Өнерлі өрендер — өңір мақтанышы


Бүгінде түрлі салада жетістікке жетіп, өңір абыройын асырып жүрген өрендер көп. Олар — білім мен өнерде үздік, жан-жақты, ұлт үмітін ақтайтын ұрпақ.
Отбасы күні қарсаңында назарларыңызға ел алдында жарқырап жүрген осындай өнерлі, білімді балалар жайлы олардың аналарының жүрекжарды жазбаларын ұсынамыз. Бұл — ананың баласына деген мақтанышы мен махаббаты, тәрбиенің тағылымы жайлы әңгіме.
Үш перзентім — үмітім
Ана — үнсіз батыр, мүмкін, өз ерлігін елемейтін мейірім иесі. Әйтеуір, ана ешқашан жасаған жақсылығын да, көрген қиындығын да сөз етпейді. Тек әр таңын шүкіршілікпен бастап, әр кешін қамқорлықпен аяқтайды. Ананың басты марапаты — баласының бақыты мен амандығы.

Өмірде кейбір шындықтарды тек уақыт өте келе, белгілі бір кезеңде ғана терең ұғына бастайсың. Мен үшін сондай ақиқаттың бірі — анамның ұлылығы мен қажырлы еңбегі. Бұл шындықтың мәнін мен тек өзім ана атанған кезде ғана толық сезіндім.
Мен үшін ана болу мен журналист болу — өмірімнің екі үлкен тірегі. Ана — ұрпақ тәрбиесінде, ал журналист — шындық жолында күрескер. Екі бағыт та менің өмірлік таңдауларымның ең бағалысы болды.
Тағдыр тартысында көзіме қуаныш сыйлайтын, жаныма медет, жүрегіме жылулық беретін жандар бар. Олардың мінезі де әртүрлі: бірінің мінезі — оттай ыстық, екіншісі — судай мөлдір, үшіншісі — арман мен қиялдың жетегінде. Кейде соларды бақылап отырып, өзімді үштүрлі әлемде жүргендей сезінемін.
Жиырма бір жыл бұрын алпыс екі тамырымды идіріп, ана деген атаққа ие қылған Әлішер балам қазір Қазақстан-Британ техникалық университетінде тәлім алады. Жанымның саясы, үйіміздің гүлзар бағы Перизат — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 1-курс студенті.
«Тоғыз ұлым — бір төбе, Ертөстігім — бір төбе» демекші, сүт кенжем Әлихан туғаннан-ақ бөлек бітімімен, тумысынан жұртты елең еткізер бір ерек мінезімен көзге түсті. Бала болғанымен ойы — дана, жаны — нәзік. Қаламыздағы №51 гимназияда оқиды. Ол: «Музыкада — шабыт, ағылшында болашақ бар», — дейді. Сан саланы қаршадайынан меңгеріп, әр кез дамуға ұмтылады. Өнерлі отбасында ержеткен кенжеміз сахнаның төрінде, дифеленің бойында болмысын бағамдап келеді. Талай додаларда топ жарып, байқауларда жеңіске жетті. Әр сағатын жоспарлап, келешегінің кемел болуын осы бастан ойлайды.
Ана жүрегі — үлкен әлем. Ол әлемде реніш те, мұң да, үміт те, қуаныш та қатар тұрады. Бірақ бәрінің түбінде махаббат жатыр. Қай кезде де, қандай жағдайда да сол үш перзентім үшін үнсіз күресе беремін. Себебі олар — біздің болашағымыз, үмітіміз.
Бибігүл БИМАНОВА.
Өнерлі Аида
Мен бақытты анамын, себебі менің ақылына көркі сай, бар өнерді бойына жиған Аида есімді қызым бар. Аида 2010 жылдың 9 сәуірінде дүние есігін ашты. Кішкентай бүлдіршін кезінен бастап ыңылдап ән айтқанын байқап, өнерден кенде емес екенін түсіндік.

