Мәдениет

Поэзия

«Жер үсті аппақ нұрға малынады…»

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ

Сонар

Есіктің алды қан сонар,

Балалар ойнап шулайды.

Сонарда асыр салса олар,

Тулайды менде ну қайғы.

Балалық бір сәт сағынтып,

Әйнектен ұзақ қараймын.

Қаптатып бетке қалың түк,

Өтіпті-ау күндер талай мың.

 

Япырмау, мен де бір уақыт

Шынымен бала болдым ба?

Сонарда шана зулатып,

Домбығып қолым тоңдым ба?

 

Терезе бетті қариды,

Жүрек те сыздап шаншады.

Баллардан өзін таниды

Көңілдің балғын бал шағы.

 

Ойынның кезі сап болып,

Қартаяр әлі бұлар да,

Торлаған ойға тап болып,

Жанары толар мұнарға.

 

Бұтақтар сынбай тұр шаққа.

Параққа сонар барабар:

Келешек алыс ұрпаққа

Хат жазып жатыр балалар.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

 

Қыстың түні қандай ұзақ,

Көп оянам мен түнде.

Жақпай қойдық осы біз-ақ

Анау жатқан кемпірге.

 

Кемпірлердің бәрі бірдей,

Жоқ оншама түр-сәні.

Тергеп алып Тәңіріңдей,

Ішесің деп ұрсады.

 

Қандай ұзақ қыстың түні,

Қайта-қайта оянам.

Бөлмемнің де кіл ыстығы

Жоқ-ау мені аяған.

 

Жүрісінен жаңылса үміт,

Оралмайды арман тілге.

Жағынсам да жаным салып,

Жақпай жүрмін сол кемпірге.

 

Сығырайып қара көзі,

Көп ұрысқаннан не өнеді.

Жақсы көріп барады өзі

Немересін менен гөрі.

 

Айтқанына көңілі толып,

Ұзарғанмен өте тілі,

Ауырып қалсам,

бәйек болып,

Анама ұқсап кететіні —

 

Жүрегімді қуантады,

Айтқанына көне берем.

Бір сөзімен жұбатады,

Мейір күтіп және менен.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

Қысқы қала суреті

 

Жер көк тайғақ, аспаннан қар жауып тұр.

Шырша көкке қарайды паңданып құр.

Сол шыршаның түбінде бір сұлу қыз

Жас жігіттің сөзіне алданып тұр.

Жер көк тайғақ, аспаннан қар жауып тұр.

 

Баспай аяқ көк мұздың бетіне бұл,

Анасына жармасқан екідегі ұл.

Зуылдайды оң-солда машиналар

Қашқалақтап кең жолдың шетіне кіл.

Мұз бетімен барады өтіп өмір.

 

Елең етпей қысқы жол қиынына,

Шықты біреу туған күн жиынына.

Ал саудагер мәз болып келе жатыр

Күні бойы құраған тиынына,

Ол сенбейді өмірдің қиынына.

 

Біреу өтті оңаша ойға кетіп,

Адамзаттың жігері бойға бекіп.

Қызыл-жасыл лента тағып такси

Үйленетін барады тойға кетіп.

Көк мұзда да жатады тойлар өтіп.

Нармахан БЕГАЛИЕВ

 

Желгек жел түнге алаңдайды,

бар сырын ақтарып үлгермей.

Алыста маялар қараңдайды

шырағын жақпаған үйлердей.

 

Қаңтардың күміс құрамы

сымдарды селкеу жібермей,

жайлы орын таба алмай жүр әлі

бұрқасын үркек үрейдей.

 

*  *  *

 

Көзде гүлдеп қыраулы ақпан сиқыры,

Келемін құмар қанбай.

Аспан — мұхит. Үзік-үзік ұйқылы

жұлдыздар күміс аралдардай.

 

Қыс үйлерді қайтадан сәулеттейді

қалғандай сәні келмей.

Жел әзірге тал бесік тербетпейді

Алма ағаш ақ желеңді дәрігердей…

 

Күләш АХМЕТОВА

Қар

 

Қар жауып тұр қалада баяғыдай,

Адамдарды бақытты ет, ая, құдай.

Туған жерге аспаннан суық гүлдер

Түсіп жатыр қанатын жая құлай.

 

Қай кезде де қазақтың даласы кең,

Біреу — бақыт, біреулер — жарасына ем

Іздей ме екен,

адамдар бара жатыр

Аппақ-аппақ қарлардың арасымен.

