Сарып ауруынан сақ болыңыз!

Маман кеңесі
Сарып (бруцеллез) — адамдар мен жануарлардың жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратын зақымдайтын, адамдарда ұзаққа созылатын жұқпалы ауру. Адамдар үшін аурудың жұқтыру көзі тек ауру жануарлар (қой, ешкі, ірі қара мал, шошқа және т.б.).
Жұғу жолдары әртүрлі, ауру малмен қарым-қатынаста болған кезде және ауру малды сою барысында немесе ет, қайнатылмаған сүт, сүт өнімдерін пайдаланғанда жұғуы мүмкін.
Сарып ауруы адамдарда жалпы ауырсыну, дене қызуының 39-40°С-қа дейін көтерілуінен басталады. Аурушаңдық 3 айға созылады, кейде бір-екі жылға дейін созылуы да мүмкін.
Адамдар уақытында дәрігерге қаралмаса, ауру созылмалы түрге көшіп, мүгедектікке және бедеулікке дейін асқынып кетеді.
Аурудың негізгі алдын алу шаралары:
– міндетті түрде жылына екі рет малды сарып ауруына тексеріп, ауру анықталған жағдайда 15 күннің ішінде ауру малды жою қажет. Мал ұсталған жерге залалсыздандыру шараларын жүргізу керек, себебі дезинфекциялық препараттар бактерияны түпкілікті жояды;
– ішуге сүт және басқа сүт өнімдерін тек қайнатылған түрде пайдалану керек. Ауру қоздырғышы (бруцелла) 100ºС қайнату температурасында 5 минут ішінде жойылады. Сүт және басқа сүт өнімдерін заңсыз сату орындарынан, белгісіз адамдардан сатып алуға болмайды;
– малға күтім жасау кезінде шылым шекпеу және қарапайым жеке бас гигиенасын сақтау керек, яғни мал ұстайтын қорада болғаннан кейін қолды мұқият жуу қажет.
Г.БИЕКЕНОВА,
Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы.