Ауыл

Көрме және жолдама

Бір ауыл — бір өнім

Ырғыз ауданында «Бір ауыл—бір өнім» атты көрме ұйымдастырылды. Шара жергілікті өнім өндірушілерді қолдау бағыты аясында өткізілді.

Көрмеге қолөнер шеберлерінің шығармашылық бұйымдары, сүт, ет, балық және кондитерлік өнімдер сияқты жергілікті өндірушілердің тауарлары ұсынылды.

«Бір ауыл—бір өнім» жобасының мақсаты— ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті тауарлар мен өнімдерді насихаттау және оларды өңірлік брендке айналдыру. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар—өнімнің экологиялық тазалығы, жергілікті шикізаттан жасалуы және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі.

Көрмеге аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов қатысып, кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты. Ол жергілікті өнімнің маңыздылығына тоқталып, аудан орталығындағы «Береке» базарынан орын ұсынды. Сонымен қатар ол кәсіпкерлердің көрші облыстар мен аудандарға барып, тәжірибе алмасуына қолдау білдірді.

Ырғыз аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Гүлнар Шамиева «Бір ауыл—бір өнім» жобасының шарттарымен таныстырды. Бұл жолғы іріктеу кезеңіне 11 жоба қатысты.

Көрмені бағалау мақсатында құрылған жұмыс тобы анықтаған жеңімпаздарға аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов және аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Нұри Таңқаев Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады. Облыстық кезеңге тауар өндірушілер Райла Сақыпова, Нағима Садреева, Алмагүл Амандық, Таңат Баженов, Ғасыржан Балғазыұлы жолдама алды. Ал көрмеге белсене қатысқандарға Ырғыз аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Гүлнар Шамиева және «Атамекен» аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Толықбаева Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ олар көрменің өтуіне қолдау білдіріп, алаңын ұсынған «NAURYZ HALL» мейрамханасы орталығының басшысы Динагүл Сәрсенбаеваға, музыкалық сүйемелдеуді жүзеге асырған «Арай» Мәдениет үйінің әкімшілігі мен өнерпаздарына, залды безендіруге атсалысқан жеке кәсіпкер Арайлым Нұрмахановаға, қаржылай көмек жасаған «Ырғыз» кредиттік серіктестігіне, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөліміне, жеке кәсіпкерлер Арайлым Мықан, Талап Болатовқа ризашылықтарын білдірді.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасына жергілікті ресурстардан өнім өндіретін шағын және орта бизнес субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар қатыса алады. Бағдарламаның ерекшелігі — нақты бір ауылдан өзіндік ерекшелігі бар өнімді шығару. Бұл — сол жердің шикізатына негізделе отырып, ұлттық ерекшеліктерді, нақышты, сол жердің тарихын, табиғатын баяндайтын, экологиялық таза, органикалық өнім шығаруға бағытталған іс-шара.

Д.АЙДАР,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button