Алтын ұя мектебім

Түлек
Мектеп — әрбір шәкірттің балаң арманын баптап, болашаққа бағыттайтын қасиетті мекен. Он бір жыл бойы осы білім кемесінде жүзіп, өмір жолының ең маңызды кезеңін артта қалдырғалы тұрмыз. Біз үшін бұл — жай ғана оқу орны емес, үлкен өмірге дайындаған алтын ұя.
Мысалы, мен оқитын №53 мектептің өзіндік ұзақ тарихы бар. 40 жылдан астам уақыт бойы білім ордамыздың табалдырығынан танымал тұлғалар, түрлі-түрлі талант иегерлері үлкен өмірге қадам басып, түлеп ұшқан.
Санаулы күндерден кейін біз де тарыдай боп кірген білім ордамызбен қимай қоштасып, арман қуып, жарқын болашақтың есігін айқара ашқалы тұрмыз.
Осы ретте облыстық газет арқылы мектебіміздің директоры Гүлнар Жанинағаризашылығымызды білдіріп, алғыс айтуды жөн көрдік.
Гүлнар Бәтесқызының басшылығымен мектебімізде білім мен тәрбие жүйесі жоғары деңгейде жолға қойылды. Сондай-ақ ұстаздарымыздың табанды еңбегі мен біздің жетістіктеріміздің артында мектеп директорының қажырлы еңбегі тұрғанын жақсы білеміз. Ол тек басшы ғана емес, сонымен қатар бізге адалдығымен, талапшылдығымен және адамгершілік қасиеттерімен үлгі болды.
Алтын ұяны қимай, бірақ осы жерден үлкен үмітпен, үлкен арманмен шыққалы тұрған барша түлектер атынан мектебіміздің басшысына және сабақ берген барлық ұстазымызғазор алғысымызды білдіре отырып, мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат және шығармашылық табыс тілейміз.
Түлектер атынан Азиза ТАБЫЛБАЙ,
11 «ә» сынып оқушысы.



