Мереке

Отбасы — басты құндылық

Отбасы күні

Отан отбасынан басталады десек, сол қоғамның бір бөлшегі ретінде отбасының атқаратын рөлі зор. Себебі біз ана ретінде өмірге бала әкелсек, ол баланың тәрбиесінде толыққанды отбасының алатын орны ерекше.Ал бала ертең қоғамның бір белді мүшесі,сондықтанда бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Халқымызда мынадай бір астарлы сөз бар «Үйлену оңай,үй болу қиын» деген,яғни толыққанды отбасын құру үшінөмірдің қызығы мен шыжығына шыдап,күресу үшін де көп кезеңдерден өтесің. Сол кезеңдерден бірге өтіп,бірге ұрпақ тәрбиелеу арқылы сен «терезесі тең,керегесі кең» отбасын құрасың. Осындай салиқалы-салмақты отбасының, ондағы қағида мен құндылықтардың көлеңкесінде әйелдің алатын орны ерекше.Себебі әр отбасының сәнін де,салтанатын да  кіргізетін — әйел адам, қазіргі тілмен айтқанда, ана — отбасына, отағасына энергия беретін оттың көзі.Отбасындағы әдемілік те,жылулық та бәрі — сол ананың қолында. Заманның дамып,алға қарай ілгері жылжып келе жатқан кезеңінде, отбасындағы ерлі-зайыпты адамның да көзқарасы бір бағытта дамуы керек. Соны көріп өскен бала да өз-өзін дамытып,алға қарай ұмытылатыны сөзсіз.Себебі бала — ата-анасының айнасы,сіздің қандай адам екеніңіз балаңызға берген тәрбиеден-ақ көрініп тұрады.Сондықтанда баланы тәрбиелеу үшін бірінші өзімізді тәрбиелеуіміз керек.Қазақи құндылықтарды сақтай отырып,дініміз бен тілімізге,әдет-ғұрпымызға көп көңіл бөлсек,өскелең ұрпағымыз да соны жалғастырары сөзсіз. «Ұяңда не көрсең,ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған ғой. Ұлды ұяға,қызды қияға қондыру — әр ата-ананың арманы,солардан  тараған ұрпақты көру,оны барынша тәрбиелеу арқылы ұрпақ жалғастығын дамыту тек қазақ отбасындағы орны толмайтын құндылық деп ойлаймын. Үлкенге құрмет,кішіге ізет көрсету де — біздің басты қасиетіміз.Отбасы күніқарсаңында әрбір қазақ отбасына қазақи болмысымызды жоймай, қанымызға,тәнімізге сіңген құндылықтарды бағалап,баптап кейінгі ұрпаққа аманат етейік дегім келеді. Қазіргі тіл мен дәстүрдің тағдыры таразыға түсіп тұрған уақытта, менің тілім — менің тағдырым деп, кеудесіндегі жүрегімен сөйлейтін, әдет-ғұрпымызды,дінімізді қадірлейтін білімді,мәдениетті ұрпағымыз болсын!

Жанар ЖАКЕЕВА,

Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған  мектеп-интернат-колледжі тәрбиешісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button