Тағзым

Қызмет пен құрмет

Сәрсенбі күні ұзақ жылдар мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек еткен, Парламент Сенатының І шақырылымының депутаты Ислям Медеубаев тұрған үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.

Тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, қоғам қайраткерлері, туыстары мен қала тұрғындары қатысты.

Жиналғандар Ислям Медеубаевтың еңбегі мен басшылық қызметі жайында баяндады.

— Ағамыздың көзін көрмесем де, ескерткіш тақтаны орнату барысында ол туралы біраз іздендім. Замандастарының, жора-жолдастарының пікірін тыңдадым. Кеңес дәуірінде ең жас басшы болғаны жөнінде ақпарат алдым. Ислям Медеубаев — ел үшін қызмет еткен жан. Ағамыздың ең басты жетістігі — соңынан ерген жас ұрпақты тәрбиелеуі, — деді Ж.Батырхан.

Ислям Медеубаев 1948 жылы 7 ақпанда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Жиренқопа ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын ел игіліне арнаған ардақты азамат. Ол жастар саясаты, аймақтық  басқару және архив ісі саласында жемісті еңбек еткен. Ұзақ жылдар бойы жауапты басшылық қызметтер атқарып, іскер тұлға ретінде танылған. Оның еңбегі мен ел дамуына қосқан үлесі жайында қызметтес болған әріптестері Мәлік Жекеев пен Сұлтан Құрманалин әңгімеледі.

— Бүгін — отбасымыз үшін есте қалатын ерекше күн. Әкемнің ұзақ жылдар бойы еткен еңбегі бағаланды. Оның есімі, жарқын бейнесі халық жүрегінде сақталады деп ойлаймын, — деді ұлы Ерлан Медеубаев.

Мемориалды тақтаны мемлекеттік қызмет саласының ардагері Есімхан Есенбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов және немересі Зайыр Ислям ашты. Жиналғандар мемориалды тақтаның алдына гүл шоқтарын қойды.

 Аружан СМАҒҰЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button