Ақби Рақовтың ерлігі неге ұмыт қала береді?


Кейіпкеріміз қобдалық Ақби Рақов 1923 жылы Қобда селосында туған. Әскер қатарына алынған соң Орынбор қаласында танк училищесінде оқып, лейтенант шенімен Украин майданындағы дербес 10-шы танк корпусының 183-ші бригадасы құрамында танк командирі болған. Екінші дүниежүзілік соғысында көрсеткен көзсізерлігі Кеңес Одағының Батыры деген атаққа лайық еді, бірақ ескерілмей, 1949 жылы жиырма алты жасқа толар шағында сал ауруынан қайтыс болды.
Рақовтың зайыбы Клаура Баймұратова да соғыстың алғашқы күндерінен соңғы сәтіне дейін майдан шебінде болған. Ол тіпті Жапониямен болған соғысқа да қатысып, ерлік көрсеткен. 2000 жылғы 7 наурызда «Ақтөбе» газетінде жарық көрген «Ол Жапонияда соғысты» атты мақалада Клаура апамыздың жауынгерлік жолы толық баяндалған.
Жастық шағын майданда өткізіп, өмірдің сан қилы қиыншылығын көрген Клаура апай — «Ару аналар» кітабына есімі енген ардақты адам. Ол жолдасы Ақби Рақовтың ерлігі ұмытылмасын деп, тынбай ізденіп, газет-журналдарда жарық көрген мақалалар мен хаттарды жинап, оларды асыл мұрадай сақтады. Жарының қаһармандығы туралы құзырлы мекемелерге хат жазып, архивтік құжаттарды іздестіріп, әділдікке жетуге тырысты. Өкінішке қарай, талай жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесін көре алмай, 2002 жылы өмірден озды.
Ендігі әңгіме осы екі майдангер, ерлік пен адалдықтың символына айналған Ақби Рақов пен Клаура Баймұратова туралы болмақ.
1941 жылдың 21 шілдесінде Ақби Рақов пен Клаура Баймұратова отбасын құрды. Екеуі де Новоалексеевкадағы орыс орта мектебінде бір партада отырып, он жылдықты бірге аяқтаған сыныптастар еді.
Алайда сол сәттебүкіл халықтың тыныштығын тас-талқан еткен суық хабар кенет жетті. Бар-жоғы он сегіз жастағы Ақби үйленгеніне бір-екі күн өтпей жатып, майданға аттанады. Арада бір жыл өткенде Клаура Мамайқызы да елін қорғауға бел буды. Қасында жетімдер үйінде бірге өскен, бір сыныпта оқыған, тағдырлары өзара ұқсас жан құрбысы Бұрыш Сарбаева болды. Екеуі де Қобда ауданының қыздары еді — Клаура Терісаққаннан, Бұрыш Ақраб ауылынан. Екеуі өз еріктерімен өтініш жазып, 1942 жылдың 15 шілдесінде армия қатарына алынды.Алайда олар мінген эшелон Ақтөбеден батысқа емес, керісінше, шығысқа қарай жол тартты. Пойыз Хабаровск маңындағы «Заветная» станциясына жеткенде командирдің бұйрығымен қос қыз екі жаққа бөлініп, бір-бірімен көз жасын тыя алмай қоштасады. Бұрыш Қиыр Шығысқа аттанып, Клаура Сібірдің ну ормандарының ішінде орналасқан құпия әскери мектепке түседі. Бұл мектеп кіші авиация мамандарын даярлайтын арнайы орталық болатын. Қайсар қыз үш айлық дайындықтан өтіп, пулеметші-механик мамандығын игеріп шығады.
«50-60 градус аяз. Киім жұқа. Қол-аяғымызды бөркімізге тығып жылынатынбыз»,— деп еске алады Клаура Баймұратова. Бірақ, соған қарамастан, қыз-келіншектер мен сарбаздар бір-бірін жігерлендіріп, қиындықты күліп қарсы алуға тырысқан.
Курс аяқталған соң Клаура №761 әуе полкінде пулеметші-механик болып қызметке кіріседі. Міндеті — жойғыш ұшақтардың пулеметтерін тазалап, оқпен толтыру.
1945 жылы көктемде «Жеңіс!» деген сүйінші хабар жеткенде, алғашында ешкім сене алмай қалды. Кейін бәрі қуаныштан құшақтасып, бөркін аспанға атқан.
