Жеңіс

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…

Ақтөбе қаласы Қарғалы тұрғын үй алабындағы ипподромда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және қала күніне арналған дәстүрлі бәйге өтті. Жарысқа жүзге жуық шабандоз бен жанкүйерлер жиналды.

Шараның шымылдығы ерекше форматта ашылды. Бәйгені жүргізу мәртебесі Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылынан келген ерікті азаматтар — Мейрамбек Саудағали мен Мейрамбек Сақыпқа бұйырды. Ұлттық спортты ұлықтауға бағытталған бұл додада олар көрерменнің рухын көтеріп, жарыс барысын шебер жүргізе білді.

Жарыс басталар алдында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев қатысушылар мен көрермендерге сәттілік тіледі.

Атқа мінген қазақтың жігерін ешкім жосыта алмаған. Бұл — халқымыздың болмысына біткен қасиет. Бәйге — ерлік пен ептілікті, төзім мен тектілікті талап ететін ұлттық спорт. Соңғы бәйге бұл ипподромда 2022 жылы өтті. Ендігі міндет — осы игі дәстүрді қайта жаңғыртып, тұрақты түрде өткізу, — деді ол.

Аталған бәйге төрт кезең бойынша ұйымдастырылды.Әрқайсысы жас ерекшелігіне және қашықтығына қарай жіктелді.

Алғашқы кезең — тай бәйге. Үш шақырымдық бұл жарысқа барлығы 26 шабандоз тіркелді. Келесі — құнан бәйге, қашықтығы 7 шақырым. Қатысушылар саны — 25. Үшінші кезең — топ бәйге.Бұл сынға 22 шабандоз қатысты.
Соңғы әрі ең ауқымдысы — аламан бәйге. Қатысушылар 20 шақырымға шапты. Бұл мәреге 20 мықты шабандоз іріктеліп шықты.

Әр кезең  шабандоздар үшін үлкен сын, төзім мен шеберліктің, ат пен адамның үндестігін талап ететін нағыз тартысты дода болды, —  деді ардагер спортшы, ат спорты федерациясының директоры әрі жаттықтырушы Жәнібек Әнішев.

Жарыс кезінде шабандоздар дәстүрлі әдіспен, яғни ер-тоқымсыз шапты. Мұндай тәсіл олардың кәсіби дайындығын, атқа отыру шеберлігін және рухани төзімділігін көрсетті.

Бәйгеге арнайы шақырылған қонақтар келіп, өз қолдауын білдірді.

Солардың бірі — 1966 жылы Пятигорскіде өткен КСРО чемпионатының қола жүлдегері Дәулеталы Ершимов. Бүгінде оның ұлы Тілекқос жас шабандоздарды тәрбиелеп жүр. Бұл жолғы бәйгеде ол төрешілік етті.

Көрерменнің зор қошеметіне бөленгендердің тұлғалардың қатарында жақында ғана «Ұлы дала жорығы — 2025» халықаралық марафон-бәйгесінде Қостанай тұқымды Таскүрең тұлпарымен жеңіске жеткен Аслан Утянов болды. Айтулы бәйгеде Таскүреңнің тізгінін ұстаған шабандоз — ақтөбелік Әлихан Мұхамбетов.

Сондай-ақПарламент Мәжілісінің депутаты Қазбек Әлішев, халықаралық деңгейдегі бәйгелерде топ жарып жүрген ағылшын тұқымдас тұлпарлардың иесі мұғалжарлықМарат Көшеров және мемлекеттік қызмет саласының ардагері Серік Ботағарин де шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.

Бәйгеге Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылынан келген ат иесі Мадияр Құрманғали өңірде ат спортының дамуына ерекше тоқталды.

Ақтөбеде ат спорты жақсы дамыған, бәсекеге қабілетті шабандоздар да көп. Біз бұл бәйгеге додаға Алғабастан үлкен дайындықпен, жанкүйерлерімізбен бірге келдік. Жарысқа әртүрлі жастағы алты тұлпарымызды қостық. Оның біреуі — ағылшын-араб, қалғаны — ағылшын тұқымды. Құнан бәйгеде Бөрте бесінші, тай бәйгеде Желторы үшінші орын алды. Екеуінің де шабандозы — 13 жастағы Мадияр Бекболатұлы. Шабандоздардың айтуынша, жарыс жолы құмды болған. Бұл шын мәнінде шапқан ат үшін қиындық тудырады. Біздің жақта топырақ жеңілірек, шауып өтуге қолайлы. Соған қарамастан, Ақтөбедегі жарыста аттарымыз намысты қолдан бермеді, — деді ол.

Жарыс нәтижесінде үздік шыққан шабандоздар мен тұлпарлар төмендегідей анықталды:

Тай бәйге (3 шақырым): Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылынан келген Талант Кәрібай тұлпары Заһирамен бірінші орынды иеленіп, 500 000 теңге жүлдеге қол жеткізді. Бұл бәйгеде қатысушылардың шеберлігі мен жылқының жылдамдығы ерекше байқалды.

Құнан бәйге (7 шақырым): Қобда ауданынан келген ИбрахимПамир атты тұлпарымен жарыс жолында топ жарды. Ол мәре сызығын бірінші болып кесіп, 1 млн теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.

Топ бәйге (12 шақырым): Атырау облысынан келген Исламбек Дамир өзінің тұлпары Ақтабанмен бәйгеде бірінші орын алып, 1 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Бұл бәйгеде шабандоздардың жоғары дайындығы мен аттардың төзімділігі айқын көрінді.

Аламан бәйге (20 шақырым): Ақтөбе қаласының 12 жастағы шабандозы Айболат СаянТастүлек атты тұлпарымен бірінші орынды жеңіп алып, 2 млн теңге жүлдені еншіледі. Сонымен қатар Айболат Саян Ақкербез тұлпарымен топ бәйгеде екінші орынды жеңіп алып, тағы да 1 млн теңгені иеленді.

Жарыстың әр кезеңдегі қиындықтарына қарамастан, қатысушылар өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button