Қызы батыр ел – ұлы ел

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде өткен тағылымды іс-шара осылай аталды. Мәдени-танымдық кеш қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымы және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология факультетінің ұйымдастырумен өткізілген кешке Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Нұрдәулет Алдашев,облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ақгүл Садықова, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің экскурсия жетекшісі Әсемгүл Амангелді қатысты.
— «Қызы батыр ел — ұлы ел» атты мәдени-танымдықкешіміздің мақсаты — жас ұрпаққа Әлия апамыздың ерлігін насихаттау. Бұл — облыс көлеміндегі батыр қызымыздың 100 жылдығына арналған іс-шаралардың бір парасы, — деді Н.Алдашев.
Кеш барысында университеттің филология, шетел тілі, физика-математика факультеттерінің 1-4 курс студенттері жырдан шашу шашып, ән, күй және сахналық қойылымдар арқылы Әлия бейнесін жүрекке жеткізуге тырысты. Айсұлу Сейдалиева, Әсел Ибрагим, Жандос Базарбаев, Мирас Мақсат, АқнұрБөлеков, Саяна Қайырғалиева сынды жастар ән айтып, күй шертіп, батыр Әлияға арналған жүрекжарды өлеңдерін оқыды.
—Әлияның ерлігі — тек бір адамның ерлігі емес, бүкіл қазақ халқының отансүйгіштік символына айналған ұлы рухтың символы. Жастар үшін бұл өнегелі жол — нағыз тәрбие мектебі,— дейді университеттегі «Жас қаламгерлер» клубының жетекшісі Жанерке Жанкеева.
Кеш барысында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің экскурсия жетекшісі Әсемгүл Амангелді студенттерге Әлия туралы деректі фильм көрсетіп, батырдың өмір жолы мен ерлігі туралы мағлұмат берсе, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ақгүл Садықова Әлияның ерлігі — тек тарих емес, бүгінгі ұрпақ үшін өмірлік сабақ екенін атап өтті.
Кешті ұйымдастырушы студенттер батырдың суреттері, «Арулар отты жылдарда», «Шығыс шынары», «Әлия — ғасыр аруы» сынды кітаптар мен Әлия туралы жазылған газет қиындыларынан көрме жасақтаған.
М.ТАБЫН.