«Болам деген баланың бетін қақпай, белін буатын» ұстанымды алға тартып, Аиданы 4 жасында вокал үйірмесіне алып бардық. Өнерге деген құлшынысы мен Алланың берген дарынының арқасында ұстаздары үйреткен барлық сабақты жылдам қабылдап отырды. Алғашқы жеңісі де өзін көп күттірмеді, 2014 жылы Алматы қаласында өткен «Бала дауысы — 2014» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Аида одан кейін де көптеген байқауларды бағындырды. Мәселен, «Talanttar syr shertedi — 2022», «Zhuldyzdy festival», «Атадан мұра» республикалық ән байқауларында топ жарып, жеңімпаз болды. «Мен де жұлдыз боламын — 2024» республикалық ән байқауында I орынға ие болып, Түркия мемлекетінде өтетін ән фестиваліне жолдама алды. Сондай-ақ «Бастау — 2023», «Жастар VII» республикалық байқауларында бас жүлдеге ие болды.
«Өнерлі бала жол талғамайды» демекші, қызым әншіліктен бөлек, театр әлеміне де қатты қызығады, 2022 жылы өткен «Атадан мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған V республикалық «Дарабоз», 2022 жылы өткен «Ақжелең V», 2023 жылы өткен VII республикалық «Жарық жұлдыз», V республикалык балалар мен жасөспірімдер арасында өткен IQ STAR-2023, дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жұлдыз болғың келсе…» атты республикалық байқауларында жеңімпаз атанды. Аталған жетістіктер қызымның ұшан-теңіз жетістіктерінің бір сыпырасы ғана.
Қазіргі таңда қызым Ақтөбе қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінің 9-сыныбында оқиды. Білім ордасында да қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, мектеп мақтанышына айналды.
Өнер әлеміне сапар шеккен қызымның алар асуы мен бағындырар белестері әлі көп екендігіне сенімім мол. Перзентіңнің жетістікке жетуі, өмір жолында алған азығын өнер жолына пайдалана алуы ана жүрегіне шынайы қуаныш сыйлайды. Артылған үміт пен жасалған еңбектің текке кетпегендігінің тағы бір дәлелі осы секілді. Мен қызымды мақтан тұтамын!
Лаура АЛДОҢҒАРОВА.
Даянам — дзюдошы
Әлемдік додада жүлделі болу үшін спортшыға үлкен жүрек қажет. Мұны менің дзюдошы қызым — Ақтөбе қаласындағы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектептің 6 «В» сынып оқушысы Даяна Нұрбекова жақсы түсінеді.

Көк байрағымызды әлемдік спорт ареналарында биік ұстап жүрген саңлақтарымыз аз емес. Жүрегінде намыс оты ұшқындаған жас өрен сондай мықтылардың жолын таңдаса, сол жолда табандап, даңқын төрткүл дүниеге танытары сөзсіз. Осындай мақсатта қызымды сабақтан тыс уақытында қосымша спорттық секцияға апардым.
Қызым Даяна жеті жасынан дзюдо спортына қатысады. Бастапқыда қиын болды. Қазір едәуір үйренген, ысылған, көп еңбектеніп, дзюдоның түрлі әдіс-тәсілдерін меңгерді. Көптеген спорттық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Орынбор қаласында Ресей Федерациясының сенаторы А.Шевченко жүлдесіне арналған дзюдодан өткен өңіраралық жарыста 30 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орынға ие болды. Ташкент қаласында өткен «Judо Sport Clubs Cup» халықаралық турнирінде тамаша нәтиже көрсетіп, І орын алды. Атырау қаласында наурызда кіші жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен жарыста 27 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
Жетістікке тер төкпей жету мүмкін емес. Спортшы қызымның жеңісі — еңбекқорлық пен патриотизмнің, күш-жігердің тамаша үлгісі. Даянаның осы жеңістері мыңдаған ұл-қыздарымыздың дзюдо спорт түріне деген қызығушылығын оятады деген сенімдемін.
Білімді жастар еліміздің көк туын көкте желбіретіп, ата-аналарының, ұстаздарының үмітін ақтап, ел намысын қорғап, биік шыңдарды бағындыруға тиіс. Осыны мақсат тұтқан анамын. Иә, ананың баласының татамидегі күресін қарай алмауы заңдылық. Өзі мықты, жүрегі нәзік анаға баласының әрбір алған соққыларын көру де ауыр, әрине. Алайда әке жолын қуып, дзюдоны таңдаған Даяна Елдос Сметов секілді Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Біз тілекшіміз.
Назгүл САҒЫНАЕВА.
Ізденімпаз Кәусар
Адам өміріндегі ең үлкен бақ — перзенті. Оның әрбір жетістігі — ата-анаға қуаныш, мәртебе және мақтаныш. Бүгін мен қызым — М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 10 «ә» сыныбының оқушысы Кәусар Өмірбек туралы айтуды жөн көрдім.