 

Біреулер жүр тазалап күрекпенен,

Аппақ сезім толтырар жүрекке өлең.

Іздегенін адамдар тапса екен деп

Таза қардың үстінде тілеп келем.

 

Көптен осы қаланы қар басқаны,

Алатаудың айбарлы қарлы асқары.

Аппақ, аппақ, аппақ қар себелейді,

Үлпілдейді түбіттей тал бастары.

 

Тал бастары… Өнгелі не көрмеген,

Мезгіл жетпей жазғандар көгермеген.

Жас суретші қарайды тұра қалып,

Таласа алмай табиғат шеберменен.

 

Мекендемей шатырдың үстін кептер,

тығылыпты.

Сұп-суық ұшқын лептер.

Сессияның кезі бұл,

бұрынғыдан

Ширағырақ басады студенттер.

 

Қысқы ауаның тиеді сызы бетке,

Біреу — тойдан,

Біреулер — қызметтен

шыққан шығар.

Бәрінің бірдей етіп

Қар жабады жаңағы ізін өткен.

 

Қар жауған шақ.

Мезгіл ғой шапағатты ең,

Торғайлардың тоңғаны батады, әттең.

Сұп-суық қар ішінен Алматыма

Қараймын мен ып-ыстық махаббатпен.

 

Қар жауып тұр қалада баяғыдай,

Адамдарды бақытты ет, ая, құдай?

Ғабиден ҚҰЛАХМЕТ

Қыс

 

Қыс қандай әсем еді, қара,  далам,

Бір арман — ақ боз жеккен шана маған.

Ағызып жұлдыздайын

Дүниені

Не жетсін күніне бір аралаған.

 

Қар қандай!

Қарып көзді шағылады,

Жамылған тау,

даласы,

бағы — бәрі.

Тоқтау жоқ,

Кедергі жоқ

Аппақ дүние!

Жер үсті аппақ нұрға малынады.

 

Күн ұзын жапалақтап тынбады қар,

Астында ақ мамықтың тұрғаным бар.

Ақ төсін жайып салып жатыр дала,

Кеудемде сол даланың ырғағы бар.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

 

Қай жаққа мені әкеттің тағдыр-тепең көк?

Қарашаңырақ қайда, қай жерді жүрмін мекендеп?

Қыс түссе болды, қысылып жүрем, күрсініп,

«Қарқаралыда да қар жауып жатыр ма екен?» деп.

 

Ананың жүзін бір көруге де ділгірсің,

Қасында мен жоқ, шаруасы қайдан мыңғырсын.

Қыраулы қыста бұзаулап қалып сиыры,

Жемшөбі қат боп, уайымдап жүр ме?

Кім білсін…

 

Шаруасы жұрттың жатқандай маған тіреліп,

Күтпеппін малын қасына, шіркін, бір еріп.

Өзінің сүтін емгенде кісі болғандай,

Несіне әуре —

Сиырдың сүтін жіберіп?!

 

Қай жаққа мені әкеттің тағдыр-тепең көк,

Қарашаңырақ қайда?

Қай жақты жүрмін мекендеп?

Ойлаумен жүрмін, қаһары қайтып қыстың да,

Сиыры жазда бұзаулап бітсе екен деп.

 

Аман ба, Тәте, адамзатынан бөлегім,

Тауыса алмадым дүниені, шарлап көлемін.

Барғанда жазда бұзауың тұрса мөңіреп,

Өзектен лықсып құйылар шерлі өлеңім…

 

Айсұлу РҮСТЕМ

 

Ақ қарды көріп ақ екен дегем, алданғам,

Жүгіре шықтым — жолығар деумен таң да алдан.

Күннің де, жаным, сәулесін сен деп қабылдап,

Көңілімде менің жүретін кірсіз, сәнді арман.

 

Бір тылсым барын байқадым сонда түн атты,

Не білдің, неге жұлдыздар төмен жиі ақты?

Тығылып қалып, қайтадан жанған жұмбақ от

Аспанда жүрген періште қыздар сияқты.

 

Аппақ ұлпалар асықты Жерге құлшынып,

Жалғасы болар ақ ғұмырлардың — тіршілік.

Уақыт осы, ұмытылады. Ертең-ақ

Басталып кетер басқа бір қызық Күн шығып.

 

Қашты ма алып біздерді алыс жүрдек Күн?

Махаббат деген қар жауған ғана түн деппін.

Алақанымда сәл суық, мамық ұлпаның

Түбінде еріп кететінін де білмеппін…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button