Жеңіс

Ғалымға құрмет, еңбекке тағзым

Ш.Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен белгілі ғалым-эпидемиолог, Ұлы Отан соғысының ардагері Қуаныш Мәкіровтің 115 жылдығына  арналған «1941-1945 жылдар: Қазақстан дәрігерлері Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті.

Ұлы Отан соғысы кезінде фашизмды жеңу үшін Қазақстан дәрігерлері де күндіз-түні көз ілмей, жаралы жауынгерлерді құтқару үшін жанқиярлықпен қызмет еткені, қолына қару алып, шайқасқа араласқаны, тылда тынымсыз еңбек етіп тер төккені баршамызға белгілі. Сонымен қатар көрінбейтін құпия майданда да қызметтер жасап, жеңісті жақындатуға атсалысқан ақ халатты абзал жандар аз емес. Солардың бірі жерлесіміз — медицина ғылымдарының докторы, профессор, ұстаз, ҰОС-ның ардагері, еліміздің белгілі ғалым-эпидемиологі Қуаныш Мәкіров.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында өткізілген бұл жүздесуге Астана қаласынан арнайы шақырумен Қазақстан журналистері одағының мүшесі, белгілі қаламгер, «Түлеген Ойыл өңірі», «Ойыл», «Жүрек сөзі» кітаптарының авторы, Ойыл ауданының құрметті азаматы Сырым Бақтыгерейұлы, Ақтөбеден Ойыл ауданының құрметті азаматы, белгілі өлкетанушы, «Ойыл соғыс жылдары», «Ойыл» кітабының авторы Нұрлан Жұмағалиев, Қ.Мәкіровтің туыстары зейнеткер Есболай Бікіров пен Қобда аудандық ауруханасының дәрігері Асқар Оразалин және Ойыл аудандық ауруханасында көп жыл еңбек еткен Аманғос Қисықов, аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен жергілікті денсаулық сақтау саласының өкілдері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.

Іс-шара кезінде ғалымның өмір жолы, КСРО Қарулы күштерінің Бас штабындағы жауапты қызметтері, 1943 жылғы «Тегеран» конференциясын дайындап, өткізудегі, Кеңес әскерлерін медициналық және санитарлық қамтамасыз етудегі жалпы эпидемиологиялық тәуекелдерді талдаудағы теңдессіз еңбектері жайлы көзін көрген, сұхбаттасқан шақырылған қонақтар сөз алып, естеліктерімен бөлісті, «Қуаныш Мәкіров — ұлы тұлғалы дәрігер-эпидемиолог»  атты тақырыптық көрме, тарихи деректер, фото, карта, т.б. жәдігерлер, бейнебаяндар көрсетілді.

Тарихи деректер соғыс жылдарында 200 мыңнан астам дәрігер, 1,5 млн орта буын медицина қызметкерлері әскер қатарына шақырылғанын, олардың қатарында қазақстандық медицина қызметкерлері де болғанын көрсетеді. Кескілескен қантөгіс майданда жарақат алған 9 млн-нан астам жауынгер мен офицерге жауындай себелеп, борап тұрған оқтың арасында, снаряд пен бомбалар астында медициналық көмек көрсеткен дәрігерлердің жанқиярлық еңбегі ұшан-теңіз.  Қанша жыл өтсе де, жастық шағы осындай соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етікпен су кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген жерлесімізді әрдайым құрметпен еске алып, тағзым ету — біздің борышымыз.

Солардың бірі тіпті бірегейі Қуаныш Мәкіров 1910 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысының Қобда ауданына қараған бүгінгі Ойыл ауданының №1 ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО Қарулы күштерінің Бас штабында жауапты қызметтерді атқарған. Кеңес әскерлерін медициналық және санитарлық қамтамасыз ету, эпидемиологиялық тәуекелдерді талдау, жаудың  әскери топтары туралы материалдарды жинақтау, әскери және бейбіт тұрғындар арасында жұқпалы аурулармен күресу жолында тынбай еңбек еткен.  1943 жылы «Тегеран» конференциясын дайындауға қатысып, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауап берген. 1944 жылы Варшава маңындағы шайқастарға қатынасып, ауыр жарақан алған.

Қуаныш Мәкіров жауынгерлік Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі «отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Кейінгі жылдары ұстаз, ғалым, профессордің 130-дан астам ғылыми мақалалары, 7 ғылыми монографиясы жарық көрген.

Соғыс жылдарындағы және елге оралғаннан кейінде Қуаныш Мәкіровтің әскери, дәрігерлік құпия қызметте болуына байланысты оның өмір жолының түрлі кезеңдері осы кезге дейін айтылмай келген. Сол себепті де бұл тарихты архивтерден, ұрпақтарынан іздестіру, жинақтау, зерттеу жұмыстары жалғастыруды қажет етеді. Кездесу соңында Қуаныш Аманбайұлының атына туған жері Ойыл селосынан көше беру туралы айтылған ұсыныстың аяқсыз қалмауы үшін жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button