініштісі, туған тілімізді бұрмалап, араластырып сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Өзгелерге еліктеп, өз ана тілімізде сөйлей алмайтын немесе орыстілді бауырларымыз да жоқ емес. Тіптен қазақ пен қазақ өзара орысша сөйлеп тұрғанына да куә болып жүрміз. Бүлдіршіндеріміздің де тілінің орысша болуы таңғаларлықтай жағдай емес. Сол себепті де өз тіліміздің қадір-қасиетін жасөспірімдердің бойына сіңірту — парызымыз!
Бүгінде мемлекеттік тіліміздің деңгейі соған лайық па?
Алаштың арыстары заманында бар өмірлерін тілдің дамуына, тілдің жойылып кетпеуіне арнады. Кейінгі ұрпаққа, мына бізге тіліміздің аман жетуіне тер төкті.
Ел келешегі тек қана экономикалық жетістіктермен ғана емес, мәдени-рухани байлығымызбен де айқындалатынын ұмытпаған жөн. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қазіргі уақытта тіл мәртебесін көтеру үшін көптеген іс-шара, жұмыстар жүргізуді жеделдету қажет.
Әр ел өз азаматын жастайынан тәрбиелеуі, баулуы ұлт болашағына құйған инвестиция деп айтылып жүр.
Тіліміз — атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын баға жетпес мұра. Ана тілімізді ардақтау, құрметтеу біздің өз елімізге, жерімізге, Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеді, патриоттық сезімімізді арттырады.
Інжу КӨЛТАЕВА,
Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның
11-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.