Білімге, өнерге, руханиятқа құштар, ізденімпаз қызымның тынымсыз еңбегінің арқасында жетістіктері де жетерлік. Жеткен биіктері — тек өз табандылығының емес, сонымен қатар ұстаздары сіңірген еңбегі мен мектебі берген білімінің жемісі.
Ол тарих пәнінен облыстық ғылыми жоба байқауында ІІІ орынға ие болды, бұл оның зерттеушілік қабілетін көрсетсе, «Туған жерім — шағын Отаным» бейнеролик байқауындағы жетістігі — туған еліне деген сүйіспеншілігінің айғағы.
Кәусар тек ғылымда ғана емес, шешендік және пікірсайыс өнерінде де биіктерді бағындырып жүр. Мәселен, «Таланттылар алаңы», «Абырой CUP 2», «125 CUP III», «Ұшқыр ойлар тартысы», «Тіл — ұлттың қазынасы» сынды пікірсайыс турнирлерінде жүлделі орындар алып, білім мен логиканың қатар жүретінін дәлелдеп келеді. Республикалық «Ел үміті — 2024» байқауының финалисі атанды.
Кәусар тек ғылым мен шешендікте ғана емес, өнерде де өз талантын танытып жүр. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен Түркістан қаласындағы халықаралық «Жұлдыздар шеруі» байқауында «Аспаптық өнер» номинациясы бойынша гран-приді жеңіп алуы — оның өнер саласындағы үлкен жетістігі. Сонымен қатар ол республикалық «Қызғалдақтар әлемі» фестиваль-байқауында да «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды. Бұл жетістіктердің артында үлкен еңбек, маңдай тер, үздіксіз ізденіс жатыр. Әсіресе осындай дарынды шәкіртті қолдап, бағыт берген Ақмарал Шамова, Қымбат Жалғасова, Нұрболат Амангелдіұлы сынды мектеп мұғалімдерінің еңбегі зор. Әр пән мұғалімі Кәусардың бойындағы қабілетті дамытып, білімге деген ынтасын арттыра білді. Олар тек сабақ беріп қана қоймай, әр жетістігіне бірге қуанып, демеу болды.
Мен анасы ретінде Кәусардың осындай нәтижелерге қол жеткізуіне себепкер болған ұстаздарға шексіз ризашылығымды білдіремін. Білім мен тәрбие қатар жүрсе ғана тұлға толық қалыптасады. Ұстаз еңбегі ұлт болашағына салынған алтын көпір екенін жүрегімізбен сезіне білейік.
Айдана ӘБДІҚАДЫРОВА.
Азаматымның арманы
Дүниеде ананың перзентіне деген махаббатынан құдіретті күш жоқ. Ұлымыз Азамат бізді қуантудан жалыққан емес. Мектепке алғаш барған күннен бастап есепке жүйріктігімен, шапшаңдығымен көзге түсіп, қуанта бастады. Азамат ылғи: «Анашым, мен өскенде әскери қызметкер боламын, елімнің тыныштығын күзетемін» деп айтатын.

