Мерейтой иесіне құрмет

Белгілі ақын, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мейірхан Ақдәулетұлы биыл 75 жасқа толып отыр. Осыған орай «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның пресс-клубында мерейтой иесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, ақпарат саласының ардагерлері мен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің ұжымы қатысты.
Шараны облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай жүргізіп, Мейірхан Ақдәулетұлы кезінде басшылық еткен «Алтын Орда» газеті қазақ баспасөзіне ерекше үлес қосқанын, одан бергіде қос басылымның таралымы артқанын, ал шығармашылық жолында ақынның бірнеше еңбегі, оның ішінде соңғы жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2-томдығы жарыққа шыққанын атап өтті.
Жиында алдымен сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан өңір басшысы Асхат Шахаровтың мерейтой иесіне арнаған құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапты.
— Ақтөбе халқы әрдайым ақын-жазушыларын ерекше құрметтейді. Бұл ретте сіздің орныңыз бір бөлек. Біз сіз сияқты танымал тұлғаларды күнде көріп жүрмегенімізбен, сырттай сыйлап, мақтанамыз. Әрдайым тілекшіміз, аға ретінде құрмет тұтамыз. Мейірхан ағаның өзі айтқандай, уақыт тез өзгереді, жылдам ауысады, жас қартаяды. Дегенмен адамның көңілі қашанда жас. Сондықтан сізге осы мерейлі жасыңызға тек жақсылық тілейміз. Алдымызда өзіңіз сияқты ағалар болмаса, бізге бағыт берер ешкім болмас еді. Сондықтан асқар таудай ағаларымыз аман болсын! — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов жүрекжарды лебізін жеткізіп, Мейірхан Ақдәулетұлына «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» төсбелгісін табыстады.
— Өңірімізде Мейірхан Ақдәулетұлын білмейтін адам кемде-кем. Тіпті бұл кісіні бүкіл ел біледі. Өйткені қазақтың баспасөзіне, әдебиетіне қосқан үлесі көп.
Меніңше, қай кезде де ұжымымен бірге болып, сыйласқан адамға содан артық мәртебе, абырой жоқ деп ойлаймын. Сіздің бүгін сол ұжымыңызға қайта келіп, осылай ортамызда отыруыңыздың өзі — бір бақыт, еңбегіңіздің жемісі. Сондықтан сізге зор денсаулық, шығармашылығыңызға толағай табыс тілеймін, — деді ол.
Басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин сөз сөйлеп, мерейтой иесіне барша ұжымның атынан алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
— Біз қай кезде де Мәкеңмен мақтанамыз. Сіздің баспасөзге, оның ішінде осы ұжымға сіңірген еңбегіңіз орасан зор. Қазір өткенге көз жүгіртсек, сонау 2000 жылдары сіз басшылық еткен «Алтын Орда» газеті сол кезде 26 мың таралыммен таралған екен. Халық біледі, сол газет көпшілік сүйіп оқитын басылым болды. Республикалық басылымдардан кейін сіз осы серіктестікті басқардыңыз. Осы ұжыммен ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істедіңіз. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін жаңа арнаға шығаруға бағыт сілтеп, заман ағымына қарай тың тақырыптарды қозғауды мақсат тұттыңыз. Міне, бүгінде осы ұжым абыройлы еңбек етіп, қызметін жалғастырып келеді. Өткен жылы «Ақтөбе» газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Жалпы, біз Мәкеңді қазақ баспасөзінің қара нары десек те болады. Сондықтан бүгінгі мерейлі жасыңыз құтты болсын! Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын! Шығармашылықта әлі де табыстарға жете беріңіз, — деді Р.Отыншин.
Сондай-ақ кеште белгілі ақын, «Үштаған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, ардагер журналист, Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиұлы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, т.б. құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін жеткізді. Ал серіктестік қызметкері Азамат Жалмағанбетов әннен шашу шашып, кешке жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.
Шара соңында кеш қонағы Мейірхан Ақдәулетұлы жиналғандарға ризашылығын білдіріп, шараны ұйымдастырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинге алғысын айтты. Сондай-ақ мерейтой иесіне арналып жасақталған кітап көрмесі таныстырылды.
Айта кету керек, Мейірхан Ақдәулетұлы 1950 жылы 10 мамырда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітірген. Еңбек жолын шопандықтан бастап, тракторшы, Қарабұтақ ауданы комсомол комитетінде қызметкер болған. Одан кейін «Жаңа өмір» газетінде тілші, «Пионер» журналында аға редактор, «Арай-Заря» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, «Қаржы-Қаражат» баспасының бас редакторы, «Дәуір-Время» газетінің бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Алтын Орда» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Ұзақ жылдар бойы «Шамшырақ Ақтөбе» ЖШС-ын басқарды. «Бастау» (1980), «Шырақ ғұмыр» (1984), «Жалғыз досым — жүрегім» (1990), «Дәруішнама» (1996) кітаптарының авторы.
Баспасөз және әдебиет саласына қосқан сүбелі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығымен, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері және Қазақстан Жазушылар одағының Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлығының лауреаты.
Данагүл ҚАЗИХАН.
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ
Өкініш
(Қарттың монологі)
Дүние-ай…
дүбірлетіп шайқап едік,
Тағдырдың ұсынғанын қайта беріп…
Бүгін, міне,
бас білген қойторымыз
қытықтары басылған, сайтаны өліп.