Соғыстағы ерлігі үшін Клаура апай 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальмен марапатталып, сол жылдың қыркүйегінде елге оралды.
Айта кеткен жөн, соғыс жылдарында әділетсіздіктер де аз болмады. Теңдессіз ерлік көрсетсе де, батыр атағын ала алмай кеткен жауынгерлер қаншама?! Тіпті ұсынылып тұрып, белгісіз себептермен марапатсыз қалғандар да бар.
Мұның да себептері бар… Өздерін «аға ұлт өкілі» санаған кейбір офицерлер өзге ұлт өкілдерінің ерлігін елемеуге тырысты. Бұл тек бейресми пікір емес, нақты мысалдар баршылық.
Лейтенант Ақби Рақовтың ерлігі жоғары марапатқа ұсынылған. Алайда оны бекітуге міндетті болған 10-танк корпусының саяси бөлім командирі, полковник И.Шимановский бұл істі жауапсыз қалдырған. Соның кесірінен Ақби Рақовтың отбасы өмір бойы шындық пен әділеттілікті іздеп өтті, өкінішке қарай, оған жете алмады.
«1943 жылдың күзінде, Днепрдегі Букрин мен Щучинск плацдармында ауыр шайқастар жүріп жатты. Немістер биік шептерге бекініп, пулемет, минометтерімен кеңес әскеріне қарсылық көрсетті. 9-10 қазанда жау бірнеше мәрте шабуылдап, қызыл әскер қатары сирей түсті», — деп жазады 183-ші танк бригадасының командирі капитан М.Ковалев. 12 қазанда 183-танк бригадасы қайта шабуылға шықты. М.Ковалев лейтенант Ақби Рақовқа екі танктің бірімен жаяу әскерге жол ашу үшін жау шебін бұзып өтуге бұйрық береді. Рақов еш тартынбастан, танкімен алға ұмтылып, жау танкілерін гранатамен жойып, 100-ден астам неміс солдатын жер жастандырады. Жау жалғыз қалған танкті нысанаға алып, от пен оқтың астында қалдырады. Танктіңішінен от шығыпжатса да, олалғақарайқозғалаберді. Бірсәттетанктіңөзі де, экипажда көзгекөрінбейқалды. Командирлер дүрбімен бақылап, қатты алаңдайды. Дегенмен таңға жуық 10-танк корпусының резервтегі күштері көмекке келіп, екі күн ішінде Днепрдің жағалауындағы елді мекендер жаудан толық азат етілді. Ақби Рақовтың бұл ерлігі туралы генерал-лейтенант И.Маганов өз кітабында тебірене жазған. Бұл — ерлікке берілген шынайы баға. Сол жауынгерлердің құрметіне Мәскеуде 324 рет артиллериялық салют берілген.
1943 жылдың қазанында Днепрдің Букрин мен Щучинск плацдармында болған он күндік ауыр шайқастан кейін, желтоқсан айында оныншы танк батальонының командирлері мен штаб басшылары қатысқан арнайы отырыс өткізіледі. Бұл отырыста шайқаста ерлік көрсеткен бір мыңға жуық сарбаз орден-медальдармен марапатталып, 43 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Дегенмен түрлі себептермен жеті сарбаз бұл атақтан тыс қалады. Солардың қатарында біздің жерлесіміз лейтенант Ақби Рақов та бар.
Ресми құжаттарда Рақов 1943 жылы 12 қазанда ерлікпен қаза тапты деп көрсетілген. Оның есімі қаза болғандар тізімінде 13-ші болып тіркеліп, сүйегі Киев облысы Радишев ауданының Моностырск ауылына жерленді деп хабарланады. Бұл туралы қара қағаз Клаура Баймұратоваға тек 1945 жылы жеткізіледі.
Алайда Клаура апай бұған сенбей, «Ақби тірі оралады» деп үмітін үзбейді. «Жарымжан болса да келеді деп күттім, бірдеңе сездім»,— дейтін ол кейін де. Ақиқатында, Рақов сол күні танкімен жау шебін бұзып өтіп, лаулап жанып жатқан танкпен жау ортасында ойран салып жүріп, ес-түссіз күйде тұтқынға түскен екен. Бірақ бұл шындық ұзақ жылдар бойы жабулы күйінде қалды.