Былтыр ақпан айында Азамат оқитын №65 орта мектепте Ж.Кереев атындағы «Жас сарбаз» сыныбы ашылып, қатты қуандым. Бірде ұлым алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі өзін взвод командирі етіп сайлағанын айтып, бейне бір қызметке тағайындалғандай қуанып келгені бар. Әкесі де мұның тек мықты жігіттерге сеніммен берілетін міндет екенін айтып, оны одан сайын жігерлендірді, жауапкершіліктің еселене түсетінін түсіндірді.
Отбасымызда әскери қызметкер жоқ. Әкесі Нұриняз Бегалиев — электрик. Мен бала тәрбиесімен үйде отырмын. Азамат — үйдегі бес баланың екіншісі. Алдында ағасы бар және үш қарындасы өсіп келеді. Ол бауырларына қамқор. Азамат сабақтан тыс уақытта «Жас сарбаз» сыныбынан бөлек, аптасына екі реттен домбыра, хор, футбол және әскери туризм үйірмелеріне қатысады.
7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Астана қаласында өткен үлкен шарада балам Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Ержан Сәденовтің қолынан үлкен сахнада Алғыс хат алды. Баламды бейнероликтен көріп отырып, ана жүрегімде мақтаныш сезімі пайда болды. Тіпті қуаныштан жыладым. Осындай іс-шараға қатысуға мүмкіндік туғызған облыстық білім басқармасына, облыстық полиция департаментіне, №65 орта мектептің директоры Марфуха Жантуринаға және мектеп ұжымына ризашылығым шексіз. Осыдан соң Азаматымның әскери қызметкер болатынына сенімдімін. Балама аналық жүрегімнен ақ жол тілеймін, ұстаздарына мың алғыс!
Айгүл БИСЕНАЛИНА.
Айтыскер Арай
Қызымыз Арай — Ш.Құдайбердіұлы атындағы №66 орта мектептің 11 «Ә» сынып оқушысы, үздік аттестатқа үміткер. Ол 2008 жылы 29 қарашада Ақтөбе облысында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Сайлау Сәрсен — көлік инженері, мен мұғаліммін.

Арай — өнерлі әулеттің өкілі, сөзге шешендігі аталарынан берілсе керек. Қызымыз кішкентайынан ашық, ойы ұшқыр, өнерге жақын, тез достасып кетеді. Кішкентайынан логикалық есептерге қызығатын ол шахматты тез үйреніп алды.
Мектепішілік жарыстарда бас жүлде алып, қалалық кезеңдерде жүлдегер атанды.
Жан-жақты, ізденімпаз Арай тек қана сабақпенен шектеліп қоймай, домбыра, фортепиано, гитара, дәстүрлі ән, айтыс үйірмелеріне қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Дәстүрлі ән жанры бойынша бірнеше рет республикалық жеңімпаз атанды. Мысалы, «ЖасStar» VI республикалық музыкалық өнер байқау-фестивалі «Дәстүрлі ән, жеке орындау» номинациясы бойынша гран-при иегері. Сонымен қатар қазақтың ұлттық өнері — айтыс үйірмесіне қатысып, қалалық, облыстық, республикалық жас ақындар сайыстарында жүлделерге ие болып, мектебіміздің, Ақтөбенің атын шығарып жүр. Мәселен, «El umiti» қоры ұйымдастырған жас ақындар арасындағы «Айтыскер» І республикалық байқауында бас жүлде жеңіп алды. Республикалық «Қола домбыра» айтысының облыстық кезеңінде бас жүлдеге, республикалық кезеңінде екінші орынға ие болды. Осы жетістіктің бәрінің артында Арайдың ұстаздары — Нұрболат Даутов, Әния Бекмағамбетова, Гүлмарс Аманбаевалардың еңбегі тұр. Домбырасын арқалап жүрген патриот қызым сыныптастарымен, өнерде жүрген үлкен-кіші замандастарымен жақсы қарым-қатынаста.
Отбасында үлкені болғандықтан ба, бауырларын алға ұмтылуға, ізденісте болуға жетелейді. Мәселен, соңынан ерген інісі Нұрадин Илияс та бірнеше рет оқушылар арасында облыстық айтыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Махаббат УРИШАНОВА.
Асылайымның жетістігі
Мен Ақтөбе қаласындағы №50 орта мектептің 11-сынып оқушысы Асылайым Кеңестің анасымын. Бүгін қызымның жеткен жетістіктері туралы сөз қозғайтын мүмкіндік туып отыр екен.