Аңға шықса ілетін аңдығанын,
Қыран едік —
құты едік қанжығаның.
Туырлықтан түсе қап, қараңғыда
Қандырушы ек қалқаның бал құмарын.
Елік-қыздың нұр тамған гүл өңінен,
Есептесіп жатпай-ақ жүрегімен,
Іште жылан жатса да,
іңкәр күліп…
дір қақтырып қысушы ек білегінен.
Мөлдір судан балақты малып ішіп,
Қарап жүріп қақтығыс сағынысып,
Барымтаға барып кеп,
қалмақы ерге
Қайта қонып, тақымың тағы қышып…
Өттің дәурен…
Қайтейін айта беріп,
Шарабынан мәрттіктің шайқап еміп…
…Қарғап қалған Қара қыз!
Құл болар ем
көзіме бір көрінсең қайта келіп!
Мойындау
Ұмыттым бәрін!
Өзгенің ұмыттым бәрін —
Өртенуден соң сөнудің жуық тұрғанын,
Үміттерімді
жоқ іздеп мұнарды кешкен,
Күдіктерімді…
Мұңды да шығардым естен —
Бұл құдіретіңмен сен бәрін ұмыттырасың —
Көзіңмен оқып бір дұға,
күліп тұрасың.
Күліп тұрасың —
жүзіңе көп телміремін,
Өзіме өзім қимастай неткен гүл едің?
Әмірші жоқта жайғасып жақұт тұғырға,
Ханымын құшқан ұқсаймын бақытты құлға!
Дүние-ай…
бұл да баянсыз.
Қалтырап, әрең,
Жазмышпен жаға жыртысар қалпыма келем.
Қалпыма келем —
Мойнымнан білегіңді алам,
Қорғансызым-ай,
теліген тілегін маған.
Ыстық сен жайлы
ыршытқан жасыным қарып,
Сап-салқын ойға оранам батылым барып…
Терезесі ашық жанымның көресілерін
тең бөлісесің —
соныңа көп өкінемін.
Көп өкінемін —
өзім-ақ көретін едім.
Көргісіз отты өзіңе неге тіледің?
«Қып-қысқа-ау ғұмыр,
Қып-қысқа, неғыласың?» — деп,
Қасыңда тұрған өзімді сағынасың кеп!
«Өткінші…» деуге дәтің жоқ,
таңдай қағасың.
Тәттіні татқан Хауадан аумай қаласың!
Аумай қаласың…
Ал мені,
Адам Атаны
сенделткен сезім жетелеп бара жатады!
Қарауыл-Қараой
Қайтпас болдың райдан —
Қарауылда жеңдің, Мұң!..
Қай-қайдағы ой қажытып,
Қарой жаққа телмірдім.
Миым уға малғандай.
Ұғар дейсің қай кісі —
Махамбет пен Абайдан қалған мұра — Қайғысы!
«Ұлы, ұлы…» деп, ұлып біз,
ұлылықтың не екенін
ұға алмаппыз —
қан жұтып, қайғы құсқан Екеуін…
«Қарауылға бардың ба,
қаралы ауыл көрдің бе?!
Қарой жаққа қараумен қара ой жаншып өлдің бе?».
…өлген жоқпыз. Тіріміз (әлі күнге есенбіз!) —
Мәз боласың…
Көргенің мәңгүрт — көктем, мешел күз.
Мұңнан өлген Абайды мақтап бердік қатырып,
Махамбеттің ызасы — мақалаға
тақырып…
«Орыны бар оңалар?» — өнер ме екен ісіміз —
Абылайдың аһ ұрып, ақырғы айтқан түсі — біз.
«Бас-басына би болған» басқаларды білмеймін —
Өзегімді шірітті өрттен қалған күлдей мұң!
Заман — жаңа,
Мұң ескі — екеуінің Көз жасы —
Айқын болды қазақтың арманының
тозбасы!
Қарауылда,
Қайнарда… елесі жүр Абайдың.
Қап-қара түн.
Қамығып Қарой жаққа қараймын…
«Қарауыл — Қарой. Қарой — Қарауыл,
Қара ауыл — қара ой
Қара ой — қара ауыл!..».
Бейуақтағы мінәжат
Ілінерде күннің қызыл кірпігі
дертім менің меңдеді —
Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,
өлтіріспе Сен мені!
Мұса,
Ғайса,
Мұхаммедтің көп ішкен,
тауыспаған кермегін
жұтам үнсіз.
Үмітім жоқ Жеңістен.
…көзімнен сүй сен менің!
Ернім емес,
ет жүрегім кезеріп
жоқ сусынға шөлдеппін.
Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп
«Кеттік!» десе — мен кеттім!..
— Бізге неге баянсызды аңсаттың,
е-ей, есі бар Құдіре-ет?..
…Босқа налып, болмашыға шаршаппын —
көзімнен сүй бір рет!
Түнге сіңіп жоғаламын Мен ертең —
аямайды Сені Көк…
Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем
«Өмір!» деп тұр еңіреп!
… Аллаһу да аяп басар кеуденің
үнсіз айтқан зары бұл —
өмір өзі-ақ өлтіреді.
Сен мені
өлтіріспе, Жарығым!
Көзімнен сүй Сені көріп жұбанған…