Лейтенант Ақби Рақов 1943 жылы Днепрдегі шайқаста ауыр жараланып, ес-түссіз күйде немістердің қолына түседі. Жүргізушісі В.Жарковты фашистер атып тастайды, ал шені бар Рақовты азаптап, концлагерьге жібереді. Ақби фашистік тұтқын лагерінде адам төзгісіз қорлық көреді, бірақ үмітін үзбей, аман қалады.
Соғыс аяқталған соң, Кеңес әскері тұтқындарды азат еткенімен, оларды бірден елге жібермей, әрбірінің тұтқынға қалай түскенін зерттеп, үштіктің шешімімен Ақбиді 10 жылға Донбасс шахтасына жерасты жұмысына жібереді. Сонда жүріп ол бірнеше рет Қорғаныс министрлігіне жазып, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысады. Ақыры, қаруластарының растауы негізінде 1947 жылы мерзімінен бұрын босап, елге оралады.Алайда елінде оны тағы да қиындық күтіп тұр еді… Көпшілік оны «тұтқыннан келген» деп сырттай шеттетіп, ауыр қара жұмысқа жекті. Физикалық әрі рухани азапқа төзе алмаған Ақби Рақов 1949 жылы бар-жоғы 26 жасында қайтыс болды. Туған жерінен топырақ бұйырғанымен, бейіті де белгісіз қалды.Клаура апа бұл әділетсіздікпен күресіп, құзырлы мекемелерге, жауапты адамдарға сан мәрте хат жазған.
Журналист Сергей Коломенский Мәскеу мемлекеттік тарих-архив институтында жұмыс істей жүріп, әділетсіз ұмыт қалған ерлікті ақтауға бел буады. Ол Подольскідегі орталық әскери архивтен сарғайған құжаттарды ақтарып отырып, лейтенант Ақби Рақовтың ерлігі жайлы нақты рапорттарды табады. Командирлер М.Новиков пен М.Ковалевтің рапорттарында Рақовтың ерекше батылдығы, саяси сауаттылығы мен көзсіз ерлігі нақты жазылған.Бұл деректерге қоса, 1986 жылы шыққан «Героическая оборона Букринский плацдарма» атты кітапта да Рақовтың жанып жатқан танкпен жүзден астам жауды жойғаны, батыр атағына лайық екені айтылады. Осы жинақталғанмәліметтердіңнегізінде Сергей Коломенский 1987 жылы«Студенческий меридиан»журналына«На вечно в наших сердцах»аттыүлкенмақаласынжариялайды. ОндаАқбиРақовтыңфотосуретіменбіргеоныңқаһармандықерлігіжан-жақтыбаяндалады.
Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, жерлесіміз Ақби Рақовтың есімі тарих бетінде лайықты орын алуға тиіс. Оның майдандағы қайсарлығы мен қаһармандығы туралы кезінде Кеңес Одағының беделді басылымдары — «Красная звезда», «Литературная газета», «Казахстанская правда» және «За Родину» газеттерінде жазылды.
1988 жылы генерал-лейтенант Иван Магонов А.Рақовқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныспен Жоғарғы Кеңеске хат жолдаған. Сол кездің өзінде Қобда ауданының «Знамя труда» газеті бұл жаңалықты қуанышпен жария етіп, ауыл тұрғындары батырдың ерлігі жайлы деректер жинақтай бастады. Полковник В.И.Беценко да батыр жайлы мақалалар жазып, кейін ел тәуелсіздік алған соң ел Президентіне хат жолдап, Рақовтың ерлігіне лайық баға беруді сұрады.
Алайда бұл іс аяқсыз қалды. Батырдың зайыбы Клаура Мамайқызы ерінің ерлігі ұмыт қалмасын деп өмірінің соңына дейін күресті, бірақ 2002 жылы арманын орындай алмай көз жұмды.
Жауынгерлердің ерлік ісі ешқашанда ұмытылмайды. Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кезінде еленбей қалған батырларымыздың «Халық қаhарманы» атағын беруді игі дәстүрге айналдырдық. Осы Қазақстанның қаhарман майдангерлері мәселесімен Қазақстанның Еңбек Ері Мәжіліс депутаты, осы Құрылтайдың мүшесі Бақытқожа Ізмұханбетов мырза жетекшілік етеді», — деген еді. Жеңістің 80 жылдығы аясында Ақби Рақовтың ерлігі лайықты бағаланады деп сенеміз.
Жауғашты ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Нұрлыбек КЕРЕЙМАҒАНБЕТОВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қобда аудандық филиалының төрағасы.