Әрине, ана ретінде әр перзентім мен үшін дара тұлға. Соның ішінде жалғыз қызғалдағым — Асылайымның білім жолындағы ауыз толтырып айтарлықтай бағындырған белестері мендегі қуанышты еселейді.
Қызым ана тілінің қасиетін сезініп, осы бағытты таңдап отыр. Тұлымшағы желбіреген шағынан-ақ баламның бетін қақпай өсіруім, оның ойының қағаз бетінде болсын, көптің алдында болсын еркін өріс табуына, қызымды ерте кезден өзінің күшіне сендіре алуым, оның шын дарынға тән өжеттілігіне ұласты.
Бүгінде шаңырағымыздың төрінде ілініп тұрған әр мадақтама, әр медаль артында Асылайымның білімі, жігері, сабыр, мінезі тұр. Бағына жолыққан, өз кәсібінің кемеріне жеткен ұстаздардың да қызыма берген ілім, тағылымдары мол болды. Кейде қызымның асығы алшысынан түспей, жеңіс тұғырынан тайған сәттері ана жүрегімді шымшып өтеді. Алайда әрдайым балама деген алып сенімім аласарған емес.
Асылайымның жетістіктерінің ең айтулысы һәм жаңасы — республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасынан күміс медальмен қатар, Еуразия Ұлттық университетіне, өзі таңдап, жан дүниесімен қалап отырған журналистика мамандығына жеңіп алған оқу гранты. Елордадан зор қуаныш алып келген аяулы қызым мектеп қабырғасындағы жылдарын осындай әдемі түйінмен аяқтағалы отыр.
Әр ана үшін өз баласы — жеңімпаз. Балама деген махаббатым оның шыққан шыңдарымен өлшенбейді. Мен үшін баламның аман-сау бой жетуінің өзі — зор бақыт. Мен берген бар игіліктің өтемі тек мақтаныш пен орындалған арман болып қайтып жатқандығы қуантады. Расында, мен бақытты анамын!
Бейбітгүл ҚУАНЫШЕВА.
Білімге құштар Гүлдидар
Мен, Гүлшат Бижанова, қызым Гүлдидар Бегімбаева туралы мақтанышпен айтамын. Гүлдидар 2007 жылы 20 маусымда Ақтөбе қаласында дүниеге келді. 2014 жылы №55 орта мектеп-гимназияның 1-сыныбына қабылданып, қазіргі таңда осы білім ұясының 11-сыныбында оқиды.

Гүлдидар — тәртіпті, ақылды, білімге құштар. Оның білім жолында жеткен жетістіктері көп. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінен география пәні бойынша І орынды жеңіп алды. 2022-2023 оқу жылында республикалық І.Жансүгіров оқуларының қалалық кезеңінде — І орын, облыстық кезеңінде — І орын, республикалық кезеңінде жеңімпаз атанды. «Ақберен» байқауының қалалық кезеңінде — І орын, 2023-2024 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінен өлкетану секциясы бойынша І орын, 2024-2025 оқу жылында «Тарих Ата» олимпиадасында екінші орын иеленді. Сондай-ақ осы оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде қазақ тілі пәні бойынша ІІ орынға ие болды.
Қызымның тағы бір үлкен жеңісі — республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде қазақ тілі пәні бойынша екінші орын алуы. Сонымен қатар ол республикалық «Абайтану» олимпиадасының қалалық кезеңінде үшінші орын, ал Абай оқулары байқауында қалалық кезеңде бірінші орынды иеленіп, облысқа жолдама алды.
Гүлдидардың білімге деген құштарлығы мен табандылығы мектептің абыройын көтеріп, болашаққа деген үмітін арттыратыны сөзсіз.
Гүлшат БИЖАНОВА.



