Денсаулық

Оңалту орталығы ашылды

Шалқар қаласында нейро-ортопедиялық сырқаты бар балаларға арналған Оңалту орталығы ашылды. Бұл орталық «Қазақстан халқына» қорының «QH аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы аясында пайдалануға берілді.

Іс-шараға облыс  әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «Қазақстан халқына» қоры» басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова және аудан әкімі Жанболат Жидеханов  қатысты.

Орталық Шалқар аудандық ауруханасының базасында орналасқан. Орталық Шалқар ауданынан бөлек, Ырғыз, Байғанин аудандарының ауылдық жерлерінен келген балаларға оңалту қызметін көрсетеді. Яғни жылына 600 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар.

Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан халқына» қоры, Нұрсұлтан Назарбаев қоры және «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының бірлесуімен жүзеге  асырылды. Облыс әкімдігі орталыққа ғимарат беріп, жобаның стандарттарына сәйкес келетін бірыңғай дизайн тұжырымдамасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Ал «Қазақстан халқына» қоры орталықты 181,2 миллион теңгеге кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен жарақтады.

— Шалқарда ашылған орталық — заманауи жабдықталған ғимарат қана емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тірек нүктесі. Біз сапалы оңалту қызметі әр баланың тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуын қалаймыз. Бұл жоба — Мемлекет басшысының ауқымды әлеуметтік бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыс әрі «Қазақстан халқына» қоры осы бағыттағы қызметін жалғастыра береді, – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева.

Орталықта Ottobock вертикализаторлары, Rifton жүйелері, велотренажерлер, Tyrostation жаттықтырғыштары, «Атлант» пневмокостюмдері, сондай-ақ «Головастик» пен «Кузнечик» атты инновациялық жаттығу кешендері орнатылған. Сенсорлық және релаксациялық терапияны тиімді өткізу үшін сенсорлық бөлме, тұз шахтасы және шунгит бөлмесі бар. Гидротерапия жүргізуге арналған иммерсионды ванна да қойылды.

Орталықта невролог, оңалтушы, логопед, дефектолог, емдік денешынықтыру нұсқаушылары, психологтар және эрготерапевтер жұмыс істейді. Мамандар Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған  біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұл балаларға халықаралық стандарттарға сәйкес көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту — мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі. Жоба қала мен ауыл арасындағы сапалы медициналық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік теңсіздігін азайтуға бағытталған. Мұндай орталықтардың шалғай аудандарда ашылуы отбасыларға облыс орталығына бармай-ақ, өз тұрғылықты жерінде қажетті көмекті алуына жол ашады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button